Атырауда Ауған соғысының ардагерлері ардақталды
Atr.kz/17 ақпан, 2020 жыл. Биыл – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 31 жыл.
Осыған орай Атырау өңірінде қолға алынған іс-шара «Жеңіс» саябағындағы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Шарада мемлекеттік қызметкерлер, Ұлттық Ұлан сарбаздары, Ауған соғысының ардагерлері соғыста қаза болған боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған еске алу шарасы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында жалғасты. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов қатысып, Ауған соғысының ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтады.
«Сонау жылдары бірқатар жерлесіміз әскери борыштарын өтеу үшін бастан қаншама қиындықты кешірді. Әрбір соғыстың тарихы бөлек болғанымен табиғаты бір. Бұл күн Тәуелсіз Қазақстанның тарихында да қара дақпен жазылды. Сол кезде 18-19 жастағы әскердегі азаматтарымыз өздерінің Отан алдындағы анттарына адал екенін дәлелдеді. Мемлекеттің алға қойған тапсырмаларын абыроймен орындай білді.
Қан төгілген жерде өкінішсіз болмайды. Сол сәтте қаншама ана балаларынан, қаншама әйелдер жұбайларынан айырылды. Елге аман-есен қайтқандары ауыр жарақат алып, қиын күйге түсті. Бүгінде олар бейбіт күнде қоғамнан қалыс қалмай, әр салада еңбек етіп, елдің, өңірдің өркендеуіне де үлес қосуда. Осынау ардагерлеріміздің әрбір ерлігі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге» деді Серік Жамбылұлы.
Жиын барысында Ауған соғысының бірқатар ардагеріне Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі табыс етілді. Шара соңы өңір өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Ғабиден ҚАЙЫРЖАНОВ,
облыстық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы:
– Ауған соғысына облыстан 782 адам қатысты. Оның 13-і қаза болды, біреуі іс-түзсіз жоғалды. Ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім арасындағы қанды шайқаста батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен бүгінде арамызда 511 ардагер бар. Өкінішке қарай, жылдан жылға біздің де қатарымыз азайып келеді. Ұлы Отан соғысынан кейін ауыр кезеңді Ауған соғысының ардагерлері бастан кешті. Біздің тілегіміз, енді қайтып мұндай зұлмат болмасын. Еліміз тыныш, бейбітшілік мәңгі болсын!