Ақын Қойшығұл Жылқышиевтың шығармашылық кеші өтті (ФОТО)
Атырауда ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қойшығұл Жылқышиевтың шығармашылық кеші өтті. Салтанатты кешті тамашалауға облыс тұрғындарымен бірге облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келді.
Аймақ басшысы Қойшығұл Жылқышиевтың азаматтығы мен елге адалдығын тілге тиек етті. «Қойшекеңнің халыққа, елге қызмет көрсетудегі адалдығы, азаматтығы бөлек. Оны бар білгенін, жиғанын, тергенін ортаға төгіп тастайтын кең азамат ретінде білемін. Сіздің айтарыңыз мол, бергеніңізден береріңіз көп. Маxамбеттің шығармашылығы мен өмірін ұрпаққа насиxаттауда зор еңбек сіңірдіңіз. Менің түсінгенім бойынша, Махамбеттің тағдыры мен өз тағдырыңызда ұқсастық бар деп ойлайсыз. Махамбеттің басына келген қиыншылықтар емес, атақ абыройы, халықтың сүйіспеншілігі, ыстық ілтипаты дарысын сізге»,-деді Нұрлан Ноғаев.
Салтанатты кеште қытайдан келген қандасымыз, ҚР Мәдениет қайраткері Қайрат Құлмұхамбет, Қадыр Мырза-Әли атындағы мәдени орталықтың директоры Бауыржан Халиолла, «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының жетекшісі Әлия Дәулетбаева сөйлеп, «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтіп отырған кештің маңызына тоқталды, Қойшығұл ақынның шығармашылығын, азаматтығын сөз етті.
Шарада «Қай қазақтан кем едім?» атты Махамбат атындағы драма театры әртістері қойған қойылымның көрсетілгенін де айта кетелік.
Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысының Индер ауданындағы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген. 1975 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.
Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ теледидарында қызмет істеген. «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті, Республикалық «Махамбет» қорының тете-президенті, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры. «Тұңғыш» (1978), «Мұң-кітап» (1998), «Асаукер» (2001) атты жыр кітаптарының авторы.
Айқара Ғұмар
Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев