Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Адам емес, құрал жұмыс істейді

Atr.kz/3 тамыз, 2020 жыл. Қандай да бір жұмысты атқарғанда оны жүзеге асыруға қажетті құрал-сайманың болмаса кәріп болып қалатының бар. «Адам емес, құрал жұмыс істейді» деген ұғым содан шықса керек. Бұл, әсіресе, асыраушы сала – ауыл шаруашылығында өте маңызды.

    Барлық жұмыс арнайы техникалармен атқарылады. Ал олардың құны егін адамы үшін әркез қолжетімді емес. Мұндайда мемлекет тарапынан құрылған арнайы құрылымдар шаруаларға көмек қолын созып келеді. Соның бірі және бірегейі – «ҚазАгроҚаржы» АҚ. Ол «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің құрамына енетін ауыл шаруашылығындағы басты мәселелердің бірі – техника паркін жаңарту мақсатында құрылған акционерлік қоғам. Негізгі қызметі – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаражатына, сондай-ақ,  лизинг негізінде ауыл шаруашылығы техникасына және технологиялық жабдыққа деген қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы еліміздің аграрлық секторын дамытуға қолдау жасау екендігі белгілі.

    Махамбет ауданындағы 2002 жылы құрылған «Дастан» шаруа қожалығы – соңғы он үш жылдан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ адал ниетті клиентіне айналған құрылымның бірі. «Дастандықтар» аталмыш қаржы институтының қолдауымен өздеріне қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке алып, егін және мал шаруашылығын дамытуға, қажетті жемшөп дайындауға мол мүмкіндік алды. Осы уақыт ішінде өзара ынтымақты байланыстың нәтижесінде жалпы көлемі 70 млн. теңге құрайтын техникалар мен құрал-жабдықтарды сатып алуды қамтамасыз етті. 

-«ҚазАгроҚаржы» АҚ  агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне ауыл шаруашылығы және арнайы техниканы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау бойынша көлік құралдарын лизингке ұсыну арқылы жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыратын құрылым болғандықтан біздің қожалық үшін тиімділігі мен қолдау көмегін үнемі сезінеміз. Әсіресе, егістікте көкөніс, бау-бақша өнімдерін өсіруде жаңа технологияның енгізу, гектар берекелігінін арттыру, тамшылатып суару, егіс зинкестеріне қарсы күрес және өндірілген өнімді тұтынушыларға жеткізуде сол техникалардың пайдасын көріп отырмыз.

Бір ғана мысал, егістік алқапқа тамшылатып суару әдісін енгізу арқылы картоп, көкөніс және бақша дақылдарынан алынатын өнім көлемін екі есеге арттырдық. Сонымен қатар, қожалықта егілетін көкөніс дақылдарының түрлерін он бірге, ал тамшылатып суару алқабының көлемін 120 гектарға жеткіздік. Карантин кезінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жұмыстар тоқсаусыз жүргізілді,- дейді «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Қоныс Ерманов. 

    Бүгінде «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы ұсынған жеңілдіктерді тиімді пайдаланған шаруа қожалығы – аймаққа танылған тұрақты даму үстіндегі бәсекеге қабілетті ұжымдардың қатарында. Қойнауы құтқа толы «Тайсойған» төрінде қожалықтың төрт түлік малы жайлаған. Қазіргідей тәж тажалы алқымнан алған қиын қыстау кезеңде «Дастан» шаруа қожалығының табиғи таза, әрі сапалы егіс және мал өнімдері халыққа қолжетімді бағамен сатылу өздерінің сауда нүктелері арқылы ұйымдастырылуда. Қожалық дихандарының өсірген тіл үйірер тәтті қарбызы мен қауынына, басқа да көкөніс өнімдеріне тұтынушылар сұранысы жоғары. Сыйымдылығы 1000 тонналық көкөніс қоймасында сақталған картоп, пияз, сәбіз, көкорам мен қызылша қыс айларында халық дастарханына ұсынылады.  

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнесті қолдауды тапсырды. Осыған орай биылғы жылдың сәуірінен бастап «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді қолдау мақсатында техника мен көлік құралдарын қаржыландырудың «Қазақстанда жасалған» атты арнайы жеңілдетілген бағдарламаны іске қосты. Ендеше, аймақтағы өзге де шаруа қожалықтары аталған бағдарламаның шапағатын көруге мүмкіндік алады деген ойдамыз.

Бақытжан ХАМИТҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button