Жаңалықтар

Аңыз адамның Атырауға сапары Облыс тұрғындары Геннадий Головкинге айрықша құрмет көрсетті

 Атырауға тұңғыш рет WBA, IBO, WBS және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, аты аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин келіп, мұнайлы өлкедегі жанкүйерлерімен кездесті. Кәсіпқой бокстағы әлем чемпионын«Атырау» халықаралық әуежайынан жергілікті халық қазақы дәстүрге сай үлкен қошеметпен қарсы алып, ақ дәмін ұсынды.

«МЕН ӨЗ ҮЙІМЕ ОРАЛДЫМ»

 bastygolovkin2Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының шақыртуымен келген чемпион мұнайлы астанадағы алғашқы сапарын өңірлік коммуникациялар қызметінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуден бастады.

— Геннадий, Атырауға қош келдіңіз! Еліміз бойынша бокспен айналысуға мүмкіндігі жоқ ауылдарды аралап, шеберлік сыныптарын өткізу жоспарыңызда бар ма?

— Иә, мұндай сапарларды мен міндетті түрде жоспарыма енгізіп жүремін. Өйткені, жас ұрпақтың дұрыс жолда жүріп, жақсы жетістіктерге жетуі үшін қолдау көрсету қажет. Сондықтан қолым тиген уақытта еліміздің жас спортшыларына шеберлік сағаттарын өткізіп, бар білгенімді ізбасарларыма үйреткім келеді.

— Естуімізше, сіз Қарағандыда көмір байыту кәсіпорнын қаржыландыруды қолға алып жатырсыз.

— Иә, кәсiби рингте тапқан табысымды Қазақстан экономикасына құймақшымын. Бұл идея Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Барлығын жеңіп, үйге қайт» деген сөзінен кейін пайда болды. Яғни, Президенттің ой тастауымен Қазақстанға инвестиция құюды шешіп отырмын. Жаңа кәсіпорында тұрақты 150 жұмыс орны ашылмақ. Осы орайда «неліктен көмір өнеркәсібін таңдадыңыз?» деген сауал туындауы мүмкін. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкем 35 жылдай уақыт бойы шахтада қызмет етті. Сондықтан, бұл сала маған, отбасыма өте жақын, жұмыстың да қыр-сырын білемін. Енді сол кәсіпті жалғастырып, өз үлесімді қосып, ел экономикасының дамуына аянбай еңбек етемін.

— Сіз бір сұхбатыңызда Астанада бокс кешін ұйымдастыр-ғыңыз келетіні жөнінде айтып өттіңіз…

— Иә, елімізде жекпе-жек ұйымдастыру — менің басты мақсаттарымның бірі. Өйткені, мұндай ауқымды шараны Қазақстан жеріне алып келуді міндет деп санаймын. Ең алдымен, қазақстандық бокс сүйер қауым осындай шоу көруге әбден лайықты. Қазақстанда кәсіпқой боксты дамыту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Енді отандастарды спорттың осы түрімен жақын таныстыратын уақыт жетті. Келер жылы Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі өтеді. Бүкіл әлемнің назарын Қазақстанға аудару мақсатында бокс кешін осы көрмеге арнап ұйымдастыру жоспарымызда бар.

— Келесі қарсыласыңыз кім?

— Ендігі жекпе-жегімді ағымдағы жылдың қыркүйек айында Лондон қаласында өткізу жоспарлануда. Әлі нақты уақыты мен орны белгіленген жоқ. Ал, қарсыласым — британдық кәсіпқой боксшы, WBA тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы кіші Крис Юбэнк болуы әбден ықтимал. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде.

— Сіз еліміздің миллиондаған халқына үлгі болып, мақтан тұтар тұлғасына айналдыңыз. Сіз үшін басты жауапкершілік неде?

— Мен үшін — бұл үлкен абырой. Балалардың спортқа көңіл бөліп, салауатты өмір салтын ұстанатындары қуантады. Мен ішімдік ішпеймін, темекі шекпеймін. Өйткені, маған қарап балалар бой мен ой түзейтінін үнемі жадымда ұстаймын. Басты жауапкершілік осы болса керек.

— Әуесқой боксқа қатысып жүрген кезіңізде атыраулық спортшылармен қолғап түйістірдіңіз бе?

— Әуесқой бокста ресми түрде 350 жекпе-жек өткізсем, соның ішінде Атыраудың боксшыларымен рингте кездескен сәттерім болды.

— Егер қазіргі таңда сізге кәсіпқой бокстан әуесқой спортқа ауысуға мүмкіндік туса, сіз ұлттық құраманың сапында шығып, Қазақстанның абыройын қорғауға келісер ме едіңіз?

— Жоқ, кәсіби боксты тастамаймын. Өйткені, екеуі – екі бөлек спорт түрі. Менің ойымша, артқа қарай бір қадам шегініс жасау – дұрыс шешім емес. Олимпиада ойындарында ұлттық құрама сапында өнер көрсету әр спортшының арманы екені сөзсіз. Алайда, мұны тек мен ғана шешпеймін. Оны шешетін белгілі бір құрылым, заңдылықтар бар.

— Бізді көбірек толғандыратын сауал, атыраулық былғары қолғап шеберлері ешқашан ұлттық құрама сапына еніп көрген емес. Сіздің ойыңызша, бұның себебі неде?

— Қазіргі таңда елімізде балаларды спортқа баулу үшін ауқымды істер атқарылуда. Үкімет тарапынан да үлкен қолдау бар. Мәселе спортшының өзіне, жауапкершілігіне де байланысты. Егер алға мақсат қойып, оған жету жолында бар ынта-жігеріңізді жұмсап, жауапкершілікпен қарайтын болсаңыз, міндетті түрде мақсатқа жетесіз. Ол мақсаттың бокс болуы міндет емес. Жеңіл атлетика, тіпті басқа да сала болуы мүмкін. Бокс – бір күндік мәселе емес, ол – жылдар бойы келетін тәжірибенің нәтижесі. Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев спортты қолдаудан аянбайтын азамат екенін білемін. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекетті сонау әуесқой бокста жүрген кезден бастап жақсы білемін. Бірге жаттықтық, рингте жұдырықтастық. Сондықтан атыраулық боксшылардың жетістіктері әлі алда екеніне сенемін.

— Сіз халық арасында «тірі аңыз» атанып кеттіңіз? Мұндай атақты абыроймен арқалап жүру қаншалықты жауапкершілік жүктейді?

— Мен – аңыз емеспін, қарапайым адаммын. Иә, кей адамдар мені үлгі тұтуы мүмкін. Бірақ, мен де кезінде олар сияқ-ты бәрін қарапайым нәрседен бастадым. Менің де үлгі тұтар тұлғаларым болды. Ешқашан өзімді аңыз, ұлы адам ретінде санамаймын.

— Мұнайлы астанадан алған әсеріңіз қандай?

— Мен өз үйіме оралдым. Өйткені, қазақтың кең даласының әр бұрышы — менің өз үйім. Сондықтан көңіл-күйім тамаша.

СПОРТҚА ҚОЛДАУ ЗОР

 Баспасөз конференциясынан соң әлем чемпионы Геннадий Головкинді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылдады. Кездесу барысында облыс басшысы спортшыға «қош келдіңізін» айтып, оның жетістіктеріне көптен бері тәнті болып жүргенін жеткізді.

— Уақытқа қарамай, сенің жекпе-жектеріңді қалдырмай тамашалаймын. Сенің жеңіс-терің – қазақстандық спорттың үлкен жетістіктері. Аға ұрпақ Геннадий Головкинді мақтан тұтса, кішкентай өрендеріміз сендей болуға ұмтылады. Сенің жетістіктерің – алдына мақсат қоя білген жан үшін алынбайтын қамал жоқ екендігінің нақты айғағы. Головкин Қазақстан Туын аспандатып, үстіне шапан киіп, ринг төріне шыққанда – миллиондаған қазақстандықтың жүрегін мақтаныш сезімі кернейді. Ақпарат құралдарын қарап отырсам, сенің ендігі қарсыласың кіші Крис Юбэнк барын салатынын жазған екен. Бірақ, біз Геннадий Головкин оған кімнің кім екенін рингте айқын көрсететініне сенеміз, — деді облыс әкімі. Айта кетсек, Том Доранды жеңген соң кіші Крис Юбэнк әлеуметтік желілерде: «Головкин, мен сенің белдіктеріңе келемін. Барлығы сенен қор-қады. Олар сені жеңілмейді деп ойлайды. Бірақ, бұл олай емес», — деп, Геннадийді кездесуге шақырған болатын. Ал, кәсіби спортшы өз тарапынан қазақстандық бокс мектебінің дамуына барын салатынын жеткізіп, атыраулықтардың қонақжайлылығына ерекше алғысын білдірді. — Кішкентай кезімде американдық боксшылар Мұхаммед Әли, Майк Тайсон сынды бір-туар спортшылардың жекпе-жектерін көргенде олардың жетістіктерін қайталау мүмкін емес деп ойлайтынмын. Енді бұл деңгейге біз де жетіп, шеберлікті өскелең ұрпақтың бойына дарытпақпыз. Әсіресе, балалар боксы үшін көрсетіп жатқан қолдауларыңыз үшін рахмет. Мен мұндай серпілісті көріп, қатты қуанып тұрмын, — деді боксшы.

ГОЛОВКИННЫҢ ТАРТУЫ

 Бұдан соң кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы «Жайық» спорт кешенінде балаларға шеберлік сыныбын өткізіп, олимпиадалық резервтерді дайындау орталығының және облыстық мүгедектер спорттық клубының жаттығушыларымен кездесті, пікір алмасты. Ал, кешке «Мұнайшы» стадионында өткен футболдан ел біріншілігі аясында «Атырау» мен «Тобыл» командалары кездесуінің құрметті қонағы болды. Бірінші таймнан соң үзілісте жанкүйерлер арасында өткізіл-ген байқауда оза шапқан қатысушыға Геннадий Головкин қолтаңбасы қойылған былғары қолғапты сыйға тартты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button