
Абайдың «Толық адам» ілімі – білім мен тәрбиенің өзегіне айналмақ
Атырау қаласындағы Абай орталығында «Абайдың «Толық адам» ілімі және ұлттық құндылық» тақырыбында облыстық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.
Іс-шараны Атырау облысы әкімдігі мен облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Конференцияға облыстық басқармалар мен білім беру ұйымдарының өкілдері, «Ұлттық құндылықтар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақ тілі» қоғамы, «Елсана» рухани клубы, қалалық білім бөлімі және өзге де мемлекеттік құрылымдар қатысты.

- Конференцияның негізгі мақсаты – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімін тереңірек таныту, оны қазіргі білім беру жүйесінде ұлттық құндылықтармен сабақтастыра отырып қолдану жолдарын қарастыру. Сонымен қатар қазақ халқының рухани-адамгершілік әлеуетін арттыруға ықпал ету. Іс- шараға Алматы мен Астанадағы жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, сондай-ақ Ұлттық құндылықтар академиясының бірқатар ғалымы қатысуда. Жиын барысында Абайдың «Толық адам» ілімінің философиялық негіздері, ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие беру, Абай ілімін білім беру жүйесіне енгізу жолдары және оның ғылыми-әдістемелік қырлары талқыланды,-деді Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті Жанат Молдағалиқызы
Конференция аясында педагог-ғалымдар мен әдіскерлер ғылыми баяндамаларын ұсынып, өздерінің практикалық зерттеулерін ортаға салды. Тәрбие мен білім беру саласына қатысты әдістемелік ұсыныстар қаралып, тәжірибе алмасуға арналған алаң ұйымдастырылды. Шара қорытындысында ұлттық құндылықтарды білім беру мазмұнына жүйелі енгізу және Абай мұрасын тәрбие жұмысының өзегіне айналдыру бойынша нақты ұсыныстар мен әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, тиісті мекемелерге жолданатын болды.