Жарнама
Жаңалықтар

«АБАЙЛАҢЫЗ: БАЛАЛАР!»

 

Биылғы  бес айда барлығы 31 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Бірақ, былтырғы сәйкесті кезеңнің көрсеткішімен салыстырғанда, жол-көлік оқиғалары 16 пайызға, оның ішінде қаза болғандар – 33, түрлі деңгейде жарақат алған балалар үлесі 16 пайызға төмендеп отыр.

— Өткен мамыр айы бойы облыста үш кезеңнен тұратын «Назар аудар: Балалар!» атты акция ұйымдастырылды. Соның аясында «Жолда қабылдау», «Күндізгі транзит», «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз,  балалар!» секілді бірқатар шаралар легі өткізілді, — деді Арман Төлеұлы.

Қаламызда бұрын небары 30 бағдаршам ғана жұмыс істесе, қазір олардың саны 50-ге жетті. Бұған қосымша тағы 13-ін орнату жөнінде ұсыныстар жолданған. Редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз Тұрғындар қалашығында жасыл түстен бірден қызылға ауысатын «ғажайып» бағдаршам жөнінде мәлімдеген болатын. Тежегішін басып үлгермейтін жүргізушілердің бас ауруына айналған бағдаршам әлі күнге дейін жол бойынан алынбаған. Аталмыш штаб бастығы бұл мәселені жуық арада қолға алатынын жеткізді. 

Облыстық балалар ауруханасының дәрігері Болат Есназаров балалардың жол үстінде жарақат алу фактілері бұрынғы жылдарға қарағанда азайып келе жатқанын жеткізді. Статистикаға жүгінсек, 2013 жылы 376,  2014 жылы 280, ал, биыл 127 бала ғана әртүрлі жеңіл, ауыр, ашық және жабық бас ми жарақаттарымен ауруханаға түсіп отыр. Одан басқа, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 46 бала дәрігер көмегіне жүгінген.

Біз де өз кезегімізде жол-көлік оқиғаларының болу себептерін сұрастырдық. Көп жағдайда оқиғалар тізбегі жылдамдығын асырған автокөліктердің қатысуымен орын алады екен. Балаларға арналған автоорындықтар мен оларды алмастыратын басқа да тиісті құрылғылардың болмауы көптеп тіркелуде. Есепті мерзімде   көлікті мас күйінде жүргізген 862 адам құрықталса, 189 жүргізуші қарсы бағытқа шығып, жол ережесін өрескел бұзған. 

Амандық АБДОЛ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button