Астрахандықтар Атыраудан көмек сұрады
Астрахандық бизнесмендер, атап айтқанда, ауылшаруашылық, тамақ және тұрмыстық химия өнеркәсібінің өкілдері өз өнімдерін өткізу бағытында облыстық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады.
Атырау аумағында қазір Ресей капиталымен 319 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл – мұнай-газ секторы, құрылыс, жабдықтау, механизмдер, ақпараттық технологияларды жеткізу, азық-түлік өнімдерімен көтерме сауда жасайтын компаниялар. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 164,7 миллион АҚШ долларын (108,6%) құрады. Оның ішінде, экспорт 18,3 млн., ал, импорт 146,4 АҚШ долларына артқан.
Аталған кезеңде Ресейге – күкірттің барлық түрі, мұнайлы газ бен газ текті көміртектер, қара метал қалдықтары мен сынықтары, қайта балқытуға арналған қара метал құймалары, тірі балық және басқалары экспортталған. Ал, импорт қатарында азық-түлік, тұрмыстық химия, құрылыс материалдары мен киім-кешектер бар. Бүгінде астрахандықтар балық шаруашылығы мен құс өсіретін кәсіпорындарға, азық-түлікті көтерме бағамен сататын жеткізушілерге қызығушылық танытып отыр.
– Кішігірім цехтен бастағанбыз, енді кондитерлік фабрикамыз жаңаша технологиялармен қамтылған. Заманауи қойма, орынжайларымыз бар. Барлығы алпысқа жуық өнім шығады. Тауарлар Махачкала, Грозный, Волгоград, тіпті, Армавирде сатылады. Енді қазақстандық нарыққа шығуды көздейміз, – дейді «Якубова» жеке кәсіпшілігінің директоры Юрий Рыжков.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ