Абайдың гуманистік ойларының бүгінгі қоғамдағы құндылығы
Атырау қаласында облыстық дін істері басқармасының қолдауымен «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Абай гуманистік ойларының бүгінгі қоғамдағы құндылығы» атты ғылыми «дөңгелек үстел» өтті.
Облыс тұрғындары арасында діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуын алдын алу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тарихи сананы жаңғырту, қазақы болмыс пен салт-дәстүрді ілгерілету мақсатын көздеген шараға қоғам қайраткерлері, педагогтер, ішкі саясат, дін, жастар ісі жөніндегі салалардың өкілдері қатысты.
Жиында дана Абайдың гуманистік ойларының бүгінгі қоғамдағы құндылығы, шығармаларындағы адамгершілік, тәрбиелік құндылықтар туралы кеңінен насихатталды. «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең істің бәрі бос» деп хакім Абай айтып кеткен осы тұжырымның бүгінде маңызы күшеймесе, кеміген жоқ. Расымен де қоғамның әр мүшесі бір мақсат пен бір мүддеге жұмылса, алынбайтын асу жоқ.
Атырауға іссапармен арнайы келген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Айгүл Тұрсынбаева «Абай тағылымы: қазақ халқының өмірлік философиясы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Алтынбек Ұтысханұлы «Абай және дін» туралы ойларымен бөліссе,
«Абай философиясындағы гуманистік құндылықтар» тақырыбында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан баяндады.
Ал дінтанушы-тарихшы Ернар Абзалұлы «Абай және болашақ» туралы пікірлерін ортаға салды.
Тағылымы мол басқосуда бүгінгі қоғамда орын алып жатқан түрлі өзекті мәселелер де талқыланып, ұсыныстар айтылды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суретті түсірген автор