МҰЗ ҮСТІНДЕГІ ӘСЕМ БИ

Атырау қаласындағы №16 орта мектептің 4-сыныбында оқитын Зарина Айтбай Алматыда жасөспірімдер арасында өткен Қазақстанның ашық чемпионатына мәнерлеп сырғанаудан Атырау облысы атынан бірінші рет қатысып, жүлделі үшінші орынмен оралды. Айта кетейік, бұл – облыс тарихындағы тұңғыш жетістік.  

Он екі облыстың мықты жас спортшылары қатысқан додадан атыраулық бүлдіршіннің үшінші орын иеленуі үлкен мақтаныш болып отыр. Себебі, облыс спорты тарихындағы бұл жетістік, алдымен көпшіліктің мәнерлеп сырғанауға деген қызығушылығын қалыптастырғандай. 

  – Жарыста таза сырғанай алатыныма, кез келген жаттығуды мүлтіксіз орындай алатыныма көзім жетті. Адам тек өзіне сенуі керек. Болашақта танымал ресейлік фигурист қыз Аделина Сотниковаға ұқсағым келеді, – дейді талабы таудай Зарина.

Отбасындағы үш қыздың ең үлкені Заринаны әкесі Мұхтар Үрпеков жеті жасынан бастап мәнерлеп сырғанауға қатыстырған. Зарина Мұхтарқызы қазір «Байкеновтер» балет студиясының би үйірмесіне де қатысады. 

Еңбекқор бүлдіршіннің талантына тәнті бапкері Кристина Прилепко да кішкентай Заринаның тек сырғанап қоймай, әртүрлі стильде билей алатын қасиетін ерекше айтып отыр.  Бапкерінің айтуынша, биік деңгейден көріну үшін әркім өз ісінің фанаты болуы керек. Зарина – сондай қыз. 

Қысқы спорт Қазақ елінде кенжелеп дамығаны шындық. Әсіресе, қысы қатал болмайтын өңірлерде бұл спортпен айналысушылар да сирек. Дегенмен, Атырауда мұз айдыны салынғалы бері қысқы спортқа деген халықтың көзқарасы өзгерді. Қаланың шетінде орналасса да, мұз айдынына Зарина сынды бүлдіршіндер ағылып келетін болыпты. Алматыдан арнайы жолдамамен жақында келген белгілі жаттықтырушы Кристина Прилепко бұл орайда Атырауда конькимен сырғанау спортына қызығушылық білдіретін жастардың қатары көптігін айтады. «Атыраулық бүлдіршін-дерді мәнерлеп сырғанауға баулығаныма көп уақыт болған жоқ. Өзім де Зарина секілді тоғыз жасымда алғаш рет жарысқа қатысып, жүлдемен оралған едім. Алдағы уақытта өтетін үлкен жарыстарға жас  спортшыларды дайындаудамын.  Олардың аяқ алысы жақсы», – дейді ол. 

Егер бұл спорт түріне ерекше көңіл бөлініп, жағдай жасалса, күні ертең Заринадай таланттар мұз айдыны төсінде өрнек салуда биік белестерді көптеп бағындырары кәміл.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз