Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Ақын Өтеген Оралбайұлының әдеби-өнер кеші өтті (ФОТО)

Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Өтеген Оралбайұлының әдеби-өнер кеші өтті.

_EAC5097

Шараны «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді. Поэзия кешінің шымылдығы кейіпкеріміздің өмірі мен шығармашылығы жөніндегі бейнебаянмен ашылды. Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев те өз сөзінде ақынның жұртына мұра ғып қалдыратын өлеңдерінің ішкі қуатына тоқталып, өмір жолы туралы айтты.

Өлеңдерінде: — «Ауыл қайда, су қайда», қайда бәрі?

Менің басым сұрақтан айналады.

Ақкиіздің аспанын бұлт басыпты,

Кім бар дейсің іздейтін қай баланы?

Мен алысқа кеткенмін арман қуып,

Балапан-жыр талпынып, алдандырып.

Ауылыма ат ізін салмай кеттім,

Дос түгілі, қасты да таңдандырып,-деп жырлаған ақын өзінің перзенттік сағынышын жыр кітаптары арқылы паш еткені көзі қарақты оқырманға айқын. Шындығында, несібесі алысқа шашыраған атыраудың ақын ұлы асқақ арман жетегіне ілескелі де жарты ғасырға жуық уақыт өткен екен. Сынаптай сырғыған күндер уысқа тұрмайтыны белгілі. Жүрегіне де, самайына да өз ізін қалдырып үлгерген жылдар белесінен өткен шаққа қараған ақын ұлдың көңілі босап, көкірегін алапат аңсау күйдіргенін жасырмай, жасандылықтан ада, алғаусыз көңілмен ақтарылғаны жұртшылыққа да игі әсер етті.

_EAC5140

«Ардақты ардагер жұртым, алқалаған әлеумет! Алдарыңызда басымды идім! Қайырлы кеш, қымбатты бауырлар! Бүгінгі кеш — менің өмірімдегі тарихи сәт, сәулелі сағынышты сәт. Кештің тақырыбын таңдағанда бірден ойыма оралған тақырып — «Туған жерге тағзым». Шындығында, осыдан 48 жыл бұрын арман қуып, 16 жасымда сонау Жылыой ауданының Ақкиізтоғай деген ауылынан бозбала болып аттанып едім, бүгін орталарыңызға бозбасты аға болып оралып тұрмын. Кіндігім кесілген Жылыой ауданы, Жем өзенінің жағасы мен үшін жұмақтан да артық мекен. Талай жерлерді араладым, алайда, туған жерге жететін жерді көрмедім. Талай кештерім де өтті, бүгінгідей айрықша кеш Атырауда ғана өтіп жатыр. Сондықтан, туған топыраққа арнаған жыр жолдарын қабыл алғайсыздар»,-деп өлеңдерін оқыды.

Кештің ерекшелігі — біртұтастығында. Өтеген Оралбаев көптеген әндерге сөз жазған, сол әндердің бәрі дерлік өнерсүйер жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, жиі шырқалып жүр. Жыр кешінің бастауы — «Беташар» әні. Сахнада ата салтымен келін түсіріліп, беташар айтылды. Кенен Әзірбаевтың әуеніне жазылған «Беташарды» әнші Құрманбек Әбілғазы орындады. Көптен күткен келінін әулетті жалғастырушы деп қабылдаған атаның үміті, арманы осы өлең арқылы көпшіліктің көңілін аялап, ізгілік нұрын сепкені ақиқат.

Сексенінші жылдары үйлену тойлары «Жас жұбайлар жырысыз» өтпейтін. Осы бір бүкіл елдің жүрегіне жол тапқан, махаббаттың жаршысындай, пәк сезімнің сәулесіндей тербеткен ғажайып әннің сөзін жазған — Өтеген Оралбаев екен. Композитор Ғалым Сердәлінің әуеніне жазылған аталған әнді шырқаған Құрманбек пен Риза Әбілғазы қалың жұртшылықтың қошеметіне ие болды.

Атамекенін өлеңмен тербеген ақынның кешінде Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай да қатысты.

_EAC4985

«Атыраудың аяулы жұрты! Талай ұлының кіндігін кескен, талай дарынның бесігін тербеткен ұлы жұрт! Бәріміз тамашалаған бейнебаяннан кезінде өзімізге бата берген, рухани аға-апаларымыз болған ұлыларды көрдік. Поэзия падишасы атанған Фариза апамыз сөйлеп тұрды. Қазақ руханиятының Хан Тәңіріндей болған Әбіш ағамыздың сөзін естідік. Соның бәрі жүрегімізді толқытты. Фариза апамыз Өтеген Оралбайұлының кешін жүргізіп тұр екен. Кешегі аласапыран мезгілде жоқ болып кеткен Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерден кейін «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп жалындап келген Қасым, одан кейін әрқайсысы өз даусымен елең еткізген Қадыр, Тұманбай, Фариза, Әбіштер — үлкен қасиет иелері еді. Кез-келген ақында да қасиет бар, кие бар. Бүгінгі кеш иесі Өтеген Оралбайұлы да:

«Жолығып ақ ниетті нұрлы өлеңге,

Жеттім мен бір белеңнен бір белеңге.

Жүректің жариясы жыр боп шықты,

Жанымның жапырағы бүрлегенде»,-деп тұңғыш жинағынан бастап, кешегі екі томдық «Өлеңбаянға», «Қағбаның қарлығаштарына» дейінгі кезеңде өзінің атакүлдікке деген перзенттік парызын паш еткен болатын. Бұл қатар өлеңге деген іңкәрлікпен, өлеңдегі көз жасындай мөлдірлікпен, таң шығындай тазалықпен таң қалдырады. Бүгінгі кеш — сағыныштың, парасаттың тойы. Атырауға келгенде рухтанып келеміз. Бүгін де солай. Жемнің жағасында балдырған күнін қалдырған ақын құрғап қалған өзенді жырға қосу арқылы бүгінгі таңдағы экологияны, бүкіл жер шарындағы адамзаттық мәселені көтереді. Оның өлеңдері — лиро-поэзиялық поэзия»,-дей келіп, Қазақстан Жазушылар Одағы атынан Өтеген Оралбаевқа шапан жауып, алғыс хат тапсырды.

_EAC5312

Ақынның «Төрт өрме қамшы» өлеңіне композитор Мақсым Меңкешов ән жазған екен. Жергілікті әнші Манарбек Ержанов осы әнді әуелетті. Бұдан кейін филология ғылымдарының докторы, Түркістан қаласындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры Құлбек Ергөбек сахна төріне көтерілді.

«Армысыздар, айбынды Атырау жұрты! Сонау ғасырлар шаңы астында жасырынып жатқан деректерге сүйенсек, бүгінгі Каспий теңізі ілкім замандарда Хазар теңізі болып аталған. Осы жерде Хазар патшалығы дәуірлеген. Ежелгі мемлекеттің орнында көненің көзіндей болған ардагер жұрттың айбындылығы тектен тек емес. Бүгін орталарыңызға келу себебіміз өздеріңізге аян. Кештің бастамасындағы бейнебаянда сөз сөйлеп тұрған ардақты ағалар, Фариза апамыздың сөзі бізді де қоса тебіреніп кетті. Біртуар Әбіш Кекілбаевтың өзі дарынның дархандығын, жан туыстығын жоғары бағалап тұрған жоқ па? Осыдан кейін бізге сөйлемеуге де болатын еді. Бірақ, Өтекеңнің алдындағы достық парызы аузыма сөз салып тұрғандай.

Мен Өтекеңді аға тұтам. Бір жылдың төлі болғанмен, Жылыойдың қара баласы ҚазМУ-ге менен бұрын түсіп кеткен. Бір жылдан кейін мен де осы білімнің қара шаңырағына оқуға түстім. Бүгінгі күні ойланам: «осындай тұлғамен қатар жүріп, қатар оқымасақ, әдебиетке келер ме едім?»- деп. Ол маған, менің курсыма ұстаз болды. Әдебиетке құштарландырды. Бұл — аға, мен — іні, мен-шәкірт, ол-ұстаз сияқты»,-деп тебіренген ғалым Құлбек Сәрсенұлы мерейгердің иығына шапан жауып, ұлығылады.

_EAC5553

Өтеген Оралбайұлы университетті тәмамдағаннан кейін Маңғыстау облысында қызмет еткен. Осы жылдары жанына өнерді сүйетін, әдебиетке ынтызар жастарды да жинапты. Соның бірі — композитор Мұхиддин Ғаббасов. Ақтау қаласына арнаған «Ақмаржан қала» өлеңіне ол кісі ән жазыпты. Кеште композитор досын еске алу мақсатында аталған ән орындалды.

Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі Ханзада Сақыпова да ақынның сөзіне жазылған «Құстар қайтып барады» әнін нақышына келтіре шырқады.

«Қазақ руханиятында орны бар тұлғалармен дәмдес-сырлас болдым. Ағалардың алақанын көрдім. Сол кісілерді еске алып, бір ауыз сөзімді арнамасам, болмайды. «Жас Алаш» газетінде қызмет жасап жүрген кезім. Халық жазушысы, ақын, абыз Әбу Сәрсенбаев бір күні телефон шалып: «Ертең келінді алып, жұмыстан соң үйге кел» деді. Келесі күні абыз ақсақалдың үйіне бардық. Шәй ішіліп болған соң бір бөлменің есігін ашып: «Пәтерден пәтерге көшіп, шаршаған шығарсыңдар. Бұл бөлмеде келешектің ұлы ақыны Жұмекен тұрып еді. Сен де тұр. Осында тұрып, Жұмекен баспаналы болған. Сен де үйге қол жеткізерсің» деді. Мен балалық па, жастық па, бара қоймадым. Ыңғайсыздандым. Қазір өкінем. Сол бір Қыдыр дарыған үйге барып, киелі жерде тұруым керек еді деп ойлаймын.

_EAC5233

_EAC5057

Ұлы ұстаз, Ұлы сыншы, қаламгер Зейнолла Қабдолов — өз биігін ешкімге бермеген кісі. Ол кісінің шешендігі, керемет білімдарлығы әлі күнге баршаны таңырқатады. Бірде ҚазМУ-дің алдында тұрса керек. Тауман Амандосов ағамыз келе жатыр екен. Сонда бір белгілі адам Зейнақаңа: «Сенің ақсақ ағаң келе жатыр» депті. Сонда ол: «жұрттың ағасы баттым-кеттім, баттым-кеттім» деп келе жатса, менің ағам: «Алатауды әкел! Алатауды әкел!» деп келе жатыр»,-депті. Сөз тапқанға қолқа жоқ!

«Жас Алашта» әдебиет бөлімін басқарып жүрген кезім. Бір Әубекеров деген кісінің өлеңін жарияламағаным үшін ол орталық комитетке арыз жазыпты. Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз екеуіміз өлеңдерді Жұмекен ағаға бердік, пікір жазу үшін. Ол кісі ертеңіне телефон шалып, жазып қойғанын айтты. Барсам бір ауыз сөз жазыпты: «Егер, осы Әубекеровтен ақын шықса, мен қос қолымды тас төбеге қойып, безіп кетуге әзірмін» деген. Сол арқылы орталық комитеттен аман шығып едік.

Фариза Оңғарсынова апаммен араластым. Ол кісі ерекше қайратты, батыр, қайсар адам еді. Бір жылы Бейнеуде апаммен кездесу өтті. Қыс айы. Күн өте суық. Біз тон киіп, бүсеңдеп жүрсек, апам төрт саған бойы көйлекшең отырып, өлеңін оқып, халықпен әңгіме-дүкен құрды. Әруақты адам еді»,- деп толғанды поэзия кешінің иесі, ақын Өтеген Оралбайұлы.

Әдеби-жыр кешінде ақынның сөзіне жазылған «Тұсаукесер» әні орындалып, сәбидің тұсауы кесілді. Атакүлдікке арналған «Атырау» әні де орындалды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button