Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

3 СӘУІР: КІМДЕР ТУҒАН КҮН?

Atr.kz/3 сәуір, 2019 жыл. Бүгін, яғни, 3 сәуірде қандай белгілі тұлғалар дүниеге келген?

20190402223643

146 жыл бұрын (1873-1919) халық батыры, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Амангелді Үдербайұлы ИМАНОВ дүниеге келді. Бұрынғы Торғай уезі Қайдауыл болысында туған. Әкесі шаруа баққан, момын кісі болған. Шешесі Қалампыр Қақуқызы медресе бітірген. Амангелді әуелі ауыл молдасынан 2 жыл оқып, кейін Тасыбай, Тәшмағамбет ишандардың медресесіне түсті. Медреседе 4 жыл оқыған ол түрік, парсы, араб тілдерін меңгерді. Әкесінен 7 жасында жетім қалып, жоқшылық тауқыметін ерте тартты. Ел ішіндегі дау-шарға ерте араласып, сол себепті Ресей империясының жергілікті билеушілерінің қудалауына ұшырап, 1896-1911 жылдары аралығында бірнеше рет түрмеге қамалды. Амангелді батырдың ұйымдастырушылық және қолбасшылық таланты 1916 жылғы Ресей императорының маусым айындағы жарлығына наразылық ретінде Торғай даласында бұрқ еткен ұлт-азаттық көтеріліс барысында айқын көрінді. 2-3 ай ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосыновты хан, Амангелдіні көтеріліс қолбасшысы (сардар) етіп сайлады. Әбдіғапар мен Амангелдінің ұйымдастырушылық іскерлігінің нәтижесінде көтеріліс саяси сипат алды және әскери-ұйымдық жағынан нығайып, оған қатысушы сарбаздар қатары 50 мың адамға жетті. Амангелді Торғай қаласын 27 күн бойы қоршауға алды. Ол көтерілісшілердің Шошқалы, Күйік қопаларындағы шайқастарына, подполковник Тургеневтің жарақты үлкен жасағына қарсы 1917 жылы ақпанның 21-23-індегі Құмкешу-Доғал-Үрпектегі соңғы айқасына тікелей басшылық жасады. Жазалаушылар Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісті тұншықтыра алмады. Көтеріліс Ресейдегі Ақпан төңкерісіне жалғасты. Амангелді 1918 жылы наурыздың 21-і мен сәуірдің 2-і аралығында Орынборда өткен Торғай Кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысып, Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалды. 1919 жылы сәуірдің 20-ында Торғайда Кеңес өкіметі құлап, Амангелді тұтқынға алынып ату жазасына кесілді.

20190402223649

3 сәуір. Туған күн иелері 66 жыл бұрын (1953) ҚР еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Кенжеғали Тұрсынбекұлы МЫРЖЫҚБАЙ дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған. Н.А. Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясының вокал-хор факультетін (1981) «опера әншісі, концерттік әнші, педагог» мамандығы бойынша; Т. Жүргенов атындағы Алматы өнер академиясының музыкалық спектакльдер режиссурасы факультетін (1996) «музыкалық режиссер» мамандығы бойынша бітірген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры (1997 жылдан); өнертану профессоры (2003 жылдан). 10-нан астам мақаланың авторы, бұқаралық ақпарат құралдарына көптеген сұхбат берген. Оның қатысуымен болған 6 опера спектаклі және 3 жеке концерт Қазақстанның радио және телевизияның алтын қорына енгізілді. 1981 жылдан — Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі. 1996 жылдан — Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия үлттық университетінің доценті, профессоры. 1997 жылдан — Ақмола мемлекеттік филармониясының директоры, көркемдік жетекшісі. 1998 жылдан — Астана Музыка академиясы жеке ән орындау кафедрасының меңгерушісі. 2007 жылдан — ШҚО Мәдениет басқармасының бастығы. 2009-2012 жылдары — ШҚО Мемлекеттік филармониясының директоры болған. 2012 жылдан Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі.

20190403111519

36 жыл бұрын (1983) Бейбітшілік және келісім музейінің директоры — Жазира Тайтөлеуқызы АСАНОВА дүниеге келді. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетін тарихшы (2004); Қарағандының «Болашақ» ​​университетін қаржы (2013) мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолы: тарих пәнінің мұғалімі және Жартас орта мектебі UCP (2003-2004); Мичурин аграрлық техникалық колледжінің жалпы білім беру пәндерінің оқытушысы (2004-2007); «Жас дәурен» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі (2007-2010); Долинка саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы директорының орынбасары (05.2010-10.2010); Долинка саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының директоры (2010-2012); Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығының директоры (2012-2014); Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының қорларды есепке алу, сақтау және қалпына келтіру жөніндегі орынбасары (2014-2015); Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының халықаралық байланыстар, экспозициялық көрме және қор қызметтері жөніндегі орынбасары (04.2015-06.2015); Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының бірінші орынбасары (2015-2017). 2017 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл» (2015) «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты» марапаттарының иегері.

20190402223655

34 жыл бұрын (1985) Н.А.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері — Динара Нұрғисақызы ТІЛЕНДИЕВА дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлік факультетін бітірген. Қазіргі қызметінде — 2009 жылдан бері.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button