АЭС-тің артықшылығы мен кемшілігі қандай?
Энергияның жоғары тиімділігі, көмірқышқыл газының аз мөлшері, жоғары тұрақтылық, ұзақ мерзімді пайдалану, аз қалдық көлемі. Мұның барлығы – атом электр станциясының артықшылықтары.
АЭС көп мөлшерде энергия өндіре алады, оның ішінде салыстырмалы түрде аз мөлшерде ядролық отын пайдаланады. Бұл оның жоғары энергия өндірісін қамтамасыз етеді.
АЭС-тің жұмыс процесінде көмірқышқыл газы мен басқа да парниктік газдар шығарылмайды, бұл оларды экологиялық жағынан таза альтернативті энергетикалық көздерге жақын етеді.
АЭС тұрақты және үздіксіз энергия өндіруге қабілетті, бұл оған тұрақты және сенімді энергия көзінің рөлін атқаруға мүмкіндік береді.
Атомдық реакторлар ұзақ мерзім бойы жұмыс істей алады, әдетте 30-60 жыл, бұл өз кезегінде инвестицияларды ұзақ мерзімге пайдалануға мүмкіндік береді.
АЭС арзан ғана емес ең сенімді энергия көзі болып саналады. АЭС-тің 70 жылдық тарихында әлем бойынша АҚШ-тағы Три-Майл-Айленд (1979), КСРО-дағы Чернобыль (1986) және Жапониядағы Фукусима – 1 АЭС-терінде (2011) ғана ірі төтенше жағдай болыпты. Қазіргі АЭС-тер табиғи және техногендік экстремалды қауіптірге, соның ішінде үлкен магнитудалы жер сілкіністеріне төтеп бере алады.
Қазақстанда АЭС салу қажеттілігі бірнеше негізгі себептерге байланысты. Біріншіден, елдің экономикалық өсуі мен халық санының артуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Екіншіден, елдегі ескірген энергетикалық инфрақұрылымның тозуы. Әсіресе көмірмен жұмыс істейтін станциялар экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып барады.
2023 жылы Қазақстан Ресейден 3,4 миллиард кВт.сағ электр энергиясын импорттап, бұл елдегі электр энергиясының 20%-ын құрады.Осыған байланысты, АЭС тұрақты әрі сенімді энергия көзі ретінде қарастырылып отыр.
Үшіншіден, АЭС-тің құрылысы Қазақстанның көмір мен газға тәуелділігін төмендетіп, атмосфераға бөлінетін көміртегі шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай станциялар экологиялық таза әрі тұрақты энергия көзі ретінде елдің парниктік газдарды азайту бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауына көмектеседі.
2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жету Қазақстанның басты экологиялық мақсаттарының бірі. Бұл артықшылықтар атом электр станцияларын энергетикалық теңгерім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бірақ, оларды пайдалану кезінде қауіпсіздік, экологиялық және қаржылық аспектілерді де ескеру қажет.
Ләззат АМАНҚОСОВА,
«Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының физика пәні мұғалімі