Ақпарат айдынындағы асқаралы асу
Міне, әдеттегідей келер жылдың баспасөзіне жазылу науқаны да басталды, ардақты ағайын, ойлы оқырман! Оның үстіне, 2018 жылдың 1 сәуірінде тұтас бір аймақтың ұдайғы жылнамасына айналған «Атырау» газеті ақпарат айдынындағы тағы бір асқаралы асуы – 95 жылдық белесіне көтерілмек.
…Шежіреден шым-шымдасақ, 1923 жылы өлкемізде қазақ тілінде жұмасына бір рет ал-ғашқы уездік «Ерік» газеті жарыққа шыққан. Қазіргі облыстық «Атырау» газетінің тарихы осы басылымнан бастау алады. Тасқа басылған сөздің шынайы қасиеті мен мән-маңызын үш тұрғыдан сараптап көрейік:
Біріншіден, осынау ғасырға жуық кезеңнің өн бойында қаншама ұрпақтың қажырлы ғұмыры, талайлы тағдыры жатыр десеңізші. Ой таразысына безбендегенде біздің тұңғыш ізашарларымыздың өзі тегін тұлғалар болмағандығын риясыз пайымдағандаймыз. Енді ше, басынан қаншама тар жол, тайғақ кешулерді өткерген халқымыздың ғасырлар бойы жан-жүрегімен аңсаған арман-мұратын газет атауына «Ерік» деп асқан патриоттықпен қоя білген, әрі оның бірінші нөмірінен-ақ қазақтың көзін ашып, көкірегіне сәуле түсіруге тер төккен алғашқы толқынның ерлікке пара-пар еңбегіне еріксіз бас иесіз. Ба-йыптап қарасаңыз, бодандыққа қарсылық пен тәуелсіздікке іңкәрлікті осы ұғымдардың осы бір синонимімен ерекше епті-лікпен, келешекке деген көрегенділікпен бейнелей білудің өзі неткен шеберлік! Жалғыз ауыз сөзге мол мағына сыйғызуды, жалғыз ауыз сөзбен айтарын әдемі айшықтауды шығармашылықтың түп қазығы деуге де болар. Өйткені, «Еріктің» бірінші санындағы «Тірлік осымен басталады» деген бас мақаланың айтары осы ойымызды айна-қатесіз айқындағандай. Оқып көрелік:
«…Әркімге мағлұм, қазақ халқы өнер-білімнен құр қалған надан. Патша заманында оған өнер-білім үйретіп, қатарға кіргізейін деген хұқметтің де, басқалардың да ниеті болған жоқ… Қырдағы қараңғы халық болыстар штаттыққа таласып, айтысып жүріп мұны сезген жоқ. Онымен жүргенде алдағы күніне не керегін білмей, кейінгі ұрпақтың қайғысы қайғыртпай, аз күнгі айдаған малға алданып, өткінші болып шықты. Мал артынан көшіп-қонып жүріп, құтымның қу шоқысына барып, өнер-білімнен құр қалды. Соның арқасында әлі бұғып келеді. Өзінің орны қайда екенін, кімнің кім екенін, кімнің кім болатынын білген жоқ. Оны білсе, бұлай отырмас еді. Игіліктің ерте-кеші жоқ деген. Әлі де болса ұйқыны ашып, дұрыс жолға түсу керек…». Міне, көрдіңіз бе, газеттің әлқиссасынан-ақ біздің журналист аталарымыз патша заманының отарлау саясатын ашық айта отырып, 1923 жылдың өзінде (кеңестік алдаусырату кезеңінде) қазағын оянуға үндеген!..
Ізашар толқын туралы айтқанда, газетіміздің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы редакторы Сүлеймен Сауырғалиев хақындағы мына бір деректі келтірген орынды:
1946 жылы ол «Ана тілін бағаламайтын, саясаттан кенже қалған бейшаралар туралы» деген көлемді мақала жазыпты. Белгілі драматург-жазушы, газетімізде ұзақ жылдар бойы табан аудармастан жауапты хатшы болып қызмет еткен ардагер Берік Қорқытов бұл туралы естелігінде былай дейді: «…Облыстың бетке ұстаған бірталай басшыларының есімі аталды. Елдің іші ду ете түсті, құптағандары да, артын баққандар да болды. Көп кешікпей бұл мақала облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, редактор сөгіс алып шықты. Сүлеймен сол бойда тәржімашы Қыдырғали Сасықовқа мақаланы орысша аудартып, мәшинкеге бастырып, Москваға, Орталық партия Комитетіне, Г.М.Маленковтың атына жіберді. «Редакторды жұмыстан алады екен» деген сыбыс та ел ішіне тарай бастады. Бір күні Сүлейменнің атына сыртында «Центральный Комитет ВКП (б)» деген жазуы бар пакет келді. Сүлеймен өзі оқып болғаннан кейін бәрімізді шақырып алып таныстырды. Ол хатта: – Газеттің мақаласы дұрыс, облыстық партия комитеті бюросының шешімі теріс деп табылды, қаулы облыстық партия комитетіне жіберілді, сонымен танысыңыз, — деп жазылыпты. «Әлде қалай болады?» деп күдіктене жасып жүрген біздің де мерейіміз көтеріліп қалды. Ал, бұдан кейін редактормен сөйлесіп көр. Басшысымақтар да жым-жырт болды…».
Мұндай мысалдар көп. «Еріктен» басталған осы өткірлік, байсалдылық, сарабдалдық сара жол ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, «Атырау» газеті бүгінде кемеліне келген заманауи басылымға айналды.
Екіншіден, ең бастысы, алдыңғы буынның эстафетасын алға апарушы бүгінгі ұрпақтың да мерейі үстем. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы: «…Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан… Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» стратегиясы – осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз» деген отаншылдық рухындағы жалынды сөзі «Аты- раудың» да бүгінгі буыны мен қазіргі мың-сан оқырман қауымына арнап айтылғандай сезіледі де тұрады маған. Өйткені, еліміз егемендік алғанға дейін қандай шытырман жолдан өтсе, соның бәрін де айна-қатесіз жылнамалап, тарихын жазып отырған басылымның бірі – біздің «Атырау» газеті. Ендеше, ұрпақтар сабақтастығы үзілмек емес.
Үшіншіден, тұтас бір аймақтың ұдайғы жылнамасына айналған газетіміз жаңа бір тарихи белесіне көтерілгенде біз де өткенімізді таразылап, болашағымызға бағдар жасап алар жауапты шақтамыз. Осы орайда жұртшылық іздеп жүріп оқитындай тартымды басылым жасауға жан-жақты мүмкіндік те бар. Баяғыдай сиясауыт пен қол терімнің уақыты өткен, компьютер мен басқа да заманауи озық құралдармен қаруланған журналистер мен баспагерлер аймақтың ғана емес, елдің, тіпті әлемнің жаңалықтарын да қас пен көздің арасында оқырманға жеткізе алады. Газеттің жеке веб-сайты да «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар ал-ғызған» (Ыбырай Алтынсарин) заманды әйгілеп отыр. Осы орайда алдағы жылы оқырмандарымызды жаңа рубрикалар мен тың жобалар аясында өзекті тақырыптармен көзайым еткелі отырғанымызды да мәлімдейміз. Олардың ішінде адами құндылықтар, мәдени-тарихи мұра, бірлік пен тірлік түйткілдері, нарық пен парық, заң және заман, бұқара мен билік хақында тереңнен толғау ойда бар. Әрине, бұған өздеріңіз де үн қосып, ой, пікір, ұсыныс-тілектеріңізді қосар деген үміттеміз.
Тәуелсіздігіміздің бізге берген керемет мүмкіндігі – Рухани жаңғыруды баянды етудің бел ортасында сіз бен біз де бармыз, қадірлі оқырман! Өйткені, газет – қалың бұқараның мінбері. Газет қашан да оқырманымен ғана ғұмырлы. Осы аксиома үдесінен қарасақ, бұл жолғы баспасөзге жазылу науқаны кезінде қалың оқырманымыз бізден іргесін ажыратпайды, сыралғы сенімін серік етіп, шынайы ықыластарын танытады деген нық сенімдеміз.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
Атырау газетінің бас редакторы