Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Адам ӨМІРІ – ең басты ҚҰНДЫЛЫҚ

Аtr.kz/9 маусым, 2020 жыл.  Қоғамдық кеңестер – консультативтік-кеңесші орган. Өз қызметін тәуелсіз ұстаным негізінде жүзеге асыратын құрылым құрамындағы сарапшылар жергілікті деңгейде қоғамдық бақылау жүргізеді. Яғни, өңір үшін өзекті саналатын кез келген мәселе қоғамдық кеңес назарынан тыс қалған емес.

Адам өмірі – басты құндылық. Мемлекеттің ең қымбат қазынасы да – адам және адамның өмірі. Бұл – Конституцияда белгіленген аспект. Ал, айналадағы ортада адам өміріне әсер етуші факторлар аз емес. Жазатайым, оқыс оқиғалардың жылдан-жылға көбеюі – облыс тұрғындарын мазалап отырған көкейкесті мәселенің бірі.

Осы орайда Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат ӨТЕШОВПЕН сұхбаттасып, өңірлік құрылымның облыс көлеміндегі жазатай­ым оқиғаларға қатысты жүргізген мониторинг нәтижелері туралы әңгіме өрбітіп, өзекті мәселеге қатысты түйткілдердің себеп-салдарын анықтауға тырыстық.

 – Мұрат Сақтайұлы, сұхбатымызды сі здің жетекшілі гіңі збен облыс көлемінде жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы айтудан бастасақ…

– Бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Осы ретте арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бар мәліметтер жинақталды. Соңғы 3 жылда, яғни, 2017-2019 жылдары еңбек қауіпсіздігін сақтамау деректері өндіріс орнында – 69, құрылыста – 58, мұнай саласында – 29-ы тіркеліп, 150 жазатайым оқиғалар орын алған. Оның ішінде 29 факті шетелдік үлесі бар кәсіпорындарға қатысты, қалған 80 пайызын отандық мекемелер құрайды.

Биіктен құлау, өрт оқиғаларынан, құралдар мен сапасыз материалдардың салдарынан 170 оқыс оқиға болып, 22 адам қаза тапқан, 150 жұмысшы ауыр жараланған.

Орын алған жазатайым оқиғаларға талдау жасасақ, олардың көпшілігі зар­дап шегушілердің еңбек қауіпсіздігін сақтамауы және жұмыс берушінің қажетті жұмыс жағдайын ұйымдастырмауынан болса, келеңсіз жәйттердің 59-ы зардап шегушінің абайсыздығынан болған. Өндіріс орындарында кездесетін жаза­тайым оқиғалардың саны жыл сайын салыстырмалы түрде азайғанымен, санақ деректері көңіл көншітпейді.

– Атырау – мұнай, химия, энергетика өндірісі аймағы болуына байланысты, облыс тұрғындарының көпшілігі осы са­лаларда жұмыс жасайды. Көрсеткіштің  аталмыш санат бойынша жоғары болу себебі де осында болар?

– Айтуыңыз орынды. Расында да жазатайым оқиғалардың орын алу жағдайы бойынша құрылыс және мұнай кәсіпорындары алда келеді. Об­лыс кәсіпорындарындағы келеңсіз оқиғалардың түп тамыры өндірістік қауіпсіздік ережесінің, еңбек тәртібінің бұзылуынан деп тұжырымдалады. Жарияланған мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылы 571 еңбек қауіпсіздігі талабы бұзылып, 400-ден астам лауазым иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Өкінішке орай бірде-бір лауазым иесі жұмысынан босатылмаған, өндірістік нысанның, ұйымның қызметіне тый­ым салынбаған. Кінәлі тарап ретінде өлгендер мен жарақат алғандар танылған. Кәсіпорындарда құрылған өндірістік кеңестер жұмыс уақытындағы жарақаттану фактілеріне талдау жасамай­ды, алдын алу жұмыстарымен формальді түрде айналысып, басшыларының айтқандарынан шыға алмайды.

– Жол-көлік оқиғаларына қатысты мәліметтер де көңіл көншітпейді. Ал­дын алуға қатысты кешенді шаралар жасақталғанына қарамастан, зардап шегушілер саны азаймай тұрғаны да алаңдатады…

– Иә. Аймақ көлеміндегі ең күрделі мәселе – жол-көлік апаты салдарынан орын алатын жазатайым оқиғалар. Соңғы жылдары облыс бойынша жол-көлік оқиғалары азайғанымен, жол апатта­ры салдарынан көз жұмғандар саны артқан. 2019 жылы облыс бойынша жалпы саны 307 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оқиға орнында қаза тапқандар 65 адам, көліктердің малға соғылуынан 5-еуі көз жұмып, 6-уы ауыр жарақат алған. Ал, 600 мыңға жуық халқы бар Хельсинки қаласында 2019 жылы жол апатынан тек 3-ақ адам қаза болған, бірде-бір жүргінші, велосипед айдаушы өлім трагедиясына ұшырамаған.

Жол-қозғалыс ережеcін бұзу қала мен аудандарда да кең етек жайған. Өткен жылы жүргізуші куәлігінен айырылған 561 жүргізуші рульге отырған, мас күйінде автокөлік басқарған 1405 факті тіркелген. Өкінішке орай, олардың қатарында қалаішілік, қалааралық ав­тобустар жүргізушілері де бар. Осы жыл басталғалы 17 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылған, олардың ішінде жүкті әйелдер мен полиция қызметкерлері де бар. Ал, анықталмағаны, ұсталмағаны қаншама?! Осылайша заң талаптарын аяққа басып, тайраңдап жүргендер қарасы азаймай, жазатайым оқиғалар санын көбейтуде.

– Бұл – ресми дерек. Білуімізше, сіздер халық арасында да сауалнама жүргізесіздер. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген бұқараның уәжі қандай?

– «Адам өміріне неден қауіп төнеді? Жол апаттарына кім кінәлі?» деген сауалдарға тұрғындардан жауап алын­ды. Мәселен, пікір білдіргендер ара­сында: «Оқыс оқиғалардың бәріне жүргізушілерді кінәлау дұрыс емес, жаяу жүргіншілер өтуге тыйым салынған жерлерден өтіп, ереже бұзып, ақыры қайғылы қазаға ұрындырады» дегендер кездесті. Басқа да респонденттер – «жүргізушілер жылдамдықты арттырып, тұтас сызықты басып, қарсы жолаққа шығады. Бағдаршам белгілеріне көңіл бөлмейді, жүргіншілерді жолақтардан өткізбейді, мас күйінде автокөлік басқарады. Бағдаршамдар тұсында да­былды немесе алысқа түсетін фарларымен сигналдар беріп, алда тұрған көліктерді, жүргіншілерді еріксіз қауіп-қатерге итермелейді» дейді. Мәселенің ушығуына автопаркингтердің жетіспеуі, тұрғын үйлер аулаларында автотұрақтардың болмауы да себеп.

Бірнеше жылдардан бері жырға айналған аспалы жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы бітпегенін де сауалнамаға қатысушылар баса атады.

Дина, Насиха, Мұрагер базарларының маңы жол-көлік ережелері өрескел бұзылатын аумақтар қатарында. Қала ішіндегі мейрамханалар мен супер­маркетке келген көліктер, кеңейтілген жолдардың екі бетін аялдамаға айналды­рып, көлік қозғалысына кесел келтіруде, мүгедек адамдарға жолда жүру, жол қиылыстарынан өту қиындықтары арта түсуде. Егер облыста 22113 мүгедек тіркелген болса, оның үштен бір бөлігі еңбектегі мертігуден, әртүрлі жарақат алудан болған.

– Темір жолдарға қатысты мониторинг нәтижесі нені көрсетті?

– Салада 2018-2019 жылдары 57 жаза­тайым оқиғалар тіркелген, оның ішінде 14 авариялық, 42 тосын оқиғалар, 1-і адам өлімімен аяқталған. Тепловоздың және вагондардың теміржолдан шығып кетуінің екі жылда 15 дерегі орын алған, оның ба­сты себептері теміржол тораптарының күтімсіздігі, жасөспірімдердің іс- әрекеттері, үй малдарының да бұған қатысы бар.

Облыс аумағындағы жұмыс жасайтын 179 кірме жолдардың күтіп-ұсталуы, жөндеуі сын көтермейді. Жылдар бойы бірде-бір вагонды қабылдамайтын, ағаш төсеніштері шіріген, бағыттама бұрмалары таттанған, майланбаған, күтімсіз, кезінде жекеменшікке өтіп кеткен кірме жолдар Атырау, Ақ Жайық-1, 2, Махамбет, Мақат, Құлсары стансаларында көп.

Осындай тұйық, кірме жолдардың көбі бұрынғы теміржол саласын басқарған азаматтар мен олардың туысқандарының жеке меншіктеріне өтіп кеткен екен. Күре жолдардың бірнеше метріне иелік жасап, бұрын да Атырау мұнай өңдеу зауытына кірген-шыққан вагондардан ешқандай шығынсыз «ауадан» ақша жасағандар қарасы көп болды.

– Фактілер бар, шара алынбайды. Неге?

– Бұл мәліметтердің барлығы көлік инспекциясына аян болуы тиіс. Осындай қараусыз, иесіз жатқан ескі базалар мен мекемелердің, тозығы жеткен балық, кеме жөндеу зауыттарының, бұрынғы «Бака­лейторг», «Мясомолторг» кірме жолда­рын, Атырау стансасынан Мұнай базасы, бұрынғы «Атыраубалық» мекемелеріне баратын жолдарды тексеріп, олардың пайдаланусыз жатқан жерлерін қала қорына қайтару мәселесін көтеру керек. Үлкенді-кішілі стансалардағы 55 көпір мен өткелдің, перрондарының жәй-күйлері нашар, ескерту белгілері мен дабыл қаққыштары жоқ.

Атыраудағы Вагон депосынан «Қара депо» ауылына қатынайтын, Доссор кентіндегі мектепке баратын жолдағы теміржол желілері үстінен аспалы көпір салу ұсынысы жылда айтылса да, шешімі табылмаған. Себебі, бұны жақтаушылар да, қарсыластар да бар. Теміржол сала­сына қатысты күрделі мәселенің бірі – теміржол көлігі жүретін аумақтарға, санитарлық-эпидемиялық норма талапта­рын бұзып, тұрғын үйлер мен өндірістік, әлеуметтік нысандардың 100 метрлік арақашықтықты сақтамай салынуы. Бұл – заңды өрескел бұзғандық. Мақат, Доссор, Құлсары, Сағыз, Аққыстау, Ақжайық 1-2 тораптарында осындай фактілер жаппай орын алған.

Бұл санитарлық норма авто жолдар мен әуе қатынастары аумақтарына да тікелей қатысы бар, сайып келгенде осы нормативтік талап адам өмірін жазатайым оқиғалардан сақтау үшін қабылданған.Сондықтан, қала, аудан әкімдері автокөлік, теміржол, әуе алаңы маңындағы санитарлық қауіпсіздік нормалардың сақталуына талдау жасап, заң үстемдігін орнатулары керек.

– Әуе қатынасы құралдарына қатысты талдау нәтижелері қандай?

– Соңғы жылдары Атырау әуе алаңында тіркелген жазатайым оқиғалар жоқ. Бірақ, зерделеу тобы төмендегідей жәйттарға көңіл аудару керектігін алға тартады: жүктерді тиеу-түсіру жұмыстарын ав­томаттандыру, перрондағы техникалық қызмет көрсету бағдарламасын жетілдіру, борттан шыққан сарқынды сулар мен қалдықтарға қатысты шаралар алу, мүгедек адамдарға байланысты қауіпсіздік шараларын күшейту, әуежай алаңындағы автокөлік тұрағының жұмысын реттеу. Басқа да жолаушылар қауіпсіздігін сақтау мәселелері күн тәртібінен түспеуі керек.

– Су көліктеріне қатысты фактілер негізінен заңсыз балық аулаушыларға қатысты айтылады. Осы бағытта белгілі болған олқылықтарға қарай ойыссақ.

– Жайық-Каспий бассейніндегі су көліктері тараптарынан оқыс оқиғаларға жол беріледі. Атап өтілгеніндей, саладағы заң бұзушы элементтер негізінен заңсыз балық аулаушылар. Көптеген су көліктері мемлекеттік тіркеуден өтпеген, қуатты моторлары бар теңізде, өзенде жүзетін ұшқыр қайықтар көп. Өздеріңізге белгілі 2018 жылы Еркінқала ауылы маңында екі «Байда» қайығының соғысуынан 20 жастағы бір азамат қайтыс болса, 2019 жылы Дамбының тұсында осындай оқыс оқиғадан 26 жастағы жігіт көз жұмды.

Осы тәрізді оқиғаларға бірден-бір себепші – әртүрлі жылдарда өзеннің түбіне батқан автокөліктер, металломдар, құрылыс плиталары, өндірістік қалдықтар, суда жатқан, не болмаса жағаға шығып қалған су көліктері, яғни, адам өміріне аса қауіпті заттар. Қазіргі Жайықтың су деңгейінің төмендеуінен су астындағы заттардың қауіптілігі арта түсуде. Бұл проблема Каспий теңізі акваториясын да айналып өтпеген. Теңіз суының тайызда­луынан 3-4 құм дөңесті аумақтар «Шалы­га» аралы квадраттарында пайда болған.

– Өрт пен су – тілсіз жау. Жазатайым оқиғалардың орын алмауына ешкім де  кепілдік бермейді. Сонысымен де қауіпті. Бұл бағыттағы көрсеткіштер деңгейі қандай?

– Өңір халқының бейбіт өмірін, тұрмыстық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өрт сөндіру, апаттық медицина, судан құтқару секілді құрылымдар бар. 2017-2019 жылдары облыс көлемінде 1194 жазатайым оқиғалар тіркелген, оның ішіндегі ең қауіпті жау – өрт 972 рет бо­лып, 401 адам зардап шеккен, 56 адамның өмірі қиылды, 30-ы жарақаттанды, 159 адамның жоғалғаны тіркелді, судан 25 адам құтқарылды, 235 автокөлік өртке оранды.

2018 жылдың наурыз айында орын алған Қарабатандағы «Газ-турбина электр станциясы» мекемесінің жатақханасында болған өрт салдарынан 6 адамның тірілей жанып кеткені, 20-ның үстіндегі жұмысшының ауыр зардап шеккені елді дүр сілкіндірген.

Жазатайым оқиғалар уақыт мерзімі мен күй талғамай он екі айдың әрбір күнінде болуы ықтимал. Осы жылдың 22 қаңтарында, Атырауда түн мезгілінде 16 қабатты үйде болған жазатайым өрт оқиғасынан 35 адам құтқарылып, қауіпсіз аймаққа шығарылған, оның ішінде 12-сі балалар. Ал, ақпандағы Ма­хамбет көшесіндегі 121-ші үйдің 5-ші қабатындағы пәтерден шыққан өрттен адам шығыны болмаса да, бірнеше жанұя келеңсіз жағдайларға душар болды.

– Бұндай көрсеткіштер туралы айта отырып, салалық құрылымдардың керек-жарақпен қамтамасыз етілу деңгейі қандай екен деген сауалдың ту­ындауы заңды болар?

– Өртке қарсы қызметтің қауқарсыз әрекеттерінің де беті ашылып жа­тыр. Қазір Атырау қаласындағы 441 өрт гидрантының 181-і істен шыққан, бүкіл қалаға тек бір ғана 50 метрлік автокөтергіш, норматив бойынша тиісті 8 өрт бөлімшенің орнына қызмет атқаратын 3 бөлімше, құрам саны 161 жауынгер. Ал, 2019 жылы қағаз бойынша іске қосылған Самал ықшамауданындағы «Өрт депосы»   өз қызметін атқармайды.

– Көп қабатты тұрғын үйлерге қатысты мәселелер де шешімін таппаған пробле­малар ретінде көп айтылуда…

– Расымен де, Атырау қаласы, Азаттық көшесіндегі үйлердің көпшілігі 1960-70 жылдары пайдалануға берілген. Кейбір үйлердің қазіргі жағдайы адам төзгісіз, жертөлелері суға толы, есік-терезелері майысқан, фундаменттері отырған, электр кабельдері қырық жамау. Кіреберістегі есіктердің биіктігі 1-1,20 метр, ере­сек адамдар еңкейіп кіреді (Азаттық 130,132,134)

Жуықта Абай көшесіндегі 40 жыл болған үйдің балконы құлап, абырой болғанда зардап шеккендер болмады. Осындай оқыс оқиғаларға жол бермеу мақсатында қала мен аудан орталықтарындағы көп қабатты үйлер тұрғындарының өмірін жазатайым оқиғалардан сақтау үшін қала, аудан әкімдері әрбір үйлердің техникалық жағдайына ревизия жасап, тұрғындар  басын өлімге тікпей, тиісті қауіпсіздік шараларын алуы керек.

– Қауіпсіздік тақырыбын қозғай отырып, бұралқы иттерге қатысты мәселеден ауытқып кете алмаймыз…

– «Ит жеті қазынаның бірі, адамның досы» деген сөзді бәріміз білеміз. Бірақ, досымыз сатқындық жасап, адам өміріне, соның ішінде балаларға қастандық жасай­тынын ескеруіміз керек. Өткен жылы об­лыста ит қапқан, талаған 800-дей жазатай­ым оқиға орын алды, оның 600-ге жуығы Атырауда тіркелген. Атырау қаласының оң жағалауындағы бірнеше жеке үйлердің сүрілуіне байланысты бұралқы иттер саны бірнеше есе өсіп кетті.

Атырау қаласы мен аудандарда, ауылдық округтерде, осы бағыттағы келеңсіз оқиғаларға жол бермеу шараларын әкімдіктер, ветеринария мекемелері, ішкі істер департаменті бақылауда ұстаулары керек.

– Бұл тақырыпты тарқата отырып, төтенше жағдайлардың ең ауыры балаларға қатысты екенін аңғарып, қынжылып отырмыз…

–Иә, балалар мен жасөспірімдердің өмірін қиюы – ауыр да күрделі мәселе.

Қоғамдық кеңестің талдау тобы осы мәселеге, яғни, балалар өміріне қатысты жазатайым оқиғалардың себептеріне баса көңіл аударды. Өздеріңізге белгілі, облыс аумағында соңғы жылдары балалар өміріне байланысты бірнеше жантүршігерлік  оқиғалар болғаны сіздерге мәлім. Соңғы үш жылдың мәліметтеріне сүйенсек, жазатайым жәйттердің балалар мен жасөспірімдерге қатысты саны 6,5 мың, оның ішінде суға батқаны 50-ге жуық, медикамент пен газбен уланудың 49 фактісі тіркелген. Балалар мен кәмелетке толмағандарға байланысты 238 жол-көлік оқиғасы болып, 257 бала зардап шегіп, 21-і қайтыс болған, 12 өрт апаты балалардың тікелей қатысуымен орын алған.

– Мектеп оқушыларына қатысты мәселеге тоқталған сәтте ювеналды по­лициялар туралы да айта кетсеңіз.

– Мектеп жасындағы балалардың ең бірінші көмекшісі болып табылатын ювеналды полиция қызметкерлерінің штаттық санының жылма-жыл толықпауы жасөспірімдер арасындағы құқықтық тәрбие жұмысының сапасына кеселін тигізуде.

Е г е р 2 0 1 6 ж ы л ы м е к т е п инспекторларының саны облыс бойынша 155 бірлік болса, 2019 жылы 126 санды құрап отыр, ал, осы уақытта өңірдегі мектептер мен оқушылар саны анағұрлым өсуде.

Түйіні шешілмеген мәселенің бірі ба­лалар мен жасөспірімдер арасындағы жазатайым – суицид өлімі. 2016-2019 жылдары өзіне қол жұмсаудың 16 оқиғасы тіркелген. Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу қаншама жұмыстар жүргізілсе де қала мен аудан­дарда проблема жалғасын табуда.

– Сөз соңында… «Апат айтып келмейді» десек те, нені назардан тыс қалдырмау керек? Бұл бағыттағы жүргізілген жұмыс нәтижесіне сай қандай іс-шараларды  қолға алғалы отырсыздар?

– Өндірістегі, жол-көлік апаттарынан орын алатын жазатайым оқиғалардың ал­дын алуға баса көңіл аудару қажет, еңбек қауіпсіздігі мен тәртібін сақтау бірінші кезекте болуы шарт. Еңбекті қорғау бағытындағы заң талаптарының орында­луын қадағалайтын басқарма басшылары тиісті қорытынды шығаруы керек.

Қоғамдағы ең басты құндылық адам өмірі болса, солардың өмірін сақтауға барлық мүмкіншілікті жұмылдыруға тиіспіз.

Ал, нақты шаралар туралы айтсам, таяу уақытта облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында аталған тақырып талқыға түсетін болады. Тиісті құрылымдар қатынасып, мәселеге қатысты проблема­лар ауқымды форматта талданады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Гүлжан ӘМІРОВА

Ресми деректер бойынша, Атырау облысы халқының
саны – 650 мыңға жуық. Олардың 335 мыңнан
жоғарысы – экономикалық белсенді халық. Қауіпті еңбек
жағдайларында жұмыс жасайтын жұмысшылардың
саны – 51200 адам, олардың ішінен жоғары деңгейлі шу
мен діріл жағдайында 20%, газдалған және шаң-
тозаң басқан жұмыс аумағында – 10%, жағымсыз
температуралық режимде – 45%, ауыр физикалық
жұмыста 15% жұмыс жасайды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button