БЮДЖЕТ ШЫҒЫСТАРЫ ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ

Кеше Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінде  ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Сенаттың қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшелері Серік Нөгербеков пен Ольга Перепечинаның қатысуымен БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізілді. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында  қозғалған мәселелер мен Үкімет пен жергілікті атқарушы билік органдары алдына  қойылған нақты тапсырмалар жөніндегі журналистердің сұрақтарына жауап берілді.

«2007-2009 жылдары орын алған жаһандық экономикалық дағдарыстың салдарын бүкіл әлем әлі күнге дейiн сезiнуде. Сол дағдарыс кезінде жыл сайын 4-5 пайызға дейiн өсім көрсететін жаһандық жалпы ішкі өнім 0 пайызға дейiн құлдырады. Мәселен, Ресей, АҚШ, Еуроодақ сынды елдердің  ішкі өнімдерi азайды. Сол уақытта ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бiздiң мемлекет дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асырды», –  деді Сенат депутаты Серік Нөгербеков.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Перепечина биылғы жылғы бюджет шығыстарын оңтайландыру дағдарысқа қарсы шара ретінде экономикаға тірек бола алатындығына тоқталды. Мемлекет басшысының ағымдағы жағдайды ескере отырып, Үкіметке республикалық бюджет шығыстарын 10 пайызға немесе 700 млрд. теңгеге оңтайландыруды тапсырғанын атап өткен  Ольга  Валентиновна биылғы республикалық бюджет параметрлерінің өзгеруіне қарамастан барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалатындығын мәлімдеді.

Брифингте президенттік «Қазақстанда жасалған» акциясына байланысты журналистердің тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

Брифингте Сенаторлар журналистердің жылжымайтын мүліктерді жекешелендіру, мүлікті жариялау, ЭКСПО-ға қатысты толғандырған сауалдарына да нақты жауап  қайтарды.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз