Аққыстаудағы алқалы жиын: Алуан пікірлер тоғысы
Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков өңір тұрғындары алдында өткен жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстардың есебін берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Ищанов, Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының мемлекеттік инспекторы Қанатбек Жайсаңбаев қатысты.
Экономикалық даму ойдағыдай
2016 жылы өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 134 млрд. 214 млн. теңгені, нақты көлем индексі 99,8 пайызды құрады. Барлығы 1217,5 мың тонна мұнай, 42 млн. текше метр ілеспе газ өндірілді. Теміржол саласында қозғалыс қауіпсіздігі қатаң сақталып, пойыздардың кідіріссіз өтуі қамтамасыз етілді. Аққыстау стансасы бойынша 465 вагон жүк түсіріліп, жоспар 118 пайызға орындалды.
Мал тұқымын асылдандыру, сатып алу және тұқымдық түрлендіру жұмыстарын жүргізген шаруашылық құрылымдарына жалпы сомасы 49,4 млн. теңге сомасында субсидия берілді. Сонымен бірге, ірі сабақты мал азығын дайындаған және «Құлан» бағдарламасымен жылқы шаруашылығын қолға алған шаруа қожалықтары тиісінше субсидиямен және несиелік қаражатпен қамтылды. Нарын, Бақсай каналдарын сумен толықтыруға бөлінген 40,8 млн. теңге қаржы толықтай игерілді. Егістік жердің аумағы ұлғайтылып, одан алынатын картоп, көкөніс, бақша өнімдерінің көлемі көбейді. Жыл ішінде 54 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.
Кәсіпкерлік қадамдары
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау шаралары күшейтілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен тоғыз жобаны қаржыландыруға 31,5 млн. теңге несие бағытталып, біреуіне 3 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлінді. Сол сияқты, «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 10 жобаны қаржыландыруға 98,9 млн. теңге, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 12,4 млн. теңге несие қаражатпен көмектесілді. Ал, «Атырау шағын несиелеу қоры» ЖШС 440 адамға 276 млн. теңге көлемінде несие берілуін қамтамасыз етті.
ҚҰРЫЛЫСТА ҚАРҚЫН БАР
Құрылыс саласында «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде Тұщы-құдық ауылындағы су тарату қондырғысы қайта жаңғыртылып, селоішілік су желісінің құрылысы аяқталды. Шалғайдағы Қызыл үй және Жасқайрат елді мекендеріне су құбырын тартуға жобалау-сметалық құжаттары жасақталды. Жанбай ауылында 200 орындық клуб, Қызыл үйде 80 орындық мектеп құрылысы басталды.
Басқа да көптеген құрылыс нысандарын салу жоспарланды. Соның ішінде, «НКОК» компаниясының демеушілігімен 60 пәтерлік бір үйдің құрылысы аяқталу сатысында тұр. Мүлікті жария ету жөніндегі аудандық комиссияда азаматтардан түскен 255 өтініш қаралып, жалпы құны 717,3 млн. теңгені құрайтын 839 нысан заңдастырылды.
Баяндамасына осы мәліметтерді арқау еткен аудан әкімі салық және бюджет, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, мәдениет және спорт, құқық қорғау, көріктендіру және тазалық салаларында атқарылған, 2017 жылға жоспарланған жұмыстарды атап өтті.
Бұдан кейін жарыссөзге кезек беріліп, тұрғындар ұсыныс-пікір, тілектерімен ортақтасты.
Ж а р ы с с ө з д е н:
Самат ҚАБДЕЛОВ,
Исатай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Балшықтан құтылудың жолы бар ма?
Осы жиынды пайдаланып, тұрғындардың көкейіндегі бірер мәселені де айта кеткенді жөн көрдім. Біріншісі – тұрғын үй құрылысы. Аудан бойынша қазір тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде 690 адам тұр. 2015 жылы 60 пәтерлік 1 үй берілсе, 2017 жылы екінші 60 пәтерлік үй пайдалануға берілгелі отыр. Сонымен қатар, кезек күткен отбасылар да баршылық. Сондықтан, осы жобамен тағы да екі-үш үй салуға қаражат қарастырылса дұрыс болар еді. Екінші мәселе – Аққыстау, Тұщықұдық ауылдарының тұрған жеріне жерасты суы жақын, балшықты. Өткен жылғы қардың қалың болуынан және көктемдегі нөсер жаңбырдың салдарынан 200-дей тұрғынның үйіне жаңбыр суы кірді. Көпшілігінің апатты жағдайда екендігі анықталды. Кәсіпорын-мекемелердің техникалары мен қондырғылары жұмылдырылғанымен, көшелерге жиналған суды сорып, тасып тауысу мүмкін емес. Менің ойымша, бұл проблеманы шешудің бірден-бір жолы – кәріз желісі құрылысын салу.
Айгүл ӘДІЛОВА,
Исатай орта мектебі директорының орынбасары:
Ауылдан колледж ашылса…
– Елбасы Жолдауында атап айтылғанындай, 2017 жылдан бастап елімізде баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім бағдарламасы жүзеге асырыла бастағандығы белгілі. Десек те, бүгінгі таңда біздің ауданымызда кәсіптік колледждің болмауы бұл міндеттің орындалуына кедергі келтіреді деп есептеймін. Осыны ескеріп, облыс басшылығы тарапынан аудан орталығынан заманауи үлгідегі осындай оқу орнының ашылуына қолдау көрсетілуін сұраймын. Одан бөлек, орталықтан шалғайлау орналасқан мектебіміздің оқушылары мен ұстаздарының ауданда, облыста өтетін түрлі шараларға қатысуына өзімізде автокөліктің болмауы да қиындық тудыруда.
Аманжол РАХМЕТОВ,
Исатай аудандық ветеринария стансасының
бастығы, аудандық мәслихаттың депутаты:
Мал ішінде ауру көп
— Шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерді қайтарымсыз қаражатпен және несиемен қамтамасыз ету шаралары алынып келеді. Осы ретте Нарын құмында мал өсірген елге суды жақындату үшін Қызыл үй каналын 40 шақырымға ұзарту, болмаса құбыр тарту мәселесінің шешілуіне көмек берілсе деген тілегім бар.
Өткен жылы ауданымызда мүйізді ірі қара малдан нодулярлы дерматит ауруы шығып, карантин жарияланды. Орын алған жағдайға байланысты тиесілі субсидия берілмей қалды. Сол мәселе ескерусіз қалмаса екен. Тағы бір айта кететін жай, Томан елді мекенінің тұрғындары жолдан қиындық көріп отыр. 2015 жылы мұнда табиғи газ келіп, таза су тартылды. Бірақ, трассадан елді мекенге дейінгі 1,5 км жолмен жауын-шашынды кездері автокөліктер балшыққа батып, жүре алмайды. Кірме жол салу үшін жобалау–сметалық құжаттамасы дайын тұрғанмен, қаражат бөлінбеуде. Ауылға шағын балабақша да ауадай қажет.
Кенжегүл ӘЛенҒАЛИЕВА,
Абай атындағы орта мектептің мұғалімі:
Жастарға жайлы орта керек
– Қазіргі қоғамды алаңдататын мәселенің бірі халықтың букмекерлік кеңселерге әуес болуы дер едім. Мұны әркімнің өз еркіндегі нәрсе деп қарағанмен, осындай ойындарға құмарлықтың салдарынан талай адамның, тіпті кейбір отбасылардың жапа шегіп отырғаны да жасырын емес. Мұның бір себебі, ауыл жастарының кешкі мезгілде бос уақыттарын тиімді өткізетін орындардың аздығынан деп білемін. Осыған орай, ауылдағы мәдениет үйлерінің жұмысына өзгерістер енгізіп, жастарға арналған арнайы шаралар кешені жасақталып, жүйелі түрде өткізіліп тұрса деген ұсынысым бар.
Екінші бір өзекті мәселе – жұмыссыздық. Оның деңгейін төмендету мақсатында жастарға кәсіпкерлік бағытындағы бағдарламалардан жан-жақты түсінік жұмыстары жүргізілсе деймін.
Сауалдарға – нақты жауап
Жарыссөзден соң тұрғындар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды.
Алғашқы болып сөз алған еңбек ардагері Таупих Маштахов соңғы кездері аудандық әкімдікте болып жатқан ауыс-түйістердің себебін сұраса, Аққыстау селосының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Айпара Ибраева біраз мезгіл «Жайықмұнайгаз» басқармасымен бірлесіп жұмыс жасайтын мердігер мекемелердің бірінде қарапайым қызмет атқарғанын, кейіннен жұмыстан қысқарып қалғанын айтып, соған байланысты әкімшілік тарапынан көмек-қолдау көрсетілуін сұрады. Бұдан кейін ортаға шыққан аудандық «Нарын таңы» газеті редакторының орынбасары Аяпберген Салихов ауданда бұқаралық спортты, туризм бизнесін дамыту, мемлекеттік қызмет құрылымдарына қажетті мамандар даярлау мәселесіне қатысты ойларын ортаға салды. Сол сияқты, Тұщықұдық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы Қабира Каюмова, Аққыстау селосының тұрғыны Есмұрат Қадыров көшеге жол салу төңірегінде сөз қозғады. Забурын ауылдық округіндегі ардагерлер ұйымының жетекшісі Уахит Әділов жергілікті тыл ардагерлеріне, соның ішінде мүгедектерге қатысты ойларын айтты.
Тұрғындар сауалына аудан әкімі Тұрарбек Ғайнеденұлы ретімен жауап берді.
***
Есеп беру жиынында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Ищанов жақында ғана жарияланған Елбасының Үндеуі мен Жолдауы жөнінде ой-пікірімен бөлісті. Бұл құжаттардың маңыздылығына тоқталып, басым бағыттарын байыптады. Онда атап көрсетілген міндеттер мен тапсырмаларды саралады.
Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қорытындылап, өткен жылы аймақта атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндады. Бұған дейін өткен есеп беру жиындарында көтерілген мәселелерге көңіл бөліп, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тарапынан айтылған сын-ескертпелерден тиісті қорытынды жасалу керектігін қаперледі. Өткен жылы өңірде жүзеге асқан іс-шараларды оң бағалап, ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстарды да бірлесіп атқаруға шақырды.
Дәулетқали Аруев.
Ерлан Алтыбаев (фото).