Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!ЖаңалықтарҚоғам

Ақсақал болудан қорқамын…

Қазір менің жасым қамал бұзар қырықтан асып, ер жасы – елуге таяды. Атамды көрген жоқпын. Өз әкем мектепте оқып жүргенде о дүниелік болып кеткен. Жоғары білім алған соң мұнайлы өңір – кең Жылыойда мамандығым бойынша жұмыс жасаймын. Қол бос уақытта кітап, газет-журналдар оқимын.

Қазына

Соңғы кезде басылымдарда ұлттық құндылықтар, жастарға тәлім-тәрбие берудің маңызы жөнінде ой саларлық мақалалар жиі жарияланатын болып жүр. Біздің түсінігіміздегі ақсақал береке мен бірліктің ұйытқысы, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың алтын көпірі емес пе? Ұлағат пен ұлылықтың бастауы да солардың еншісінде ғой. Бағзы кездерде ақсақалдардың даналығымен ел мен ел татуласып, табысып жатқан. Қазір табыстырмақ түгілі, отының басында отырып, жібі түзу сөз айтып, жиын-тойда бата бере алмайтындар көбейді. Қайсы біреулері ащы судың буымен аузына келгенді айтып, дастарханның берекетін алатындарын қайтерсіз. Соларға қарап, қарның ашады. Дүбәра аталардан бастау алған дүмбілез ұрпақ өсіп келе ме? Ойланып көріңізші.

Қазір қария қат. Шал көп. Бір ауылдың қазынасы атанар қарттардан ақсақалдық таба алмай жаның жұртта қалған күшіктей ұлып-ұлып қоя береді. Бата бере алмайтын қарт, ертегі айтпайтын, немере тәрбиелемейтін әжелер арамызда аз емес.  Жасыратыны жоқ, бір ақсақал бір ауылға ие болатын уақыттың келмеске кеткені ме деп те ойланады екенсің кейде. Бүгінгі ауылдың үлкендері майда-шүйдені, кәкір-шүкірді әңгіме қылады. Шежірені тарқатып, жеті атасын түгендеп айтып беретіндері де некен-саяқ-ау.

Ақсақал

«Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең» дейді қазақ. Бізде сол «хат» жоқ. Жоғалды.  Қазақтың хас батыры, белгілі жазушы Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды: «шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралайтын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айбынын асырып отырған қартты ақсақал деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз» деп атаған екен. Ал, жолы жіңішке қауымға қатысты былай дейді: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…»

Сол Бәукеңнің қорқынышы бүгінде өңге айналғандай. Өң мен түстің арасында ұлттық құндылықтарымыздан қол үзіп қалғанымыз – біздің сорымыз.

Халқымыз үшін батаның жөні бөлек. Жақсылықта, қуанышта, тіпті кезінде жауға шабатын жігіттерді де батамен шығарып салатын дәстүрі бар біздің халық оның қасиетін, киесін терең ұғынған. Дүниеге шарана келгеннен бастап, оның әрбір қадамына үлкендерден бата сұрап, асқа да батасыз қол салмаған. Өзіміз куә болып жүрген той-томалақтарда кейбір қарттарымыздың бата берудегі шорқақтығын, бата мен тілекті шатастырып алатындығын көріп, қынжыламын. Осындай «әттеген-айларды» көргенде ақсақал болудан қорқады екенсің. Өйткені, ақсақалдыққа артылар жүк ауыр, әрі жауапкершілігі зор. Мені осы жайттар мазалайды.  Бұған сіз не дер едіңіз?

Қалыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

            мұнайшы-инженер.

Жылыой ауданы.

РЕДАКЦИЯДАН:

Газет оқырманының бізге жолдаған хатын сол күйінде жариялай отырып, Сіздің де айтылған жайттар төңірегінде пікір бөлісуіңізге мүмкіндігіңіз бар. Шынында да, хат авторының қазіргі қоғамдағы отбасылық құндылықтарды сақтап, нығайту,  жастарға өнегелі тәлім-тәрбие беруде ақсақалдардың орны мен рөлі туралы айтқан ойлары ешкімді де бейжай қалдырмас. Ендеше, «Қазынаның» ашық пікір алаңына шақырып, өздеріңізден хаттар күтеміз!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button