31 шілде – Құрбан айт басталады: Ізгі істің сауабы бар
Atr.kz/28 шілде, 2020 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазіргі пандемия жағдайларымен санаса отырып, биылғы жылғы құрбан шалуда өзіндік ерекшеліктер болатынын халыққа жеткізуде.
Басты ерекшелік – құрбандыққа арнаған халықтың қаражатын жинап, құрбандық малды рұқсат алынған орындарда ғана шалуды ұйымдастыру. Бұл мақсатта онлайн банкингті тиімді пайдалану арқылы, еріктілерді тарта отырып, белгілі орындардан мал сатып алу жоспарлануда.
СЫНАҚ
Бұл өмір сынаққа толы болғандықтан, бұл індет те бір сынақ екені белгілі. С ү л е й м е н п а т ш а н ы ң жүзігінде жазылғандай «Бәрі өтеді, бұл да өтер». Тек сабыр ете білсек болғаны. Қасиетті Құран Кәрімде «Сабыр етіп, намазбен Алладан жәрдем сұраңдар, Алла сабыр етушілермен бірге» деп ескертілген (Бақара сүресі, 153 аят).
Сол себепті иманды жан мұндай қиындыққа мойымайды, талайлы тарихымызда қиындықтар аз болды ма? «Тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де өтесің, уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» деп ата-бабаларымыз бекерге айтпаған.
АЛЛАҒА ЖАҚЫНДАУ
Аллаға ең жақын құлдар – пайғамбарлар. Сондай ұлық пайғамбарлардың бірі – Ибраһим бабамыз. Құрбан шалу арқылы Аллаға жақындау ғұрпы сол кісімен байланыстырылады. Әрине, ниет Жаратушының бұйрығын орындау болуы керек. Әйтпесе, Құранда айтылғандай, құрбандыққа шалынған малдың еті не қаны емес, Аллаға тек ниет жетеді.
Хадистерге де қарасақ, «Барлық істің түпкі ниетке байланысты» бағаланатыны айтылады. Олай болса, шынайы мұсылмандар Жаратушының әмірін қалт етпей, пайғамбарлардың жүрген жолымен жүреді. Ынталы кейіпте, құлшылық ниетімен өзіне тиесілі бұйрықтарды орындайды. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз да (с.а.с.) екі мал шалатын: «Менің және жағдайы жоқ үмбетімнің атынан» дейтін.
ҚАНДАЙ МАЛ ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛЫНАДЫ?
Құрбандыққа мал таңдау к е з і н д е — а қ а д а м н ы ң шариғатқа білімділігі, тақуалығы көрініс табады. Себебі, шариғатымызда таңдалған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар» деген (Әбу Дәуіт). Мүйізі жоқ немесе сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады.
Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.
Құрбандыққа әдетте қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалынады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарамды. Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Дегенмен, бір ескерте кетерлігі, жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек. Қой мен ешкі бір жасқа жеткен болуы тиіс. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз, әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.
ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ САУАБЫ
Өмірде жақсы ниетпен жасалған кез келген істің сауабы бар. Қасиетті Құранға қарасақ, «Зәредей жақсылықтың да, жамандықтың да қ а й т а р ы м ы б о л а т ы ны» ескертілген (Зилзал сүресі, 7-8 аят). Сол себепті ардақты пайғамбарымыз үмбетін жақсылықсүйгіш, ізгілікқұмар болуға, әрбірі сауапты ісімен Аллаға жағуға тырысуға үндеген. Құрбан шалудың да сауапты іс екенін түсіндірген. Сахабалары сауабы қандай болатынын сұрағанда, шалынған малдың әрбір қылшығына сауап жазылатынын аңдатқан. Мұсылман адам бәріне тек осы өмірдің өлшемдерімен ғана қарамасы анық. Алдымызда Ұлы Есеп күні бар. Қылкөпірден өтерде де осы дүниеде шалынған құрбандықтардың пайдасын әркімнің көретіні хадистерде айтылған.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУ
Бүгінгі әлем ізгілікке, қайырымдылыққа мұқтаж. Исламофобияның арынын бәсеңдету үшін де мұсылмандар қоғ амға қайырымдылық істерін көп жасауы қажет-ақ. Ол исламның шынайы келбетін таныту үшін де маңызды. Дініміз қоғамдағы жоқ- жітіктерге, кедей-кепшік, көмекке, қолдауға мұқтаж ж а н д а р ғ а ә р д а й ы м қарайласуға шақырады. Әсіресе, дағдарысты, алды болжаусыз қазіргі әлем жағдайында қайырымды істердің маңызы тіптен артып отыр. Қоғамда өз қарақан басының жағдайын ғана күйттеушілік датталып жатса, көптің, елдің игілігіне жүгіріп қызмет еткен азаматтар мақталып жатқанын әркім-ақ көріп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да біраз игілікті істерге ұйытқы болып келеді. Атырау өңірі ретінде біз де ортақ мақсатқа қолымыздан келгенше үлес қосуға тырысудамыз. Лайым, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен! Құрбандық шалған ағайынның ниеті қабыл болып, Алла Тағала көпке берекелі тыныш өмір сүруді жазсын деп тілейміз!
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысының Бас имамы