Қабыланбай батырдың атына көше берілді
Атырау қаласының «СМП-163» шағынауданындағы №1 көшеге Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі батырларының бірі – Қабыланбай Қалдыбайұлының есімі берілді. Бұл облыстық әкімдік мен мәслихаттың біріккен қаулысы мен шешімінің негізінде жүзеге асты.
Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев ер есімін ел есінде мәңгілік қалдыру жөніндегі ұсыныстың республикалық ономастикалық комиссия тарапынан оң қабылданғанын жеткізді. Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы-өлкетанушы Амангелді Шамғоновтың айтуынша, 1836-37 жылдардағы көтерілісте Қабыланбай батыр алым-салық төлеуден бас тартып қана қоймай, қолына қару алып, байлардың мүлкін кедейлерге үлестірген. Подполковник Геке бастаған жазалаушылар оны Исатай мен Махамбеттен кейінгі беделді үшінші тұлға деп есептеген екен. Қолдағы деректерге сүйенсек, Теректідегі Балқы ауылында болған қақтығыста жаумен шайқасқан батыр жасағы жеңіске жетіп, шаруалардың жері мен малын қайтарып беріпті.
Қабыланбай батыр бала кезінде қабанды жалаң қолмен ұстап, үзеңгімен соғып өлтіріпті. Содан бері көзге түсе бастаған. Тағы бір қызық жайт, денесінің тұлғалы болғаны соншалық, «Қара бұқа» мен «Сары қасқа» деген аттар ғана мінісіне шыдаған. Ол талай рет жендеттердің қолынан сытылып шыққан. Шайқастардың бірінде қолға түсіп, Сібірге айдалған. Оның ержүрек жан екенін Гекенің өзі Перовскийге жазған хатында мойындаған.
Амандық Сағынтайұлы