85 жастағы кейуана Ноғаевқа алғысын айтып, гүл ұсынды (ФОТО)
Бүгін Білім күніне орай Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық мектеп-гимназиясының Нұрсая ықшамауданынан бой көтерген жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, тұсауын кескен болатын. Осы салтанатты шарада 85 жастағы әжей жиналған көпшіліктің арасынан алға суырылып шығып, аймақ басшысына алғысын жеткізді.
– Құрметті, Нұрлан балам, осы мектепте менің немерем оқиды. Тек менің немерем ғана емес, басқа да оқушылар мен олардың ата-аналары, ұстаздар қауымы осы гимназияның жаңа ғимаратының пайдаланылуға берілуін 5 жыл бойы асыға күтті. Бүгін сол күнге де жетіп, жүрегіміз жарылардай қуанып тұрмыз. Ішін аралап көрдік, керемет екен! Кезінде мұндай мектепті біз түсімізде көрмек түгілі, армандай алмаған да едік. Бүгінгі заманда өмір сүріп жатқан немерелеріміздің арманы жоқ. Тәубе дейміз! Бүгін қатты толқып тұрмын. Ортаға осы жаңа ғимараттың салынуына мұрындық болып, күн сайын қадағалап отырған өзіңе аналық алғысымды айту үшін шықтым! Бізге берген уәдеңде тұрып, құрылыстың дер кезінде аяқталуына жағдай жасадың. Бақытты бол, қарағым! Өзіңнің бетіңнен сүйіп, мына гүл шоғын беруге рұқсат ет, айналайын, – деген 85 жастағы Рая әжей облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының бетінен сүйіп, гүл шоғын табыс етті. Батасын берді.
Өз кезегінде аймақ басшысы да кейуанаға рақметін айтып, немересінің оқуда озат болуына тілектестігін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінгі салтанатты шарада сөз алған аталған оқу орнының директоры София Әлібаева да бұл мектеп-гимназияның республикадағы жүз үздік білім ұясының қатарында екенін, бүгінгі күнді бес жыл бойы аңсап күткенін жасырмай, осы қуанышты сыйлаған өңір басшысына шексіз алғысын білдірген болатын.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.