Әдемі сөйлегіңіз келсе…
Кейбір адамдардың арасында өз даусына қанағаттанбай жататын кездер болады. Мұндай жандарға дикциясын өзгерту үшін артикуляциялық жаттығулармен айналысу керек. Бұл туралы ораторлықтың қыр-сырын жетік меңгерген диктор, радио журналисі, дубляж актрисасы, «Soile» курсының жетекшісі Майра Төлепбергеннің Атырау қаласында ұйымдастырылған шеберлік сыныбында жан-жақты айтылды.
Шеберлік сабағына барлығы 20 адам қатысты. Олардың қатарында Жастар театрының әртістері де бар. Өз ісінің нағыз шебері Майра Төлепберген қатысушыларға дауыс қоюдың техникаларын үйретіп, өзінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
- Дауысты өзгерту үшін ең әуелі поэзия оқып, машықтану керек. Өлең жолдарын анық, әрі таза, сауатты жеткізген жөн. Кез-келген адамның дауысы – өзінің айнасы. Сахнаға ең алғаш шыққанда қобалжудың салдарынан дауыстың дірілдеп шығуы – қалыпты жағдай. Бірақ, бұл жағдай тәжірибе болып қалыптасуы керек, — деді Майра Төлепберген.
Ал, сахнаға екінші рет шыққанда алғашқы сәттегі қателіктерден арылып, бірден жүйелі сөйлеуге тырысқан дұрыс.
Спикердің айтуынша, сөйлеу барысында қажетті кезінде күлуге де болады. Алайда, күлкі жасанды болмауы шарт. Терең демалып, тыныс алу дауыстың анық шығуына көмектеседі. Көрермендерге түсініксіз болатындай тым тез сөйлеуге болмайды. Әр сөйлемнің мазмұнына қарай дауыс ырғағын өзгертіп отыру керек.
- Дикцияның анық болуы – ораторлық өнердің ең маңызды бөлшегі. Әр
сөздің толық, әрі жетік айтылуы маңызды. Тағы бір кеңес, сөйлеу барысында сахна мәдениетін сақтай отырып, «жаргон, паразит» сөздерден арылу керек, — деді Майра Төлепберген.
Сәндігүл ҚОНЫСҚЫЗЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің студенті