
Абаттандырудың заманауи үлгілері: Аймақтық семинар-кеңесте талқыланды
Жиын Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ, Астана қаласының «Урбанистика орталығы», сондай-ақ облыс және қала әкімдіктері өкілдерінің қатысумен өтті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-Бүгінде урбанистика – өңірлердің дамуы мен халықтың өмір сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды сала. Атырау облысында бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік және жеке сектор арасындағы әріптестік арқылы елді мекендерді жайлы, қауіпсіз әрі заманауи ету көзделіп отыр. Атырау қаласының орталығындағы ескі үйлер бұзылып, олардың орнына мектеп, балабақша, көпқабатты тұрғын үйлер және жаңа Орталық саябақ салынуда. Сондай-ақ Бейбітшілік және келісім сарайының құрылысы жоспарлануда, — деді Қ.Нұртаев.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуовтың айтуынша, бүгінде қалада 133 мыңнан астам ағаш бар. 2024–2025 жылдары «Ретро», «Жеңіс», «Жастар» саябақтары мен түрлі алаңдар көгалдандырылып, 5 мыңнан астам көшет отырғызылған.
Сондай-ақ инфрақұрылым саласында Сәтпаев даңғылы мен оған іргелес көшелердегі жолдар жаңартылып, жаяу жүргінші жолдары мен субұрқақтар орнатылып жатыр. Аталған жоба 2026 жылы толық аяқталады.
Былтыр қалада 17 кіші футбол алаңы, 40 балалар ойын алаңы жаңартылып, жаңадан 15 ойын алаңы салынды. Ал 2025 жылы тағы 27 ойын алаңы орнатылуда. Сонымен қатар Исатай-Махамбет пен С.Мұқашев алаңдарына ірі ойын кешендері орнатылды.
-Қала аумағын абаттандыру және көгалдандыру бойынша жоспар құрылды.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қала мен елді мекендерде ірі жобаларды іске асыру көзделген. Атап айтқанда, қосымша 40 балалар ойын алаңы мен 27 спорт және жаттығу алаңы орнатылады, Жайық өзенінің қос жағалауы 2026-2030 жылдар аралығында заманауи үлгіде абаттандырылады, Нұрсая және Самал шағынаудандарында жаңа саябақтар салынады, 150 аула аумағын абаттандыру жобасы жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылады, — деді Т.Махауов.
Семинар қорытындысында Қ.Нұртаев қала көркі мен тұрғындар өмірінің сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдау қажеттігін тапсырды. Бұл жұмыстарды жоғарғы деңгейде атқару үшін осы салада біліктілікті арттыру қажеттігі де айтылды.