АБЫЗ – АҢЫЗ
Асанәлі Әшімұлы туралы жазылған мақалалар, эсселер, портреттер, арнау өлеңдер, салынған суреттер, түсірілген фильмдер, фотоальбомдар, өзінің берген сұхбаттары мен кинотуындылары, жазған кітаптары бір атан түйеге жүк болатын шығар. Қазақ өнерінің аңызға айналған абызының өмірінен шертілер сыр, айтылар әңгіме түгесілмек емес. Мына жазбалар да сол қойын дәптерге түскен әр кездегі ой-толғаныс, пікір, көзқарастардың ықшамдалған бір үзігі.
Өмірінің өзі өнерге айналып кеткен.
Надандықтың исі шыққан жерде бір минөт те отырмайды.
«Шығып келе жатқан күннің көзі ең алдымен шыңға түседі».
Адами бақыттың басында тұрған адам.
«Бір жайбарақат кездесіп отыруды мен де армандаймын».
«Ит қапты екен деп, мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады?»
Ол кезде бұл атақ СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросында майшаммен қаралып, бекітілетін.
***
Алла тағаладан оған талант берілді. Талант болғанда да сан қырлы, көл-көсір талант. Оны жұрт алдымен киноның, сахнаның актері деп біледі. Солай екені солай. Адам баласы әу бастан бір нәрсеге қабілетті не дарынды болып туады десек, бұл кісі актер болмаған күнде де жерде қалмас еді. Оны көрген бетте кім-кімнің де тарапынан пайда болатын үлкен бір сүйіспеншілік, сенім осылай деуге ден қойғызады. Сондай-ақ, бойындағы бір ғажайып тартымдылық оның бәрібір тегін адам болмасының айқын айғағындай көрініп тұрады. Ол жұртты өзінің дарын қуатымен мойындата тұра, сол дарын атрибуттары оның былайғы өмірінде де жалғасын тауып, тәнті етіп жатады. Өмірінің өзі өнерге айналып кеткен.
Ойды ой түртеді. Телеарнадан бір қылмыскер туралы айтылып жатты. Әлгінің істеген сұмдықтарына қанша жағаңды ұстасаң да «талантына» тәнті боласың. Бұл да талант. Өкінішке қарай, қаскөй талант. Оның таланты ізгі мақсаттарға қызмет етпейді. Сутегі бомбасын ойлап тапқан Сахаровтың да өмір бойы өкініп өткенін білеміз. Тіпті, өзін өлердей жек көретін сәттері де болыпты. Демек, істеген ісіне ешуақытта өкінбейтін, тек елге қызмет етуге жаралған дарынның ғана бәсі биік екеніне көп дәлелдің керегі жоқ. Сол биікке шыққан бір бекзат – Асанәлі Әшімұлы.
Енді бұл кісінің сан қырлы дарынынан хабар беретін өмірдегі қарапайым ұстанымдарына, соншалықты танымалдылығының қыр-сырына дендеп көрейікші.
***
Бірде ауруханаға Асағаңның көңілін сұрауға бардым. Бір белгілі жазушы отыр екен. «Мен өмірі шылым тартқан, арақ ішкен адам емеспін. Сонда да денсаулығым дұрыс емес» деді ол. Асекең: «Мен темекі де тарттым, арақты да іштім, әлі де ішіңкіреймін, тартыңқыраймын. Бірақ, кейде организмді адастырамын. Арақтың орнына шарап ішіп, темекінің орнына насыбай атып жіберемін. Соған қарап ағзамның өзі де абдырап қалатын болуы керек» деді.
Бұл – Асекеңнің әлгі жазушыға берген жауабы. Ол бұл ұтқыр сөзден не ұқты, қандай шешім шығарды, ол енді басқа әңгіме. Тек қай жерде, қай ортада не айту керек, өзін қалай ұстау керек екенін білуді ұқтырды, егер ұқса. Егер әлгі жазушыны талантты десек, кем талант болып тұр ғой. Себебі, нағыз талантты адам – мәдениетті адам, қандай жағдайда да өз қалпын сақтап қалған адам.
***
Асағаң өзінің қатарластары, жақын араласатын достарымен қатар, жасы кіші інілеріне де кішілік танытып, ілтипат білдіріп отыратын адам. Мәдениеттілігінің белгісі ғой, жақтырмаған адамына ишара білдіреді. Кішілік пен кісілікті бірдей ұстанады. Бірақ, соны түсінбейтіндер де бар.
Бірде бір інісі шет елге бара жатқанын айтып, «Сізге қандай сыйлық алып келейін?» деді. Әуелде оның сөзіне бұл кісі аса мән бермеді, дұрысы, естімеген сыңай танытты. Осының өзі-ақ жақтырмағанның нышаны екенін әлгі сезетін емес. Сыйлықты жасағысы келсе, жұрттың көзінше жария қылмаса да болады ғой. Бірақ, анау қояр емес. Асағаң ақырын ғана «Айналайын, сыйлықты алдымен шешеңе ал» деді. Осы сөз біздің көңілімізді босатып, мейірленіп қалдық. Ол да Асағаңның өзі айтқандай, «бүгінгі таңдағы інілерінің бірі».
***
Актердің тірлігінен бір байқағаным, гүл еккенді жақсы көреді. Жұрт көңілінде батыр бейнесінде сақталған адамның жанының нәзіктігі, үлбіреп тұратыны сондай, тіпті, күнделігіне «Гүлдер де жылайды» деп жазды. Әсіресе, үй ауласының күтіміне ерекше көңіл бөледі. Ауладан мәдениеттің, эстетиканың исі аңқып, лебі сезіліп тұрғанын ұнатады. Эстет адам. Ұқыпты келіндерін жақсы көреді. Күнделігінде жазғанындай: «Лас хозяйкалардың қолынан шай ішпейді». «Біздің қазақтар үйінің айналасын көгалдандырмайды, оның орнына картоп егіп тастағанды жақсы көреді. Бірінші ойлайтынымыз – тамақ» деп отырады.
***
Жеңгеміз Бағдат өте әсершіл, сезімтал, адал. Бұл да өнер адамы үшін бір бақыт. Бағдат Асекеңе кешігіп келген бақыт болғанымен, сол бақытты дер кезінде кемеліне жеткізген адам. Бағдат шаһарын бомбылап жатқан кез еді. Асағаң мен жеңгеміз мәртебелі махаббаттың арқасында сол кезде табысып, қосылды. Сондағы Асағаңның: «Жұрт Бағдатты бомбылап ала алмай жатыр, мен бір оқ шығармай алдым» дегені бар. Әрине, бұл қалжың. Асекең «…Жан бөлек» деген кітап жазды. Сол кітапты бір түнде оқып шыққан Бағдат арудың өзі айтқандай, «түнімен жылап, мен бұл кісіні бақытты етуім керек» деген шешімге келіп, тағдырын мәңгілікке осы босағаға байлады. Бұл шаңырақ бүгінде ағайын-туыстың аңқылдап келіп қосылатын қосынына ғана емес, кемел кеңес құратын Алаш ардақтыларының ауди-ториясына айналды.
***
Енді оны бұл биігінен түсіре алмайсың. Өйткені – талант. Ол тіпті, халтурамен айналысып кетсе де (өкінішке қарай, ол қолынан келмейді ғой) бәрібір сол биікте. Бұл, бәлкім, кем таланттыға, танымалдылығымнан айрылып қаламын деп жанталасатындарға тән нәрсе. Ал, бұлар өйтіп жанталаспайды. Мәселен, кейбір жүйрік журналистер кейде күнкөріс үшін мақала жазады. Бірақ, ол да сәтті шығады. Себебі, жаман жаза алмайтын жағдайға жеткен. Әшімов те сол, не істесе де жарқырап тұрады. Ол өмірден тек қана әдемі үйлесім іздейді. Сұлулықты, тартымдылықты жақсы көреді. Ұсақ-түйекке көп мән бермейді, тек терең, таза, тұнық ойларға беріліп, сол төңіректен ғана ләззат табады. Кітапты көп оқиды, әңгімені жақсы тыңдайды, өзі де жақсы айтады. Ал, енді бар ғой, надандықтың исі шыққан жерде бір минөт те отырмайды.
***
Надандық демекші, Асағаң бір жетім баланың қамымен институтқа барады. «Институттың ректоры надандау кісі екен. Мені танымай «атың кім еді?» дегенде, ол үшін ұялдым. Артынан өзі де қатты ұялды» деп жазады күнделігінде (27.09.1986).
Қазіргі заманда ештеңеге де таңқалуға болмайтын шығар, десек те, мынаған қалай таңқалмайсың. Асекеңді танымау – қазақты танымау ғой. Асағаң бұған да таңқалмайды. «Наданмен надан болу — ол да надандық» деп күнделігінің бір бұрышына жаза салады.
Егер қазіргі көп «жұлдыздардың» бірі әлгіндей жағдайда осы кісінің орнында болса, қайтер еді. Әрине, бұлқан-талқан болып, барған жерін жайпап кетер еді. Мұндай деректер де аз емес.
***
Қанша дарынды болса да өз мүмкіндігінен төмен өмір сүретіндер бар. Себебі, оған жарамсақтық, жағымпаздық жат. Оның мүмкіндігі – өзінің жиған абыройы, бар болғаны сол. Оған бәрі де өзі келді, атақ та, абырой да. Өйткені – талант. Ол, тіпті, сол ат үркетін атақсыз да атақты болар еді. Ал, енді бір ғажабы, өз мүмкіндігінен жоғары өмір сүретіндер бар. Ол жаңағы айтқандай, танымалдылығынан айрылып қаламын деп жанталасатындар.
***
Қазір біреумен қалжыңдасудың өзі қауіпке айналған заман. Алайда, қай кезде де қауып емес, тауып айтатын Әшімов әзілінің қарсыласынан қыңсылап қайтқан кезі жоқ. Қайта ондыққа дөп тиіп, көңілімізді көкке көтерсе, кейде әзілдің түбінде зіл жататынын да аңғартып кетеді. Әдетте, ауыр сөзімен балама деп жүрген зіл дегеннің өзі де кішкентай қара тас екен ғой. Кісіні қайғыға салу оңай, күлдіру қиын. «Көмейді толтыру оңай, көңілді толтыру қиын» дейді халық. Демек, күлдіру арқылы зілдің өзін де жеңілдетіп жібереді екен кемеңгер кісі.
Асағаңның ауызекі әңгімесі, жұртпен қарым-қатынасынан да талант шіркіннің ұшқындары шашырап жүреді.
Қайсыбір жылы Жамбыл облысында бір мерейтойы өтті. Бұрыннан да мәлім ғой, бұл кісінің танымалдылығында шек жоқ екеніне бұл жолы да одан әрі көзіміз жетті. Қонақүйден театрға баратын қарға адым жерге қырық минөт жүрген шығар-ау. Халық аттап бастырмайды. Қонақүйдегі бөлмесіне келіп, қолтаңба алушылардың өзінде қисап жоқ. Балаларының аузына түкіртіп, тұсауын кестіртіп, мәз-мейрам болып жатқан жұрт. Осы тойдан қайтқаннан кейінгі жол үстіндегі қауышулар, жүздесулер бір хикая. Бірінен-бірі естіген жұрт соңынан қуып жетіп жатады.
Қордай асуынан асқанда бір мейрамхана алдына келіп тоқтадық. Артымыздан қуып жеткен Есім деген жігіт Асағаңды жібермей тұрып алды. Көргенді, тәрбиелі, әзілкеш азамат екен. «Меркенің энергетика министрімін» деп таныстырды өзін. «Қадірлі Асеке! Біз сізбен өстік. Сіз болмасаңыз, бұзылып кетер ме едік» деді Есім. Сөйтті де Асағаңа ту бие атады.
– Қай кезде айтасыз, сол кезде апарамыз, – деп сөзін нақтылап қойды. Мәселе жылқыда емес, көңілді айтсайшы. «Қайран қазақтың марқасқа, ақжүрек жігіттері-ай, мына далаға қалай сыйып жүр екен» деген сөзді оқыдым абыздың жүзінен.
Есім сол тұрыста Асекеңнің бетінен үш рет сүйді. Асекең «Әй, сенің жылқың үшеу болып кетті ғой» деді. Көлден су ішкен өгіздей боп келе жатқан біз қарқылдап күліп, бір жеңілдеп қалдық. «Сізге бір үйір жылқы айдап апарсам да көптік етпейді» деді ер көңілді Есім. Бүгінде сол азамат қайда жүр екен деп те ойлап қоямын. «Біз бақыттымыз ғой» деп еді сол жолы Есім жүрегі ақ жалынға толып тұрып.
Бақыт дегеннің өзі не осы?! Біз тойда, жиында, басқа жағдайда болсын осы бақыт деген ұғымды жиі ауызға аламыз. Бірде Қадыр Мырза Әлидің «Айналайын, адам ешқашан да толық бақытты болмайды. Адамның бақытты сәттері болады. Сол шіркіннің көбірек болғаны жақсы ғой» дегені бар еді. Тараздың Дулати атындағы мемлекеттік университетінде өткен кездесуде актер де осы төңіректе біршама толғаныс күйін кешті.
– Сіздермен кездесу – мен үшін үлкен бақыт. Сіздер Әуезовтерді әдебиеттен білесіздер. Ал, біз өз көзімізбен көрдік. Біздің бақытымыз сонда, – деп еді.
Сондағы Әбсаттар қажының «Жаңа Асекең сіздермен бақыттымын деді. Оған таласым жоқ. Алайда, осындай ұлы адаммен кездесіп отырған біз және оны берген Тараз жері бақытты» дегені сол жол үстінде есімізге түсіп, жер-көкке сыймай, бақыттың бесігінде тербеліп келе жатқанда Есімдей ердің кездесіп, сол бақытты тағы да еселеп жібергенін айтсаңшы.
***
Ежелгі досы Есмұқан Обаев айтқандай, Асағаң шынында адами бақыттың басында тұрған адам. Басына түскен қандай қиындықты да ішкі рухани кемелдігі жеңіп, сол бақытты сәттерге қайта оралған жан. Сол жолы Мекемтас Мырзахметов «Өмірге сенімді адам – нық жүреді», «адамның болмысына енетін өнерді» (Абай) игерген мұндай адамдарды тағдырдың өзі де аз сынамаса керек» деп еді. Сол тағдырдың сынына қарсы жүзгенде аға досы Төрегелді Шармановтың «Трагедия дегеніміз, бұл – бостандық алдындағы жауапкершілік» деген сөзі аса көрнекті адамды ұстап қалу жолындағы талпыныстар еді. Осы бір терең түсініктер Асағаңды бақыттың барақатты жағалауына қайта алып келді.
***
Ол өмір деген ұлы ағыстың сарындарын күнделігіне түсіріп, жан дауасын емдеудің бір жолын тауып алды. Айнала қауымың қаумалап, әулетің әлеуетіңді асырып отырса да, талантты адамның жалғыздық күйін кешетін күндері де аз болмайды.
Алтын дәуірін бастан кешкен әкемтеатрға да бір кезде топалаң келгенін біреу білер, біреу білмес. Жарайды, бұл әңгімені уақыт ағзамның өзіне қалдырайық. Біздің айтпағымыз, «аса талантты адам неге жалғыз?» деген сөзге жауап іздеу еді ғой. Бар мақсаты ұлтқа, елге қызмет етуді ғана ойлайтын кісінің оңашада тағдырмен бетпе-бет қалуын сіз елестете аласыз ба? Сол оңашада ол кейде Құдайға қоятын сұрақты өзіне қоймады дейсіз бе? Қойды және оған өзі жауап берді. Ұстазымыз Ш.Мұртазаның талантты адамның кемшіліктеріне көз жұмып қарайтынын талай байқадым. Оның себебін өзімше былай топшылаған болдым. Ол – талант. Біз оны құрметтей білуіміз керек. Құрығанда соны түсінуге талантымыз жетуі керек қой деп ойлайтын болуы керек.
Біз де осы түсінікпен өмір сүруге тырыстық. Бұл ойдан әлі де ажыраған емеспіз.
Қали СӘРСЕНБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Арнайы «Атырау»
газеті үшін.