350 мың теңге парамен ұсталған тергеушіге неге 5 миллион теңге айыппұл салынды?
Атырау қалалық №2 сотында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің аға тергеушісіне үкім кесілді.
Тергеу органдарымен бұрынғы тергеуші А.Ш. мемлекеттік қызмет пен басқарма мүдделеріне қайшы келетін жемқорлық құқықбұзушылыққа жол бергені үшін айыпталды.
Оқиға былай өрбіген. Аталған тергеуші ешқандай лицензиясыз букмекерлік қызметпен айналысқан К. есімді азаматқа қылмысын бүркемелеп, болысуға уәде берген. Облыстық жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жүргізген тергеу-іздестіру амалдары барысында ол 350 мың теңге көлемінде пара алып жатқан кезінде ұсталды. Сот айыпталушыға 5 миллион 250 мың теңге көлемінде айыппұл салып, оны арнайы атақтары мен мемлекеттік қызмет лауазымынан өмір бойы айыру жөнінде үкім кесті.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ