Заманның заңғар жазушысы

тұлға Жаңалықтар

Қазір ортамызда жоқ кемеңгер жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының рухына тағзым ету, еске алу күндері өтуде. Қазақстан Халық Жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Бейбітшілік және рухани келісім, «Тарлан» сыйлықтарының иегері, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Маңғыстау және Атырау облыстарының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі», «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев», «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының 76 жасқа толған күнін өзінің тірі кезінде өткен жылы ғана тойлап едік. Алайда, мәңгілік халық сүйіспеншілігіне бөленген Әбіш қай уақытта да ұмытылмасы анық.

%d1%82%d2%b1%d0%bb%d2%93%d0%b0

Әбекеңнің қаламгерлігі мектеп қабырғасынан бастау алады. Елуінші жылдардың орта кезе-ңінде «Лениншіл жас» газетіне бір автордың  мақаласы келіп түседі. Материалдың тақырыбына, көтерген мәселесінің салмақтылығына қарап, редакция  оны газет  бетіне жариялаған. Мақала астанада қоғамдық пікір туғызады да, зиялы қауым оның  авторының кім екенін сұрастыра бастайды. Сөйтсе, ол Гурьев облысының шалғай ауылындағы сегізінші класс оқушысы екен. Ол бір қазақ жазушысы мен бір орыс жазушысының екі кітабын қатар оқыпты. Шәкірт екеуінің бір-бірінен көшіріп алғанын байқайды. Тоғызыншы класта оқитын әдебиетқұмар бала  әдебиеттегі ұрлықты айтып мақала жазады. Ол әдеби қауымды біраз дүрліктіріпті.

Әбіш мақалалары одан бұрын да жарияланған екен. Бесінші класта жүргенде аудандық газетке «Екпінді егін екпей ме?» деген мақаласы шығады. Ол колхоз басқармасында талқыланады. Мә-жіліске Әбішті шақырады. Бас-қарма мүшелері «Кекілбаев жолдастың мақаласында көрсетілген кемшіліктерді» түгел мойындап, оны жоюдың  шараларын қабылдайды. Содан дәндеген Әбіш аудандық газет қана емес, облыстық газеттердің бетінде көп мақала жариялайды. Әбіштің қаламгерлігі осылай басталған еді.

Өзінің шығармашылығын Әбекең  поэзиядан  бастады. Бірақ, бір айта кететін жай, ол  поэзия мен прозаны қатар ұстап, студенттік ғұмырын  өткізгенін білеміз. Студент Әбіш буырқан-ған бұла күшін бойына сыйғыза алмай жыр да жазды, прозалық  шығармалар да тудырды, сыншылықпен де айналысты. Оған куә – «Алтын шуақ» өлеңдер  жинағы. «Алтын шуақ» шынында да өзінің заты атына сай жинақ болып, Тұманбай, Қадыр, Жұмекен, Мұқағали, Төлегендердің тағы бір ізбасары дүниеге келгенін  жария етті. Поэзияға сын көзбен  қарап жүретін  Қадыр Мырзалиев бөркін аспанға атты. Прозадағы студенттік кездегі  жетістігін жылдар өте  Мұхтар Мағауин еске алып: «Әбіш екеу-міз әңгімені жарыса жазғанда ол менен озып кетті» деген болатын. Университеттегі әдебиет үйір-месін басқара жүріп, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің романын талдап сөйлеген сөзі әдебиетіміздің бір шежірелік дерегі болып қалды.

Әбекеңнің алғашқы «Ажар» атты шығармасынан бастап жазылған әңгімелер тізбегін айтсақ,  бір-бір классикалық туынды десе болар. «Ашбөрі», «Ең бақытты күн», «Галстук сатушы қыз», «Көлденең көк атты», «Есболай», «Тасбақаның шөбі», «Керек адам», «Міне, керемет», «Ақырғы аялдама».

Бұл әңгімелердің әрбіреуінің астарында адам тағдыры жатыр. Олардағы әр кейіпкердің арман-мүддесі, қым-қуыт өмірі, махаббаты, сырлы жан дүниесі қызықты суреттеледі.

Әбіштің бұл әңгімелері үлкен эпикалық шығармаларға баспалдақ, биікке өрлеудегі шағын төбелер  еді.

Оқырмандар жазушының шығармаларын оқып отырып ерекше толғанысқа кенелді. Себебі, сол кездегі жас қаламгердің қалам тербелістері өзінен бұрынғы салынған дәстүрді жалғастыра  және  жаңарта келді. ХХ ғасырдың  бірінші жартысында басталған тебіреністі «парасатты проза» аса қуатты айшықтармен көрінді. Әбіш алғашқы әңгімелеріне  ілестіре болмысы бөлек  хикаяттардың  сериясын тудырды. Оқырман  қауым  жас жігіттің қалам сілтесіне елең етті,  шын мәнісінде  «Шыңырау», «Бәсеке», «Күй» «Ханшадария хикаясы» бірден елді баурап алған болатын. Бұл шығармалар адам жанын тылсым тіндерге ұштастырып, оқырман қиялын биік қиырларға сілтегендей. Әр шығармасын оқыған сайын тоқсан толғанысқа түсіргендей. Бұл  шығармаларда қазақ жерінде тарихи оқиғалар өткенін қолға ұстатқандай суреттеп, қазіргі заманның шындығына әкеп жалғастырғандай ғажап әсерге  қалдырады.

Бұл хикаяттарды оқып отырып, шетел корифейлері Оноре де Бальзак, Эдгар По, Ги де Мопассан, Проспер Мериме, Стефан Цвейг, Джек Лондон хикаяттары еске түседі. Әбіш хикаяттарын  шетел классиктерімен салыстыра қарап, олардан әлдеқайда биік тұрған шындыққа көз жеткізгендей болдық.

Қазақ жазушысының түйіл-ген жұдырықтай шымырлығы, басы артық  ешбір  детальдың көрініс бермеуі, әрбір сөйлем, әрбір  сөзге дейін шығарма идеясына қызмет етуі шетел жазушыларынан  Әбішті асырып көрсетті.

Қаламгердің қазақ әдебиетінде өзіндік үнімен, идеялық құпияларымен, көркемдік қасиеттерімен көрінген, шындықты бейнелеген хикаяттары «Автомобиль», «Құс қанаты», «Бір шоқ жиде», «Шеткері үй», «Бәйгеторы» болып есептеледі.

Осы таңғажайып хикаяттарынан кейінгі Әбіштің тұңғыш  романы 1974 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Махаббат мұнарасы»  әдебиет сүйер қауымға тағы бір  сілкініс жасады. Кейіннен бұл романның аты «Аңыздың ақыры» болып өзгертілді.

«Аңыздың ақыры» жетпісін-ші жылдары дүниеге келсе, сексенінші жылдары «Үркер», «Елең-алаң» романдары туды. Үшеуі де –  тарихи  роман. «Аңыздың ақырында» Ақсақ Темірдің заманы  бейнеленген. Құдіретті хан романда Алмас хан  образында көрінсе, «Үркер» мен «Елең-алаңда» ХVІІІ ғасыр шындығы бейнеленіп, бел ортасында Кіші жүз ханы Әбілхайыр тұлғасы суреттелген. Соңғы екеуі – қазақ тарихының бір кезеңін қопара суреттеген эпопея.

Үш романды Әбіш шығармасындағы «үш алып» деп атаса болады. Әбіштің «Аңыздың ақыры» мен хикаяттарының аудармасын оқыған шетелдіктер таңғалып, Әбішті «ХХ ғасырдың ең таңдаулы, көрнекті жазушыларының» қатарына қосуға мәжбүр болды.

Әбіш қаламынан туған көсемсөз, соны мақалалары мен баяндамаларының басын біріктіретін кітаптарының және тарихи  зерттеулерінің орны бір төбе. Олар – «Ұйқыдағы арудың оянуы», «Тырау-тырау тырналар», «Дәуірмен бетпе-бет», «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы», «Шандоз» тарихи баяны, «Абылай хан» тарихи драмасы, «Дүниеғапыл» жырлар жинағы тағы бар.

Әбекеңнің аса зор саяси және мемлекет қайраткерлігі еліміз егемендік алғанда ерекше көрінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еңбек Ері» атағын беріп, Алтын жұлдызды тапсырып тұрып айтқан мына сөзі Әбекеңе берген бағасы  деп білеміз:

«Басқару дегеніміз – түзеу» деп, Конфуций данышпан айт-қандай, біз қателесе жүріп, түзедік, түзелдік. Бірімізден-біріміз үйрендік. Бірімізге біріміз сабақ бердік.  Сөйтіп, Тәуелсіздіктің тал бесігін тербетіп, балаң бостандықтың бесік жырын маршқа айналдырдық. Ол «Менің Қазақстаным» болып асқақтады. Сол халықтық хордың  жеке дауысты орындаушысы болған шағымда Әбекең де қасымда болды. Сенімді дос, серіктес жолдас, сезімтал бауыр бола алды. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін».

Иә, Әбіш Кекілбайұлы Елбасына деген, елге деген қызметін, көмегін халық алдында, Парламент мәжілістерінде парасатты сөйлеуімен жүзеге асырды. Әбекеңнің шешендігі, сөзінің асылдығы, ғұламалығы, білімдарлығы бүкіл қазақ халқын таңғалдырды.

Академик З.Қабдоловтың Әбіш туралы лебізі халық аузында жүр:

«Әбіш – менің кемеңгер шәкіртім!»

Ұстаз көкірегінен жарқ етіп шыққан шынайы, қанатты сөзді еріксіз қостайсың.

Тағы да замандасы Мырзатай Жолдасбековтің сөзі ел  аспанында  қанат  қағады:

«Әбіш – Маңғыстаудың тірі әулиесі!»

Бұл – Әбіш ғұламалығы мен пірлігін мойындаған халық ойы.

Шіркін, Әбекең туралы айта берсек, сөз таусылмайды.

Заңғар жазушы, заманымыздың классигі Әбіш Кекілбайұлы шығармашылығы келер ғасырлардың рухани нәрі болатынына еш күмән жоқ.

 

Қадыр ЖҮСІП,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз