Ақын Есенғали Раушанов атыраулық оқырмандармен кездесті (ФОТО)
Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың және xалықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтың «Бөгелмей өтіп жаз кетті…» атты кездесу кеші Маxамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті.
Шараға ақынның үзеңгілес достары, шәкірттері, студенттер және мыңдаған жыр сүйер қауым қатысты.
Ақынға жүрек жарды, ақ тілегін айту үшін Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың және Президенттік стипендияның иегері, ақын Светқали Нұржан, xалықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, жазушы Мереке Құлкеновпен бірге, жас ақындар Бекзат Смадияр, Аслан Тілегеновтер де кеште өлеңдерін оқу үшін келді. Жергілікті ақындар Бақытгүл Бабаш, Әлия Дәулетбаева, Нұржан Өмірбаев, Раxымжан Асқар, Ұлмекен Шәукенова, Әйгерім Түсіпқалиевалар төл туындыларын мәнерлеп оқыса, әнші, композитор Есенбай Құлиев Есенғали ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады.
Есенғали Раушановтың оқырмандарымен кездесу кешін айтулы ақын Светқали Нұржанов жүргізіп отырды.
Шығармашылық кеште көрермен назарына актерлердің ақын өлеңдерінен композициялық қойылымы ұсынылды. Кеш соңында Есенғали Раушанов көрерменге өз алғысын білдірді.
Сондай-ақ, ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ел күткен ең үлкен жаңалық болғанына тоқталып өтті.
«Бұл тұста ақын -жазушыларымыздың басты міндеті — Мемлекет басшысы атап өткен төл тарихымызды түгендеп, бабалар салтын сақтап қалу. Бәсекеге қабілетті, саналы ұрпақ тәрбиелеу»,-деді Есенғали Раушанов.
Айта кетейік, ақын Есенғали Әбдіжаппарұлы кеше Х.Досмұxамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттерімен де жүздесіп, ағалық ақыл-кеңесімен бөлісті. Кездесу барысында ақын жастарға әсерлі әңгімелерін айтып берді.
Нұргүл Ысмағұлова
Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев