Әбуғали ҒАБДУЛЛИН туралы не білеміз?
Аtr.kz/26 мамыр, 2020 жыл. Жалпы қазақ журналистикасында өзіндік қалам қарымын танытқан, тәлімгер ұстаз атанған Әбуғали Ғабдуллиннің біз де алдын көріп, тағылымын алған едік. Сонда есімізде мықтап сақталып қалғаны – Әбекеңнің аса еңбекқорлығы.
Қашан көрсек те, қағаз-қаламы қолында, үстелге шұқынып отырғанына куә болатынбыз. «Журналист жазудан бір сәтке де қол үзбеуі тиіс. Қалам қаңтарылса, ой тоқырап қалады, содан соң айтарың пышырап, қалпыңа келуің қиын» деп қайталап отыратынын да ұмытқанымыз жоқ.
…Әбуғали ағамен өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің редакциясында бір бөлмеде отырып, қызмет еткен едік. Бұл – оның зейнет демалысына шыққаннан кейін редакцияда аудармашы қызметін атқарып жүрген кезі. Сол шақта да Әбуғали аға негізгі жұмысынан сәл қолы босаса- ақ өзінің жеке шығармашылығына кірісіп, бір сәт бос отырмайтын. Оның, басқасын былай қойғанда, Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған очерктерінің кейіпкерлері хақында мен сол жылдарда өз аузынан қызықты әңгімелер естіп едім. Өзі ерлік істерін шежірелеген майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін қашан, қалай кездестіргенін, қалай жата-жастана әңгімелескенін майын тамыза әңгімелейтін. Арасында үнемі қолынан тастамайтын үлкен қара сөмкесінен уақыт табынан сарғайған газет қиындылары мен фотосуреттерді көрсетіп, айтқанын әбден пысықтайтын.
Міне, бұдан қырық жылдай бұрын өзім Әбуғали ағаның өз аузынан естіген сол тартымды әңгімелер бас-аяғы жұп-жұмыр очерктерге айналып, «Пірім демей, кім дейін…» деген жалпы атпен жеке кітап болып жарыққа ш ы қ т ы . Ж и н а қ т ы б а с п а ғ а дайындағандар – ардагер ұстаз Зүлипа Ғабдолла келіні және былтыр дүниеден озған ардагер журналист Жаңбырбай Сұлтанғалиұлы. Атап айту керек, бұл кітап бүкіл ғұмырын журналистика саласына арнаған кемел қаламгер Әбуғали Ғабдуллиннің артында қалған шығармашылық мұрасының тағы бір бөлігін оқырманмен қайта қауыштыруымен құнды. Яғни, кітапты құрастырушылардың бұл орайда елеулі еңбек сіңіргені көрініп-ақ тұр.
Жинаққа атауы берілген «Пірім демей, кім дейін» деген очеркінде автор көркем де кестелі тілмен соғыс жылдарының тауқыметін қаз- қалпында айнытпай суреттеп берген. Оқып көрелік: «…Сталинградтағы кескілескен шайқастың дүбірі біздің қырдағы ауылға естіліп жатты. Ертеңгі тымықта батыс жақ дүрілдеп тұратын, кейде шайдай ашық аспан қақ айрылғандай болып шатырлап қоя беретін. Жер бауырлай ұшқан самолеттер төбенің астынан шыға келетін де, төбеңнен зулап өте шығатын. Тіпті, бірін-бірі қуалап, атысқан самолеттерді көргендер де бар- тын. Гурьев үстінен неміс самолеті ұшыпты, бомбы тастапты, құдай оңдағанда, ұйыма сорға түсіп жарылмай қалыпты. Қарғыс таңбалы самолеттер теңіздегі балықшылар үстінен ұшыпты…». Осылай бір деммен оқылып, көз алдыңнан кинолентадай сырғып өтетін сұрапыл күндер картинасы одан әрі «Правда» колхозының қым- қуыт тіршілігімен астасып жүре береді. Кейіпкерлерінің ішкі ой- толғанысы, сезім бұлқынысы монологтар арқылы да, диалогтар арқылы да әдемі өріледі. Журналистік шеберлік деген осы!
Көркем очерктің түйінінің өзі қандай шымыр, шиыршық атып тұр: «…Иә, ағаларым сондай жандар еді. Майданнан ақсақ-тоқсақ болып, кем- кетік болып оралғандары «мен жауды жапырдым, аяғымды бердім, қолымнан айрылдым, қанымды төктім» деп кеуде соғып жатпайтын. Солардың бірде- бірінің жүйкем босады деп әлдекімге дауыс көтергенін де көрген емен. Жаралы майдангерді жарылқаймын деп күнде жарлық беріп жатқан әкім- қараның шешіміне де құлақ салмайтын. Бұл күнде қатары азайып болды. Ешкімге алақан жайып жалбарынбай, еңкейіп құлдық ұрмай, шоқаңдай сылти басып өмірден өтіп жатыр. Апа-жеңгелерімді айтсайшы… Түзде азамат, үйде қамқор ана. Өкпесі өшіп, шаршап болдырғанша, мертігіп жығылғанша ата-ана деп, бай деп, бала деп сарпылумен күн кешкен Пірім! Иә, пірім демегенде, кім деймін бұл жандарды!». Міне, Әбуғали журналист ұрпағының бейбіт те, тыныш өмірі үшін өздерінің жастық шағын отты жылдардың өтеуіне берген қаhармандар хақындағы тағзымын осындай зор шығармашылық қуатпен тұжырымдаған.
Кітаптағы «Мәңгі тоңның жылы лебі», «Ешкім ұмытылған жоқ, ешнәрсе ұмытылмайды», «Тайсойғаннан Рейхстагқа дейін» атты очерктері де тартымды баяндалған сюжетке, сол арқылы шебер сомдалған образдарға толы. Бәрі де – өзіміздің атыраулықтар, бірқатарын күні кешеге дейін қатардағы қарапайым майдангер, тыл еңбеккері деп қана таныған болсаң, мына дүниелерді оқып шыққанда «апырау, күнде көріп жүрген сол бір қария тап осындай батыр екен ғой» деп еріксіз сүйсінесіз.
Ерлікті шынайы дәріптеп, патриоттық рухты асқақтататын қалам құдіреті дегеніміз осы. Оның үстіне бұл туындылардың қай-қайсысының да кейіпкерімен бірер мәрте жолығып немесе ол туралы аз-кем мағлұматты талшық етіп жазыла салмағаны, автордың жалықпай ізденіп, мұрағат қопарып, тың деректерді індетіп барып, ақ қағазға толғана төгілткені көрініп тұр.
Әбуғали Ғабдуллиннің бұрын да тарихи тақырыптағы «Саржала», «Шынияз», «Нарынға Бөкей бастап өтіп еді…» (Құмарғали Ғабдешевпен бірігіп жазған), Социалистік Еңбек Ері М.Нұрмұханов туралы «Атыраудың ақиығы», «Мұрат Мөңкеұлы» атты кітаптары жарық көргенінен көзқарақты оқырман жақсы хабардар. Мына жаңа жинақта соғыс тақырыбындағы жазбаларымен қатар, оның өлке тарихы, ұрпақ тәрбиесі жайлы да мазмұнды мақалалары енгізіліпті. «Халықтық педагогика сәбиге обал мен сауапты танытудан басталады. «Жер қазба, ол жаман ырым», «Талды кеспе, шөпті жұлма – обалы бар», «Адамға жамандық келтірмейтін жәндіктерді өлтірме», «Итті тепкенің – ырысыңды тепкенің», «Ырысты ысырап жасама», «Малды ренжітпе!». Балаға сәби шағынан құлағына сіңіретін осындай ақыл сөздің арғы жағында табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау жайлы халық даналығы жатыр…» деп жазыпты Әбекең «Жақсыдан – шапағат, жаманнан – кесапат» деген мақаласында. Көргені мен түйгенін кейінгіге ұлағат ете айтып кеткен абзал ағаның мұндай өрелі ой-толғамдарын осы кітаптың өн бойынан молынан табасыз.
Иә, артына мол мұра қалдырған әмбебап журналист Әбуғали Ғабдуллин есімі – әркез ұрпақтар есінде. Біз де редакция табалдырығын аттаған жастарға ардагер туындыларын үлгі-өнеге етіп, тәлім алуға үндеп отырамыз. Өйткені, газетіміздің шежіресінен ойып орын алатын алдыңғы буынның әрбір өкіліне құрметпен тағзым ету – біздің қасиетті парызымыз.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ
Әбуғали Ғабдуллин облыстық «Атырау» газеті редакциясында 1949-1956 жылдары Новобогат, Есбол, Бақсай аудандарындағы меншікті тілші, 1956-1977 жылдар аралығында редакция аппаратында мәдениет, үгіт және насихат бөлімдерінің меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болып, отыз жылға жуық табан аудармай еңбек етті, зейнетке шыққан соң да қара шаңырақта аудармашы ретінде қызмет атқарды.