ӘДІЛЕТТІҢ АҚ ТУЫН ЖОҒАРЫ ҰСТАП…
Айтыс өнерінің ерен жүйрігі, әр сөзі мірдің оғындай болып нысанаға дөп тиген, қарсыласын сөз құдіреті арқылы мақтамен бауыздаған Қабасақал Ерімбет ақынның ұрпағы Дәреже Нәбиқызы 1955 жылы Қызылорда облысы Арал ауданында дүние есігін ашыпты. Арманы асқақ өрімтал жас мектепте өзінің сыныптастарынан ерекшеленіп тұратын.
С.М. Киров атындағы университетті 1978 жылы бітіріп, арнайы жолдамамен Халық депутаттарының Гурьев облыстық Советі атқару комитетінің қарауына жіберілген. Тағдырдың о бастағы жазуы солай болған шығар, Дәреже Балапанның 37 жыл еңбек жолы осылайша Атырау өңірінде өтті. Елдің игілігін көздеген басшылар мен Халық депутаттары облыстық атқару комитеті маманы тапшы, шалғай жатқан ауданда заң саласын жолға қою мақсатында ұсыныс жасады. Сөйтіп, шалғайдағы Қызылқоға ауданына аттанды. Аудан орталығы Миялы селосында тұңғыш Мемлекеттік нотариалдық контор ашты, оның алғашқы мемлекеттік нотариусы болып үздіксіз тоғыз жыл қызмет атқарды.
Дәреже Нәбиқызының өмірі 1987 жылдан кейін өзгеше арнаға бұрылды. Жанұясымен Атырау қаласына көшіп келген ол облыстық адвокаттар коллегиясына мүшелікке өтеді. Сөйтіп, қоғамнан жәбір көрген, заң талаптарын білмейтін, өз құқығын қорғай алмайтын азаматтардың қорғаушысы болуды мұрат тұтты. Адвокат еңбегі өлшеусіз екені рас. Өзі қорғаған жандардың алғысын ала жүріп, ізденіске де уақыт бөлді. Әрине, білікті заңгер барлық салаға да ауадай қажет. Осы тұрғыдан алғанда оны мемлекеттік нысандағы «Гурьевнефтехимстрой» тресінің аттай қалап шақыртып алуы түсінікті.
Негізгі қатысушысы «Қазмұнайгаз» АҚ ҰК болып табылатын, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ және Атырау мұнай өңдеу зауыты ЖШС бірігіп, «Қазмұнайгаз технологиялық зерттеулер орталығы» ЖШС құрылған еді. «Ембімұнайгаз» мекемесі тарапынан ұйымдастыру, мүліктік және мүліктік емес қатынастарды реттеу, корпоративтік басқаруды ұйымдастыру міндеттерін жүктеп Дәреже Балапанды бас заңгер етіп тағайындады. Бұл жұмыстар өз дәрежесінде атқарылып, аталмыш ұжым табыс пен беделге ие болды.
Каспий теңізінің Қазақстандық секторын игеру жөніндегі Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ тапсырыс беруімен, «Қазмұнайгаз технологиялық зерттеулер орталығы» ЖШС, Құрманғазы алаңындағы №1; №2 ұңғымаларға геологиялық барлау алдындағы инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстары жүргені баршаға мәлім. Теңіз бұрғылау жұмыстарын жүргізуде тәжірибе жоқтығына, маман тапшылығына байланысты Ресей мемлекетіндегі Теңіз геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін Оңтүстік Ғылыми-Өндірістік Бірлестігі «Южморгеология» мекемесімен жүргізілген Геленджик қаласындағы келіссөздерге қатысып, шарттардың жобасын жасаған адамдардың бірі-Дәреже Нәбиқызы.
Ол – өте принципшіл, өз қызметіне адал жан. Азаматтық ұстанымы жоғары. Қазақстан Заңгерлер Одағының мүшесі. Тәуелсіз қазақ елінің Конституциялық негіздерінің дамуы мен қалыптасуына өз үлесін қоса білген сауатты маман. Бірнеше заң жобаларының талқылауына қатысып, өз пікірін ашық айта білген. Нәтижесінде 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалін өңіріне қадады. Ал, 2010 жылы «Ерен еңбегі үшін», 2014 жылы «Ұлт мақтанышы» («Бейбітшілік әлемі» – «Планета мира» – «World of Peace») медалімен наградталды.
Отбасында ұйытқы болған Дәреже Балапанның жұбайы – өңірімізге танымал заңгер Өмірбай Нағашыбай. Ол кісінің де қиналғанға қол ұшын созып, жылағанды жұбатып, сүрінгенді қолтығынан демеп жүретін қасиетін айтар болсақ, екеуін жаратушы тауып қосқанына шүбә жоқ. Өнегелі отбасында ұрпақтар өсіп келеді. Олар да ата-ана жолын қуып, келер күндер биігінен көрінгей!..
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.