АҒАЕВТЫҢ АҚИҚАТЫ: Тұтқындар неге ақталмайды?
ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚУҒЫН-СҮРГІН КЕҢЕС ОДАҒЫНДАҒЫ МИЛЛИОНДАҒАН АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫНА ТАҢБА САЛДЫ. ҚАЗАҚСТАНДА 100 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖАЗЫҚСЫЗ СОТТАЛЫП, ОНЫҢ ТӨРТТЕН БІРІ ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛДІ. НЕБІР ЗОБАЛАҢДЫ КӨРСЕ ДЕ, ХАЛҚЫМЫЗ РУХЫН АЛАСАРТҚАН ЖОҚ. ӘРИНЕ, ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН БЕРІ БІЗ АРЫСТАРЫМЫЗДЫ АҚТАУҒА КІРІСТІК. ДЕГЕНМЕН, САН МЫҢДАҒАН ТАҒДЫР КҮҢГІРТ БӨЛМЕЛЕРДЕГІ ТОЗЫҒЫ ЖЕТІП, САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРҒА ӘЛІ ДЕ ТӘУЕЛДІ. МІНЕ, ЕЛДЕ САЯСИ ҚУҒЫН КӨРГЕН ЖАНДАРДЫҢ ТАҒДЫРЫН БЕЗБЕНДЕП, АНЫҚ-ҚАНЫҒЫН АЙҚЫНДАУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫСТЫҢ БАСТАЛҒАНЫНА ДА ЖЫЛ ЖАРЫМДАЙ УАҚЫТ ӨТТІ. БІРАҚ ШЫНДЫҚТЫҢ ҚҰЛПЫН БҰЗУҒА ҚАУҚАРЫМЫЗ ЖЕТЕ АЛАР МА?! СҰРАҚ – ОСЫ!..
– Аққали Қабижанұлы, ел аумағын айтпағанда, Ресейдегі кезкелгеннің қолы жете бермейтін біраз архивтің «шаңын қағып», тарихтағы ақтаңдақтарды айтып та, жазып та келесіз. Бір түсініксіз жайт – Түркістан легионына қатысты. Оның құрамында болғандардың бірқатары толық ақталды. Әйтсе де, Мұстафа Шоқай мен Әлихан Ағаевтың атын естігенде, кейбіреулер үкідей үрпие қалады. Неге?
– Ел тарихында екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Мұстафа Шоқай мен Әлихан Ағаевқа деген көзқарастың тым ызғарлы екені рас. «Бірі – Түркістан легионын құрушы, ал екіншісі – сонда қызмет еткен сатқын, жау диверсанты» деген қасаң түсінік, жаулық пиғыл әбден орныққан. Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтардың бірі де сол. Біз екінші дүниежүзілік соғыстың тұтқындары және Түркістан легионында жұмыс жасаған жерлестеріміз жөніндегі мәліметтерді өте аз білеміз. Тіпті, олардың көпшілігі еріксіз қызмет еткенін де ескермейміз. Қазір тұтқынға түскендер туралы сыбыс болса, олар бізге «сатқын» болып елестейді. Санамызға ондаған жылдар бойы құйылған коммунистік теріс идеологияның жемісі бұл. Ал, оны түгелімен жаңартатын әр адамның өзі екеніне еш мән берілмейді. «Түркістан легионы» тақырыбында 1968 жылы шыққан Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы 1972 жылы орыс тілінде жарық көргенде, жапатармағай оқыған сол дәуір ұрпағы бұл еңбектің қызыл империяның саясаты тұрғысынан жазылғанын түсінген жоқ. Ең өкініштісі, кітаптың «жаны сірі» екен. Себебі, тапсырыспен жазылған туындының өміршеңдегі сұмдық. Ондағы ойдан шығарылған кейбір дәйектерге аға буын өкілдері әлі күнге имандай сенеді. Ал, архив материалдарымен танысып, ой елегінен өткізіп, саралап көрсеңіз, басқаша ой толғайтыныңыз анық. Алланың өзі кешірсін. Бірақ тарихшы эмоция мен сезімге берілмеуі тиіс. Әлихан Ағаев адам шошитындай, «соры қайнаған» тарихымыздан шеттететін адам емес еді. Құдайым-ау, ол айдарынан жел ескен, кекілді түркі ұрпағы. Степан Бандера сияқты «сұмпайы» болса бірсәрі, қарғыс айтып, ағаш атқа теріс мінгізіп жіберер едік. Абырой болғанда, Кеңес Одағы ыдырап кетті. Әйтпесе, соған «ренішті» кейбіреулер үшін Мұстафа Шоқай, Әлихан Ағаев, әскери тұтқындар мен легионерлер – «халық жаулары». Олар туралы сөз қозғасаңыз мүлдем ұмытылып, шоғы сөніп бара жатқан қоламтаны үрлеген нағыз арандатушы болып кетесіз. Шындығында, сол қоламтаны өшірмей, маздатушы да үрлеуші кәсіби тарихшылар болуы керек. Үрлей беру керек, үрлей беру керек!..
– Сонда олардың еш кінәсі жоқ па?..
– «Сүттен ақ, судан таза» деп айта алмаймын. Бірақ осыншама уақыт бойы архивке салып «құлыптап» тастайтындай кінәсі жоқ. Өйткені, Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионын құруға немесе Кеңес Одағына қарсы қандай да бір барлаудиверсиялық әрекеттерге қатысының жоқтығы соғыстан кейінгі жылдары-ақ тәптіштелген тергеу барысында толық анықталды. Ресей Федерациясының Мемлекеттік әскери архивіндегі құжаттарға сүйене отырып сөйлесек, 1948 жылдың 18 маусымында КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігі өзінің Берлиндегі 4-оперативтік секторының 2-бөліміне Шоқайға байланысты «Наличие компрометирующих материалов» деп, құпия сұрау салғанда, «Берлиннің СВ оперативтік-анықтамалық картотекасында ондай мағлұматтар жоқ» деген жауап алыпты. Оған дәлел-дәйек бар. Ал, Әлихан Ағаев – ұлтының тәуелсіздігін, елінің азаттығын аңсаған қайраткер. Оған дәлелді архивтегі НКВД материалдарынан көруге болады. «Алаш» қосынының сарбаздарына арнап сөйлеген сөзінде ол: «Біз бұдан былайғы жерде Түркістан легионының құрамында емеспіз. Біз бөлек әскери қазақ тобы болып саналамыз. Біз Германия үшін 600 грамм нанға бола соғысатын Түркістан легионерлері сияқты емеспіз, біздің міндетіміз – Кеңес Одағының тылында күрес жүргізіп, қазақ халқын Кеңес өкіметінің бұғауынан босатып, Қазақстанда тәуелсіз мемлекет құру. Сондықтан, біздің қосынның атауы – «Алаш». Түркістан легионынан айырмашылығымыз – Қазақстанда бұрын болған «Алаш» партиясының символ-эмблемасын (1-сурет) тағуымыз», — деген. «Алаш» қосынының сарбаздары әскери тәртіп бойынша бір-бірімен «Алаш» деп сәлемдескен. Қосынға «Алаш» туын Құрбан айт мерекесіне орайластырып тапсыруының да өзіндік мәні бар деген ойдамыз.
– Онда біз мұны кімнен жасырып жүрміз?
– Әлихан Ағаевтың есімі аталса қорқып, үрей құшағанда жүрген ұрпақтары ол туралы мәліметтердің ғаламторда толып тұрғанын біле ме екен?! Әй қайдам!.. Ресей сайттарында ашық жарияланған Түркістан легионы туралы құжаттар мен фотосуреттер көп-ақ. Ал, біз оны жасырып әлек болып жүрміз. Осындайда жел диірменімен алысқан Дон Кихот еріксіз еске түседі. Бүгінде Әлихан Ағаев қазақ баласы үшін қара қасқа атты Қамбар немесе Алпамыс батырлар емесі бесенеден белгілі. «Әлихан Ағаев жұмбақ та сұмдық адам» деген пікірдің жас ұрпақ түгілі, аға буынның санасына сіңіп қалғанына, міне, 80 жылға жуықтап отыр. Демек ол, бүгінгі күнгі «модный» сөзбен айтсақ, – феномен!.. Бірақ «жабық» тақырып. Абсурд!..
– Тарихшы ретінде мұның себебін немен түсіндіруге болар еді?
– 1944 жылдың мамырында облыс аумағына түскен Ағаевтың диверсиялық тобы туралы республикалық баспасөз бетінде ең алғаш қалам тартқан «Ленинская смена» газетінің журналисі Геннадий Бочаров болатын. Газеттің 1963 жылғы 19 желтоқсан күнгі санында «Эти материалы публикуются впервые» айдарымен «Фашистский десант в Казахстане» деген мақала жарық көріпті. Бір қызығы, мақаланы оқыған Қазақстан Жазушылар одағының Гурьев облысындағы бөлімшесінің бастығы, белгілі жазушы Берқайыр Аманшин болашақ фильмнің сценарийін жазу мақсатында «Ағаев ісі» құжаттарымен танысуға архив басшылығынан рұқсат сұрайды. Сол уақытта диверсанттар ісімен танысып, кітап жазуға дайындалып жүрген Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің қызметкері Серік Шәкібаев Аманшиннің бұған араласуын құп көрмеген. Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты еңбегі толымсыз мәліметтермен осылайша жарық көрді. Егер Берқайыр Аманшин фильмнің сценарийін жазып шыққанда, «қызыл көздердің» өре түрегелетіні анық еді. Әрине, бұл – менің б о л ж а м ы м . Б і р а қ ақиқаты да осы. Себебі, диверсанттар ісімен танысқан жазушы сол кезеңдегі «қалыпқа с ы й м а й т ы н » сценарий жазып шығуы бек мүмкін еді.
– Қалай ойлайсыз, бұл тақырып жуық арада ашыла ма?
– «Бұл – жабық жатқан тақырып. Сірә, жуырда ашыла қоймас. Қызығып жүрген ешкім жоқ. Бәрін көтеруге жалғыз менің әлім жетпейді», – деген екен сонау тоқсаныншы жылдардың басында Мюнхендегі «Азаттық» радиосының редакторы Хасен Оралтай. Легионер жерлесіміз Ғайпен Бейісовке 2003 жылдың 10 желтоқсан күні Германиядан жазған хатында Х.Оралтай: «…Кітабыңызда тағы бір қомақты кітап жазылуын қажет ететін көп тарихи деректер берілген, тіпті бір емес, екі кітапқа сия қоймайтын деректер баршылық. Ана Батыста біз тек Ағаевтың атын ғана білетін «Алаш қосындары» тақырыбы және Берлиндегі комитет төңірегі… неміс пен орыс архивтері де кәдеге жаратыла отырып зерттелсе, жалпы алғанда Түркістан, жекелегенде қазақ тарихының бір ақтаңдағы әйгіленген болар еді», – деп жазды. Мұны ол кісі не үшін жазды?.. Қазақ тарихындағы ақтаңдақтар бетінің тым қалың екенін біліп жазды.
– Сонда?..
– Қай заманда, қай елде болмасын, опасыздықтың аты – опасыздық, сатқындық болып қала береді. Дегенмен, соғыс туралы ащы шындықты айтар болсақ, қоршауда қалып немесе жаралы күйінде тұтқынға түсіп, азап шеккендерді елемей кетуге болмайды. Соғыстың алғашқы кезінде кеңес жауынгерлері мыңдап қырылып, тірі қалғандары қоршауды бұзып өтіп, партизандарға қосылды. Мұндай бақытқа қолы жетпегендер концлагерлерде азап шекті. Осыны түсінуіміз керек. Олар тұтқынға әдейі түскен жоқ. соның ішінде қазақтың жауынгер халық екені әмбеге аян.
– Біздің түсінгеніміз – «Түркістан легионы» мен «Алаш қосындары» екі бөлек құрылымдар ма?
– 1946-1950 жылдардағы Түркістан легионына қатысты тергеу құжаттарында «Алаш» мектебі, «Алаш отряды» деген сөздер жиі кездеседі. Герман-кеңес соғысы кезінде Берлин қаласынан 50 шақырым жердегі Люккенвальде атты шағын қаланың терістік шетінде ағаш баракта орналасқан «Алаш» деген қазақ мектебі болғанын бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін. Сол кезде бұл мектеп өте құпия жағдайда ұсталған. 1943 жылы салынған мектептің негізгі міндеті – Атырау өлкесіндегі мұнай өндіріп жатқан, зерттеліп дайын тұрған кен орындарын істен шығару, олардың өнім беруіне кесел келтіру. Өйткені, сол сұрапыл жылдарда мұнай Кеңес Одағы үшін стратегиялық маңызы аса зор өнім болатын. Тағы бір мақсат – сол мектеп түлектері арқылы Кіші жүз, оның ішінде Маңғыстау түбегін жайлайтын қалың елді көтеріліске дайындап, Кеңес өкіметінің күшін әлсіретуге халықты үгіттеу. Демек түбектегі Адайлар қозғалысын жақсы білген. Неміс командованиесінің тыңшылығы сол кездің өзінде мықты дамығанын осыдан-ақ көруге болады. Сол «Алаш» мектебі Вермахт жоғары командованиесі (ОКВ) саяси барлау және қауіпсіздік полициясы IV-басқармасына (IV-РСХА (гестапо)) қараушы еді, мектепке жетекшілік етуші – фон Ганний Грайф. Оның көмекшісі – неміс армиясының обер-лейтенанты Әлихан Ағаев. Өзінің азан шақырып қойған ныспысы – Әмірхан Тілеумағамбетов. Туған жері – Атырау облысының Қызылқоға өңірі. Армияға шақырылғанға дейінгі жұмыс орны – Алматы қаласы. Қызыл Армияның кавалериялық (атты әскер) взводының командирі, лейтенант Тілеумағамбетов 1941 жылы 17 қараша күні Москва түбіндегі шайқаста немістердің тұтқынына түскен. Бұл мәліметтер неміс тұтқынына түскенде толтырылған карточкада анық жазылған. Немістер өте ұқыпты халық қой, карточкада Әмірханның туған жылы мен күні, туған жері, мамандығы – агроном, Қызыл Армиядағы әскери бөлімі, тұтқынға түскен кезде денсаулығының жақсы екенін, көзінің түсі мен әкесінің есім-сойын, үйінің мекен-жайын, жанқалтасындағы тиын-тебеніне дейін тәптіштеп жазып қойған.
– Ал, есімін неге өзгерткен, сырын біле алдыңыз ба?
– Әрине, қазір оны дөп басып айтар ешкім жоқ. Бірақ Әмірхан Тілеумағамбетовтың өзіне «Әлихан Ағаев» есімін бүркеншік етіп алуы, «Алаш» армиясын құруды армандауы, өзі құрған қосынның туын Алашорда полкінің туына ұқсатып жасатуы ой саларлық. Ол 1931 жылы Ташкенттегі мақта-ирригация институтын бітіріп келген соң азғана уақыт Тайпақ (қазіргі Ақжайық) аудандық жер бөлімінде аға агроном, кейін Гурьев облысының Жылыой ауданы жер қатынастары бөлімінде агроном болып қызмет жасаған. Сол кезде 23 жасар Әмірханның осы өңірдегі бұрынғы алашордашылармен дәмдес болып, әңгімелерін тыңдауы да бек ақиқат. Қазақтың дастарқанының басында ел мен жердің шежіресі сөз болатыны қай кезде де анық. Алаштанушы-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат айтпақшы, «Алаш» идеясы батыс өңірде 1905 жылдан бастап табандаған 40 жыл бойы әртүрлі тарихи сойқандар бір өшіп, бір жанып, ұзақ маздап тұрған деуге болады. Осылайша, Түркістан легионында қызмет еткен Әмірхан Тілеумағамбетов неміс әскери басшылығының сеніміне кірген соң көздеген мақсатын жүзеге асыру үшін өзі құрған қосынға 1944 жылы «Алаш» деген атауды әдейі сұрап алған. Ал, 1943 жылы Италия жеріне барғанда, 1944 жылы Гурьев (Атырау) аумағына түскенде «Ағаев-Иранов» болып келген.
– Талқайраңдық Ғайпен Бейісов «Тамұқтан өткен тағдырлар» атты туындысында Түркістан легионы хақында кеңірек тоқталғанын оқығанымыз бар-ды…
– Иә. 1921 жылы өмірге келіп, 86 жасында бақилық болған Ғайпен ағай өз кітабында легионның қызметіне біраз тоқталған. Өйткені, өзі ұрыс кезінде неміс әскерлеріне тұтқынға түсіп, легион құрамында Вермахт Жоғары Бас командованиесі Түркістан насихат бөлімінің әскери фототілшісі болып қызмет атқарған. Берлинде Ағаевпен кездесіп, дәмдес болған ағамыз Әмірханды былайша сипаттайды: «Әлихан Ағаев орта бойлыдан биіктеу, артық біткен ет жоқ, қаншырдай қатқан кеуделі, әскери адам. Әскери форма жарасады екен. Кісіге қарағанда дөңгелек, үлкен көзі өңменіңнен өтіп, тінте қарайды екен. Жалпы қазақтың көзінің көпшілігі қара көз, қой көз, ептеп көк көздер де кездесіп қалады ғой. Бұл кісінің көзі қызғылт па деп қалдым. Бет алдында артық ет бітпегендікі ме, бет әлпеті сопақша, ақсұр көрінді. Қыр мұрын. Тек аузы үлкендеу ме деп қалдым. Күлгенде, екі бетінің шұқыры көрініп қалып отырды. Басқа көзге көрініп тұрған белгісі байқалмады. Шылым тартатынын білмедім. Менімен бірге отырғанда шылым шеккенін көрген емеспін. Өзі, аз сөйлеп, көп тыңдағанды ұнататын болса керек…» Ал, Ағаев құрған «Алаш» отрядында болған Новобогат (қазіргі Исатай) ауданына қарасты Манаш ауылының тұрғыны Жәрдем Бекмағамбетов (1920- 2017): «Ағаев сұмдық қатыгез адам болатұғын. Тәртіп бұзғандарға мейірімсіз, рақымы болмайтын. Менің білетінім, құралайды көздемей тигізетін мерген еді», – дейді. Ағаевтың орынбасары болған Бақи Бисенғалиев (Бом Бақи): «Асылы, ағамыз жаман адам емес. Тек тәртіпті өте қатаң ұстайды. Кейде онысы дұрыс болса, кейде бұрыс болып жатады», – деп айтқан. Ғайпен Бейісовтың жазуынша, «Алаш» мектебінде оқыған небәрі 60 жігітке немістің 13 н ұ сқау шысы сабақ берген. Ірілі-ұсақты 6 барактан тұратын мектеп ғимаратының ортасында спорт алаңы бар екен. Легиондағы қазақтардан «Алаш» қосынын құру идеясын Ағаев 1942 жылдан бастап, жүзеге асыра бастайды. Неміс әскери басшылығынан «Алаш» қосынының жеке погоны, айырым белгісі мен жеке туын жасауға рұқсат алған. Қосынның ұранын да «Алаш» деп бекітіпті. Алаш қосындарының сарбаздарына арнап сөйлеген сөзінде ол Алашорда үкіметі мен оның басшылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, басқа да ұлт қайраткерлері туралы әңгімелеп берген. Алаш – кеңестік кезеңде де даму үрдісінде көпке дейін үзіліс бола қоймаған, сол себепті ел арасында идея ретінде де, саяси тәжірибе ретінде де ұмытылмай жеткен алабөтен құбылыс. Мұны оқыған, білімді агроном Әмірханның сезбеуі мүмкін емес. Демек оған Алаш идеясы дем берген.
– Сонда «Алаш» мектебі фашистік Германияға қызмет еткен бе?
– Меніңше, бұл – ұшқары пікір. Әрине, қалыптасқан ахуалға байланысты неміс әскеріне жұмыс жасау керек болған шығар. Бірақ түпкі мақсат басқаша сияқты. Оған өзім оқыған материалдардың негізінде мысал келтірейін. 1943 жылдың желтоқсанында Түркістан легионына келген Ағаев 20 қазақты іріктеп, әрқайсысымен жеке сөйлесіп, диверсиялық мектепке таңдапты. Оны бітірген соң «Алаш» отрядын екі қатар сапқа тұрғызып, неміс армиясы тарапынан доктор фон Ганий Грайф пен обер-лейтенант Әлихан Ағаев сөз сөйлейді. Бірінші болып немісше сөйлеген Грайф Германияға адал қызмет етуді, Түркістанды большевиктерден азат ету жолында аянбай, барлық күшжігерін сарп ету қажеттігін айтқан. Сосын Әлихан қазақ тілінде: «Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің символы «Алаш» жасағының қолымыздағы туы – біздің ата-бабамыз тәуелсіз мемлекетіміз үшін асқақтата көтерген қасиетті ту. Бірақ Кеңес өкіметі «Алаш» идеясын табанға салып таптады. Ал, біз Отанымыздан жырақта жүріп, ескі дәстүрімізді қайтадан жаңғыртып, осы тудың астында большевизммен күресеміз» – деп, түпкі идеяның қайта жаңғыратынына сенім білдіреді. Ағаевтың өзі мектепті бітіруші легионерлерге «Алаш» деген жазуы бар белгілерді тапсырған. 1946 жылы тергеушінің: «Сіз қызмет еткен әскери бөлім қалай аталды, «Алаш» отрядының қандай әскери айырым белгілері болды?», – деген сұрағына берген жауабында отряд құрамында болғандар: «әрбір жауынгерге 4 сантиметрдей көк түсті материалдан жасалған бес тармақты жұлдыз бен айы бар ерекшелік белгісі, сонымен бірге ерекше көк түсті, екі жағы да дөңгелек погон қоса берілді. Жасақтың барлық топтарына сары түсті материалдан жасалған диаметрі 80х40 см, ірі әріптермен «Алаш» деп жазылған ту берілді», – деген екен. Сары түсті тудың ортасында жасыл жіппен көмкерілген ромб белгісі, оның ішінде ақ жіппен жұлдызды жарты ай, садақ, жебе және араб ғарпімен «Алаш» сөзі жазылған. Жәрдем Бекмағамбетов өз естелігінде: «Ағаев отряды екі бөлімнен тұрды. Біреуі жұмыс істемейтін, тек оқитын, өздері бөлек әскери жұмыстармен айналысты. Мен осының екінші тобында болдым. Мені Ағаев Италия жерінде тұрғанда апарды. Бірінші топтың не істейтінін білместен кеттім. Біздер соғыс біткенде одақтастардың қолына түстік. Бізді елге қайтарды. Мен Ағаевтардың Құлсары маңына түскенін елге келіп естідім. Ол жақта олардың қайда кеткенін біздерге білдірген жоқ», – деп еске алады. Герман командованиесі өздерінің жымысқы саясатын ешкімге сездірмеу үшін «Алаш» отрядын Италияға жіберіп, олар сол елдің солтүстік-шығысындағы Тольмеццо қаласында көпірлер мен әскери қоймаларды күзеткен. Италия партизандарына қарсы ұрысқимылдарына да қатысыпты. Ал, Серік Шәкібаев өз кітабында «Алаш» туы, 3 мың дана листовка (үнпарақ) туралы айтқанмен, оның мазмұны туралы жақ ашпайды. Өйткені, ол үнпарақта: «1931-1933 жылдары Кеңес өкіметі 3 миллионға жуық қазақты аштан қырды. Халықтың 40 пайызы өлім құшып, ит пен сарышұнақ жеді. Ол күндерді бірде-бір қазақ ұмытпайды. Жаңа халық жасасын!», – деп жазылған еді. Ашығы – осы. Ал, Әмірхан 1931-1932 жылдардағы елдегі алапат аштықты, тігерге тұяғы жоқ, таяғын ұстап қалған шаруаны көзімен көріп, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінді көкірегіне түйді. Осының бәрі жүрегіне шемен болып қатты деуге болады. Легиондағылардың көпшілігі «Алаш», «Алашорда» туралы түсінікті білмегені де рас. Себебі, оған дейін қолжетімді болған мәліметтерді Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің бұрынғы хандар, сұлтандар мен Алашорда өкіметінің басшылары мен жақтастары, белсенді қайраткерлерінің архивтік құжаттарын Орталық өлкелік архивке тапсыру туралы 1928 жылғы арнайы қаулысымен құпияландырылған еді.
– Ал, мұндай легион құру тек қазақтарға ғана рұқсат етілген бе?
– Вермахт басшылығын сендіре біліп әрі мойындатып, «Алаш» қосынын құру оңай шаруа емесі белгілі. Ондай қосынды Түркістан Комитетінде саны жағынан қазақтардан да басым болған өзбектер де, одан басқа қырғыз, түркімен, тәжіктер де құра алған жоқ. Ал, Әлихан Ағаевтың аюдай ақырған Гитлерге, қала берді немістердің өздері өлердей қорқатын гестапоға «Алаш» идеясы жолындағы ісі мен сөзін дәлелдей білуі оның ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары болғанын көрсетсе керек. Атышулы Ағаевтың күнделігін оқыдық, онда «көз шығарып, бас жаратындай» ештеңе де жоқ. «Алаш» отрядын құруды 1942 жылдан бастап ойластырғанын, Түркістан легионынан қазақ легионын бөлу, легионерлерге әскери бұйырықтарды қазақша беру және оның қазақша сөздігін жасақтағаны, Түркістан Ұлттық комитеті құрамынан бөлек қазақ комитетін құру, Түркістан Ұлттық комитетінің басшысы Вали Каюмханға комитетке қарасты газетжурналдарды 80 пайыз қазақша шығаруға, жұмыс барысымен әртүрлі қалаларда іссапарда болғанын және өз ойларын күнделігіне түсіріп отырған.
– Ендеше, оларды ақтауға не кедергі?
– Біздің де ойымыз сол ғой. Жалпы алғанда, екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен қазақстандықтардың және легионерлердің ісі түгелімен қайта қаралып, тек тұтқын ретінде априорлық шешімге бағыт ұстамай, ізгілікті қадам жасалуы тиіс. Сол зұлмат кезеңнен бері 80 жылдай уақыт өтті, заман өзгерді, қазақтың өз тағдырын өзі шешуі керектігі жөнінде тәуелсіз ой-пікір қалыптасты. Сталиндік жүйенің қатыгездіктерінен үзілді-кесілді арылу – демократиялық қоғам құрудың басты шарттарының бірі. Осыны түсінген Ресей Федерациясы, Украина, Белорусь елдері соғыс тұтқындарын ақтау жұмыстарын кең көлемде жүргізді. Қазіргі жағдайда оларға, яғни марқұмдарға ақтаудың да, даттаудың да керегі бола қоймас. Бірақ олар жөнінде жасалған адамгершілік іс-шаралар бүгінгі ұрпақтары, туыстары үшін қажет. Қазақ халқының тұтастығы мен болашақ үшін керек. Уақытында испан прозаигі, философ Бальтасар Грасиан «Жалған сөйлеме, ақиқатты түгел айтудың да қажеті шамалы» деген екен!.. Соғыс жылдарындағы Әлихан Ағаев пен ол құрған «Алаш» отряды туралы ақиқат пен аңыздың қысқаша тарихы осындай.
– Бұқараға беймәлім тарих ақтаңдақтарымен бөлісіп, әңгіме-дүкен құрғаныңызға көп рахмет!
Әңгімелескен Назарбек ҚОСШИЕВ