Ақшаны жария ету қалай жүзеге асады?
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сүйенсек, осы жылғы 1 мамырдағы ақпарат бойынша біздің аймақтан 1313 өтініш қабылданып, жалпы құны 10,3 млрд. теңгені құрайтын мүлік және 7,9 млрд. теңге ақша жарияланды. Ал, шет елдегі мүлікке қатысты 18 өтініш бойынша жарияланған мүліктің жалпы құны 207,4 млн. теңгені құрайды. Осы орайда, ақшаны жариялауға қатысты тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің бас маман—экономисі Асхат Ермеков жауап береді.
– Қандай ақшаны жария етуге болады?
– Жүргізілетін рақымшылық шеңберінде ресми тіркелмегендіктен (тіркеусіз, лицензия алмаған және т.б.) салық салынбайтын кәсіпкерлік қызмет жария етіледі. Сондай-ақ, түрлі тәсілдермен салық төлеуден жалтарған, ресми түрде тіркелген (тиісті операцияларды бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікте, кірістерді салық декларациясында көрсетпеу, экспорттық-импорттық келісім-шарттар бойынша шетелге ақша шығару және т.б.) кәсіпкерлік субъектілеріне де рақымшылық жасалады.
– Жария ету акциясына кімдер қатысуға құқылы?
– Жария ету субъектілеріне ҚР азаматтары, оралмандар және Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамдар жатады. Заңды тұлғалар жария ету субъектілеріне жатпайды.
– Қандай мерзімге дейін ақшаны жария етуге болады?
– Ақшаны жария ету мерзімі 2016 жылдың соңына дейін (31 желтоқсан) жүргізіледі. Құжаттарды тапсыру жария ету мерзімі (шамамен 23 желтоқсан) аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей аяқталады.
– Жария етілетін ақшаның жеке ағымдағы шотта сақталуына кепілдік беріледі ме?
– Банкте шотқа салынған жария етілетін ақшаның сақталуына белгіленген тәртіппен кепілдік беріледі. Мәселен, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, банктердегі ақша бойынша міндетті кепіл берілген мөлшер ұлттық валютамен он миллион теңгеден аспайтын, шетел валютасында бес миллионнан аспайтын қаржыны құрайды. Бірнеше шоттар болған кезде кепіл берілген сома он миллион теңгеден аспауы тиіс.
– Жария етудің жалпы талаптары мен тәртібі қандай?
– Ақша екі тәсілмен жария етілуі мүмкін:
Алым төлемінсіз банктегі немесе «Қазпошта» арқылы ағымдағы шотқа ақшаны аудару және тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына арнайы декларацияны ұсыну арқылы жүзеге асырылады. Жария ету үшін ағымдағы шотқа түскен ақша сомасының мөлшерін растайтын банктің анықтамасы арнайы декларациямен бірге беріледі.
Екінші жағдайда, жария етілетін ақша сомасынан 10% мөлшерінде алым төлей отырып, іске асырады. Қазақстан банктеріндегі банк шоттарына ақшаны салмай-ақ, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына декларация тапсырады. Арнайы декларацияға алым төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
– Жария етілген ақшаны ағымдағы шотта сақтаудың міндетті мерзімі көзделген бе?
– Мүлікті жария ету туралы заңда ақшаны ағымдағы шотта сақтау мерзімі белгіленбеген. Сондықтан жария ету субъектісінің кез келген уақыт кезеңінде бұл ақшаға иелік ету құқығына шектеу қойылмайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, банктің анықтамасы қоса берілуі тиіс мемлекеттік кірістер органының арнайы декларациясы қабылданғаннан кейін ғана ақша жария етілген деп саналатынын есте ұстаған жөн.
– Жария ету үшін ағымдағы шотқа салынған ақшаны пайдалану мақсаты бойынша қандай да бір шектеулер бар ма?
– Жария ету туралы заңда қандай да бір шектеулер көзделмеген. Осылайша, жария ету субъектісі бұл ақшаны кез келген заңды мақсаттарға пайдаланып, оның ішінде Қазақстан Республикасында да және шет елде де бағалы қағаздарға, қаржы құралдарына және өзге активтерге инвестициялай алады.
– Бұл ақшаны ағымдағы шоттан жария ету мерзімі ішінде алуға болады ма?
– Иә, болады. Мүлікті жария ету үшін ағымдағы шотқа салынған ақшаны пайдалану бойынша қандай да бір шектеулердің көзделмеуіне байланысты ақшаны кез-келген уақытта алуға немесе ағымдағы шоттан аударуға болады.
– Қандай жағдайда ақшаны жария еткені үшін алымдар төлеу талап етіледі?
– Егер ақша шет елде орналасқан болса, жария ету субъектісі оларды Қазақстанға қайтармай-ақ жария еткісі келген жағдайда алым төленеді.
Мұндай жағдайда, жария ету субъектісі тиісті соманың 10%-ы мөлшерінде алым төлеп, тұрғылықты жері (Қазақстан Республикасында тіркелген орны) бойынша мемлекеттік кірістер органына арнайы декларация тапсыруы қажет. Оған осындай алымды төлегенін растайтын құжат (түбіртек, т.б.) қоса берілуге тиіс.
– Жария ету мақсатында бұрын ашылған ағымдағы шотты пайдалануға болады ма? Әлде, жаңа шот ашу қажет пе?
– Ақшаны жария ету үшін дербес шот ашқан дұрыс.
– Жария етілетін ақша бойынша қандай мәліметтер арнайы декларацияда көрсетілуі қажет?
– Арнайы декларацияда көрсетілетін мәліметтерге ақша сомасы, валюта коды, ақша салынған банктің (оның ішінде шетел банкінің) атауы, шоттың нөмірі және т.б. кіреді.
– Бұрын ашылған жинақ шоттарындағы ақшаны жария ету тәртібі қандай?
– Жинақ шоттарында ақшаны сақтау, сондай-ақ жинақ шоттарынан жария етілетін ақшаны мерзімінен бұрын алу үшін алым төленбейді. Осылайша, жинақ шоттарында тұрған ақшаны мерзімінен бұрын алу үшін алым төлемей-ақ, жария ету субъектілері банктің салым шарттарының талаптарын ескере отырып, өздерінің қалауына қарай пайдаланады.
Өз тілшіміз.