30 келі уылдырық

30 кг уылдырык Жаңалықтар

Қазір – «Бекіре – 2017» балық қорғау акциясының қызған кезі. Үйлестіру штабының отырысында шараның өту барысы сөз болды.

30 кг уылдырык

Облыстық жануарлар әлемі мен орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, биылғы акцияның ерекшелігі көп. Бастысы, табиғат байлығына қырғидай тиетіндерге талап күшейді. Қазірдің өзінде 52 қылмыстық іс қозғалған, 231 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Балық қорғау заңнамасын бұзғандарға салынған айыппұлдың көлемі 3 млн. теңгені құрайды.

– Биыл бірінші рет Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытында айта қаларлықтай шара жүзеге асты. 1 сәуір күні ауланған, салмағы 160 келіні құрайтын қорытпа аналығынан 30 келі 60 грамм уылдырық алынды. Ұрықтанған уылдырықшаның саны 1 млн. 200 мың бірлік шамасын құрайды. Бұл жұмыс аналықты тірі күйінде сүзу арқылы орындалды, – деді Олег Николайұлы.

Зауытта бұдан бұрын ауланған қорытпаның аталықтары да бар. Олардың салмағы тиісінше 120 және 50 келіні құрайды. Ресми өкіл биыл балықтың уылдырық шашу орнына жақсы бара бастағанына ерекше тоқталды. Ауға түскен шоқырдың аналықтары ірі, әрі салмақты болуы олардан неғұрлым сапалы тұқым алуға мүмкіндік береді. «Бұл –  браконьерлікке қарсы күрес нәтижесінің маңызды көрсеткішінің бірі» деді инспекция өкілі.

Бүгінде жергілікті екі өндіруші зауыт үшін 141 дана бекіре тұқымдас балық ауланыпты. Ол мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында жүзеге асып отыр.

Дерек пен дәйек

  • 14 сәуір күні полицейлер Атырау қаласының тұрғынын ұстады. Одан 2 келі қара уылдырық алынды.
  • Атырау–Орал тас жолының бойынан «Газель» автокөлігі тоқтатылды. Көліктен жалпы салмағы 4 тонна 381 келіні құрайтын 100 қап ұсақ балық табылды.
  • Су полициясы қызметкерлері Атырау қаласының тұрғынын ұстады. Күдіктіден 50 келі бекіре тұқымдас балық пен 2 келі қара уылдырық алынды.
  • Дамба–Атырау тас жолының бойынан «Лада» автомашинасын тексеру кезінде көліктен салмағы 5 кг 200 бекіре тұқымдас балық табылды.

Азамат Базарбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз