Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Қаңғыбастар қайдан шығады?

Күн суытып, ызғарлы ауа райы басталысымен көше кезіп жүрген баспанасыздардың бір тобы мен қылмыстық жазасын өтегендер паналап баратын  Атырауда жалғыз орын бар. Ол – «Белгілі бір тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» деп аталады.

%d2%9b%d0%b0%d2%a3%d2%93%d1%8b%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b0%d1%80-%d2%9b%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d0%b0%d0%bd-%d1%88%d1%8b%d2%93%d0%b0%d0%b4%d1%8b

Айдың-күннің аманында адасқан жандардың жай-күйін білмек мақсатпен бейімдеу орталығына әдейі бардық. Мекеменің басты міндеті – кемі бір айдың, ары кеткенде бір жылдың ішінде әлгі адамдарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмектер көрсету. Сонымен қатар, қаладағы криминогендік жағдайды жақсарту, санитарлық-эпидемиологиялық, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.

Мұндағылардың тағдыры әрқилы. Бірі ішімдіктің кесірінен отбасынан айырылып, осы мекенді паналауға мәжбүр болса, енді бірінің іздеушісі жоқ, біздің санамызға «БОМЖ» деген атаумен сіңіп қалған кезбелер, қаңғыбастар. Көзіміз көргендей, 50 адамға есептелген орталықты паналап жатқандардың көбі – өзіміздің ұлттың өкілдері. Шамамен 80 пайызы – ер адамдар, қалғандары – әйелдер. Көпшілігінің жас шамасы елуден асқан.

Сұрықсыздау, иісі қолқаны алатын орталықты аралап келеміз. Жұпынылау киінген жандар, шаршаңқы жүздер… Көкейде сауал көп-ті… Бірсыпырасына орталық директоры Өміржан Жұманиязов жауап берді. Оның  айтуынша, мұндағы тұрғындардың тілін табу оңай емес. Көбі «ащы суға» жақын. Түзу жолға түсетіндер де аз. Дені ішкіліктің кесірінен жұмысынан айырылып, құжатсыз қалғандар.

—  Орталықтағылардан жылы орын мен тамағы үшін ешқандай ақы талап етілмейді. Егер ішкі тәртіпті бұзып, ішімдік ішсе, төбелес шығарса, бір жылға жеткізбей оларды шығарып жібереміз. Сондай-ақ, оларды қоғамдық жұмыстарға араластырамыз. Есік алдын тазалап, әйел адамдар асхана жұмысына көмектеседі. Қыста, әрине, көбіне жылы орындарында отырып, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды, теледидар көреді, ал әйелдер іс тігіп, пайдалы нәрселермен шұғылданады, — дейді орталық басшысы.

Қалыпты өмірге оралып, оңалатындары өте аз. Ішімдікті қоятындары да санаулы. Сондай-ақ, құжаттары жоқтары да жетерлік. Ал, жасы ұлғайған жандарды қарттар үйіне орналастырып, зейнетақысын, мүгедектігін тағайындап, әлеуметтік мәртебесін анықтайды.

Бүгінгі күні орталықта 23 адам тұрақтанған, оның алтауы  әйел адам. Орталықтағылардың жай-күйін көру мақсатында олардың тұрып жатқан бөлмелерін, асханасын, дәрігерлік қызмет көрсететін орындарын аралап шықтық. Мұндағылар барға қанағат етуге көнген, себебі олардың  «Өз үйім –  өлең төсегім» деп арқасын кеңге жаятын өз баспаналары жоқ. Басшының айтуынша, мұнда негізінен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің немесе аурухананың жолдамасымен, полицияның қабылдау пункті арқылы орналасады.

Өзі арыз жазып та келіп жатқандар бар. «Бізде «Ұтқыр» патрулі жұмыс жасайды. Уақытша тұрағы жоқ адамдарды анықтаймыз, ішке алып келеміз. «Түнде болу» бөлімшесі бар. Онда біздің орталықтың қызметіне жүгінген, алайда, қаңғыбастық өмір салтын өзгерткісі келмейтін адамдарға тәуліктің түнгі уақытында (жаз мезгілінде сағат 21-ден 9-ға дейін, қыста 18-ден 10-ға дейінгі уақыт – ред. Р.Ө.) орын беріледі», — дейді  әлеуметтік бейімдеу орталығының басшысы Өміржан Жұманиязов.

Бұл баспананың негізгі тұрғындары – үйінен айырылып, далада қалған, қаңғыбастар. Дегенмен, басшылық бізді есінен айырылып, өзін жоғалтқан жандармен кездестірген жоқ. Бәлкім, ондай жандардан біздің назарымызға ілігетін бірдеңе шығатынына күмәнданған да болар. Сонан соң ақыл-ойы толық, жөні түзу деген кісілермен ғана сұхбаттастырды. Бірінші кездескен кейіпкеріміз 1938 жылы туған Өтеген Досмағанбетов болды. Айтуынша, облыс орталығындағы ескі базар маңында дүниеге келген. Кейін, 1957 жылы Қызылқоға ауданының Мұқыр совхозына көшіп кеткен. Түрлі көтерме жұмыстар атқарып жүріп, көрші Ресей мемлекетінің Кемерово облысына жұмыс іздеп барады. Сол жерде болған төбелестен кейін шаталып, 12 жылын темір тордың ар жағында өткізеді. «Балам жоқ, абақтыдан кейін өмірім қалыпқа келмеді. Сотталған адамның жұмысқа орналасуы қиын, ұзақ уақыт жұмыссыз жүрдім. Нәтижесінде далада қалып қойдым. Қазір ішімдік ішуді қойдым, қарттар үйіне орналасуға дайындалу үстіндемін. Ол жерде өзім секілді жандар бар, ойым бөлінеді», — дейді ол. Жалғызбасты жанның әңгімесінен әлдебір мұң мен үмітті байқадық.

Орталықты паналап, тұрып жатқандардың бірі – Бағыт. Ол бейімдеу орталығына бірнеше жылдан бері келіп тұрады екен. Өзінің айтуынша, күйеуі қайтыс болып, барар жер, басар тауы болмаған соң, осы орталықта тұрып жатыр. Әр жерде жұмыс жасаған. Сөйтіп жүріп араққа салынып кеткен. Қазір бейімдеу орталығында қалыпқа келіп, құжаттандырылғанын айтады.

P.S. Бұл мекемеде Өтеген, Тасболат, Бағыт секілді баспанасы жоқ, қамкөңіл жандар жетерлік. Олардың тағдырлары бір-біріне ұқсамайды. Бірақ, бәрінің бір мұңы сол – барар жер, басар тауы жоқ.

Әдетте, «әр адам өз өмірінің қожасы» деп жатады. Бейімдеу орталығын толтырған Өтегендердің өкінішті өміріне кім кінәлі?

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

 

Мекеме ішін аралап жүріп Тасболатқа (тегін жазбауымды өтінді) кездесіп қалдық. Басқаларға қарағанда үстіндегі киімі таза, жинақы. Бізбен жылы амандасты.

– Мен оқыған-тоқыған жанмын, кезінде Бүкілодақтық заңгерлік институтын бітірдім, кейін Қазақ ұлттық университетінде білім алдым. Істі болып, отырып шыққанмын.

– Не үшін істі болдыңыз? — дедім. Қисынсыз сұрақ қойғанымды өзім де сезіп отырмын.

– Неге дерің бар ма? Адам баласы азам десе, бір-ақ сәт екен. Сол  темір тордан кейін оңбадым, — дейді Тасболат. — Мұнай өндірісінде жұмыс жасап жүрдім. Мұнай өнімдерін тасымалдаушы экспедитор болып жүрген кезімде қомақты ақшаға келісімдер жасалған болатын, кейін қателік шығып, бар кінә маған тағылды. Түрмеден шыққан соң біраз мекемеде еңбек еттім, қомақты келісімдермен жүріп, үйімді кепілге салып, одан айырылдым. Құмар ойындарына жақындығымды жасырмаймын. Соның кесірінен «ащы суға» жақындадым, соңғы бес жылда қалай «бомж» болып шыққанымды өзім де аңғармай қалдым.

– Балаларыңыз бар ма?

– Екі ұлым бар. Түрмеден шыққаннан соң олармен араласпай кеттім. Кінә өзімнен. Үлкен ұлым үйленді, немерелерім бар. Астанада тұрады. 

Тасболаттың ойы да, ісі де тастай. Сөзі түп-түзу. «Балаларыңызды іздеп, араласқыңыз келе ме?» деген сұрағыма аталмыш орталық басшысының орынбасары Гүлден Дощанова жауап берді. Айтуынша, Тасболат алдымен, өз-өзіне келіп, сенімді болуы қажет екен. 

– Ер адам әлсіз келеді. Ағайындарымның көзіне түспеуге тырыстым, қазір араласпаймын да.  Басыма іс түскенде алданышты арақтан іздедім, шекеме тиді. Енді оған  жақындамаймын, қалған ғұмырымда адам болып өтемін, — дейді  кейіпкеріміз. 

 

 Нәсіп  ҚУАНОВА,

психолог:

Оларды өмірге қайтару керек

– Тағдыр теперішін тартып жүрген мұндай жандарды қалыпты өмірге қайтару үшін үкіметтік емес ұйымдармен тікелей қарым-қатынас орнату қажет. Психологтармен жұмыс істеп, бұл адамдардың мұндай жағдайға душар болуының басты себебін анықтау да маңызды.

Related Articles

One Comment

  1. Шындық. Қоғамда бар , озимизбен бирге болып жатқан дүниелерді осылай ашып жазу керек. Өйткені, мұны жасырған сайын өрши туспесе,азаймайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button