Жарнама
Жаңалықтар

Абыройы асқақ жан еді…

1979 жылдың күзінде ҚазМУ-дің ІІ курсының 500 студенті бидай орымына көмек беруге Қостанай облысына бет алған. Поезд көкорай шалғынға оралған Көкше жерінен өтіп барады. Тамбур терезесінен жер келбетіне таңырқай да сүйсіне қарап, Лес Жолдиев жүзін маған бұрды. 

– Кісі қызығар қандай керемет жерлер! Əркімге өзінің туған жері ыстық. Мен үшін Қызылқоға – Миялыма жер жетпес. Бүгінгі дəуірлеген кеңестік заманда артта қалған отыз ауданның бірі – біздің аудан. Облыс орталығынан қашықтығы 400 шақырым, жолы нашар, аспан сіркіресе қара балшықтан адым жер жүру мүмкін емес. Қой соңындағы шопандардың əлеуметтік қорғалуын көргенде тұла бойым құлазиды. Университеттен соң елге ораламын, — деді ол. 

Бірге оқыдық, сəлеміміз түзу, бірақ тонның ішкі бауындай қоян-қолтық араласып кетпеппіз. Байқаймын, Лестің бойындағы сабырлылық, байсалдылық, тұқымында бар тектілік пе, бекзаттық па, көп үндемесе де орнын оқшаулап көрсетер биік мінезімен есте қалыпты. Сонысымен өзін сыйлатқызды, өзгелерге де өзегін суырып беруге даяр тұрды. 

Оқудан соң, Лес – Қызылқоғасына, мен – Сырдың бойындағы Жаңақорғаныма оралдым. Сонда:

– Лес-ау, Жаңақорған артта қалған 30 аудан санатына қосылмаса да, «шықпа, жаным, шықпамен» отырған аудан. Өгей баланың күйін кешіп, бірде көрші Шиеліге қарады, бірде еншісін берген болады, — дегенімде: 

– Олай деме, Жаңақорған үш артерия – Мəскеу–Пекин автожолы, Орынбор–Тəшкен теміржолы, Ұлы Сейхун–Сырдария күрежолы бойындағы ел нашар болушы ма еді?! Бізден көш ілгерідесіздер, — дегені бар. 

Топырағы торқа, суы бал Тайсойған мен Бүйрек, Ойыл мен Сағыз арасындағы кең алқапты алып жатқан Қызылқоға елі туралы Мұрат ақын: 

Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,
Ақтылы қойдың өрген жер.
Шалқыған дəулет мол бітіп,
Қызығын жұртым көрген жер, — деп бағалаған.
Ұлы держава дəуірінде осы Қызылқоғаның көсегесі көгермеді. 

Еліміз тəуелсіздігін алды, егеменіне қол жеткізді. Тамырына қан жүгірген Қызылқоғаның көсегесі көгеріп, бойын тіктеп, адамдар жүзі шырайланып, еңселі аудан атанды. Осының басы-қасында Қызылқоға аудандық газетінің бас редакторы Лес Жолдиев жүрді. 

Атырау облысы түгелге жуық газдандырылды. Қаланың ішіне асфальт салынды. Халық толықтай ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ол, шынында да елдің еңбегі. Оған ақтаулық Санақ Құлжығаров, атыраулық Бауыржан Шайхин, алматылық Мақсат Тəж-Мұрат, осы жолдардың авторы, тағы бірнеше азамат Тайсойған мен Нарын құмдарын «Елтану» экспедициясы аясында аралағанда, ауданның түкпірінде жатқан ауылдардағы электр, газ, жол, су мəселелерінің шешілгенін көріп, таңғалыстан аңтарылып қалған сəтіміз дəлел. 

Қызылқоғасының осындай асқақтаған сəтіне жетуіне аянбай еңбек еткен Лес Жолдиев елуінен енді асқан шағында өмірден озды. Сапар барысында туған ауылы – Көздіғарадағы бейітіне соғып, досымыздың басына құран бағыштадық, Миялыдағы шаңырағына барып, жары мен ұрпақтарына естелік айттық. 

Санамызда сабырлы Лес бейнесі ұмытылмайды. Қайта уақыт өткен сайын жаңғырып, тұлғалана түсетін сияқты. 

Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласынан қыркүйектің басында автокөлікпен шығып, бидайлы Тобыл өңірін аралап, Ақтөбеге келдім. Енді Орал арқылы Атырауға бару сапары тұрды. Əлия туған Қобдаға жақындап келе жаттым. Бір сəт Жолдиев ойыма оралды. Сабырлы да, жымия күліп қоятын ғұрпымен «Біздің ауылға соғып кетпейсің бе?» дегендей болды ма, қалай!.. 

Ұлы жолдан Ойылға апарар таспаға түстім. Одан əрі, құмды шағылдардан өтіп, Миялының тұсынан кіріп келемін. Таңғы шақ. Барға қанағат, уақытқа шүкіршілік еткен момын ауыл халқы уақ жандығын, сауын сиырын өріске айдап барады. Осы ауылды, халқын жанындай жақсы көрген айтулы азамат досымыз Лес Жолдиевтің ауылдастары бұлар. 

Əрине, Лес жайлы өткен мен бүгінді жалғаған ғұмырлы естеліктер айтылады, өнегесі жалғаса береді. Ол біздің жадымызда сол байсалды, биік мінезімен мəңгі сақтаулы. 

Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ, 

курстас жолдасы, қоғам қайраткері.

 Нұр-Сұлтан қаласы 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button