Аңсаған салған суреттер

фото ансаган Жаңалықтар

Әлеуметтік тақырыпта сурет салып, әр туындысын сөйлете білетін Аңсаған Мұстафа Атырау жеріне де кеңінен таныла бастады. Оның «Мамам мені өлтіретін шығар…» атты суреті халықтың көңілінен шығып, әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған болатын. Сондай-ақ, Аңсағанның көрмесі Астана, Алматы, Атырау және басқа да қалаларда өткізілді. Ақ пен қара түсті ғана пайдаланып қоғамдағы күйіп тұрған мәселелерді көрсетіп жүрген қылқалам шеберімен тілдескен болатынбыз.

фото ансаган

Ерекше туындыларымен таңқалдырып жүрген Аңсағанның әлеуметтік мәселелерге қатысты сурет салғанына жиырма шақты жыл болған. Оның ең алғашқы суреті  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп аталады.  Он бес жасында салған бұл жұмысында үй, оның үстінде құстың ұясын, ішіне шылым мен бөтелкелер, нашақорлар пайдаланатын инелер және кішкентай баланы бейнелеген.

– Мен «Ақбосаға» газетінің редакциясында өсіп-жетілдім. Ол жердегі қыз балаларға, әйел аналарға, жалпы отбасына қатысты мәселелер маған терең ой салды. Қасымдағы журналистер оқиғаға сюжет сұрайды, ал, мен соны табуға тырысып, суретке түсіріп, коллаж жасайтынмын. Тым ауыр тақырыптарға кез келген суретті сала алмайсың. Сондықтан, тілшілер менен сурет салуды өтінетін. Міне, шығармашылығым осы редакция қабырғасынан бастау алды десем де болады. Суреттерімді алғаш рет «Facebook» желісіне 2010 жылы жүктедім. Туындыларымды ұнатушылар аз болмағандықтан, жастар желіде бос отырмасыншы деп әлеуметтік маңызы бар тақырыптардағы суреттерімді көбейте бастадым, – дейді Аңсаған.

Оның айтуынша, ұлттық нақыштағы суреттерді жейделерге бастыру жобасының идеясы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланған уақытта туындаған. «Бірақ, менде бұл идеяны бизнеске айналдырамын деген ой мүлде болған емес. Қараша айында ұлттық нақыштағы бір суретті салып, әлеуметтік желіге жүктедім. Оқырмандарыма бұл ойым ұнап жатса, ұлы тойға дейін 55 түрлі сурет салатынымды айттым. Ұсыныстар аз болмады. Бірақ, көпшілігі өздерінің ата-бабаларына қатысты ой-пікірлерін айтып жатты. Ал, мен барша қазаққа ортақ нәрсені іздедім. Сөйтіп, танымал батыр тұлғалар мен ою-өрнек, мақал-мәтелдерден 55 түрлі сурет жасап шығардым», – дейді ол.

Аңсаған Мұстафаны соңғы кезде балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырау мәселесі қатты толғандырып жүр.

– Өмірде әлі өсіп-жетіліп, оң-солын танып білмеген бейкүнә балалардың осындай қорлыққа ұшырауы, тіпті ақылыма симайды. Сондықтан, педофильдерге қатысты заңды күшейту керек. Елдегі мұндай келеңсіз жағдайлар көбейіп кетуі әрбір ата-ананы алаңдатуда. Сол секілді, қыз алып қашу да – өткір мәселенің бірі, – дейді қылқалам шебері.

фото ансаган2

Бүгінде Аңсағанның  туындылары Атырау көшелерінде ілініп тұр. Жол бойындағы кейбір мазмұны жеңіл жарнамалардың ішінен Аңсағанның әлеуметтік тақырыптағы туындылары адамға терең ой салып, алыстан көз тартады.

Облыс орталығында әзірге оның жұмыстары бейнеленген төрт билборд орналастырылған. Суреттердің бірінде қарт анасының зейнетақысына күнелтетін жатып ішер   жалқау бейнеленсе, ал, енді бірінде кереуетте жантая жатып, жұмыс күткен еріншекті мысқылдайды. Аңсаған адамдардың әлеуметтік желілерге тәуелділігін де назардан тыс қалдырмаған.

Адамдардың кемшілігін әжуа-лайтын суреттерін қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауидің  ұсынысымен  жасаған.  Бұл ұсынысты қуана қабыл алған суретші елуге жуық жұмысын жіберген. Енді көпшіліктің назарын аударатын мұндай әлеуметтік жарнамалар қала көшелерінде жиі жарияланып тұратын болады.

ТҮЙІН:

Иә, сөзбен емес, суретпен сөйлеп, қоғамның кемшілігін көрсеткен Аңсағанның туындылары көңілге қонымды. Бір нәрсені жай ғана бейнелей салмай, астарлап көрсетуі де оны өзгелерден ерекшелеп тұрады.  Ал, Атырау көшелеріндегі автордың мына бір суреттері жұртшылыққа терең ой салса дейміз…

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз