КӘСІПКЕРЛІК КОДЕКСІ: БИЗНЕСКЕ – ТЫҢ СЕРПІН

Биыл қаңтар айынан бастап қолданысқа енгізілген Кәсіпкерлік кодексі талаптарымен таныстыру мақсатында аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті.

 

 Жаңа заң «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру және кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет арасындағы өзара қоғамдық қарым-қатынасты заң шеңберінде реттеп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.

Баспасөз мәслихатында Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер бойынша директордың орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, 31 тараудан тұратын кодекс баптарында бәсекелестік, жеке кәсіпкерлік туралы, сондай-ақ, шағын шаруа немесе фермер қожалықтары, инвестиция туралы заңдар бірыңғай жинақталған. «Пайдалануға қолайлы болуына байланысты бұл құжаттың әр кәсіпкердің жұмыс үстелінде тұратын кітапша болатынына сенімдіміз» деді ол.

Кодекске кәсіпкерлерді қорғау мақсатында бизнес омбудсмен институтын құру туралы жаңа бап енгізілген. Бұл бізге жаңалық болғанымен, Австралия, Корея, Жапония елдерінде 1996 жылдан бері қолданыста бар. Еуропа елдерінде бұл институт 2006 жылдан бастап енгізіле бастады.

Заңда ауыл шаруашылығы саласына қатысты да бірқатар өзгерістер бар. Айталық, кәсіпкерге жеңілдетілген салық түрі, тендерге қатысқан кезде жеңілдіктер қарастырылған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланып отырған шаруагер он жылға дейін сол жерді өз құнына 50 пайыз жеңілдікпен жекешелендіре алады. Бұл жөнінде шетел азаматтарына ғана шектеу қойылған.

ҚР Бас Прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары Жәнібек Семғалиев «Бизнеске негізсіз әкімшілік қысымды азайту – прокуратура органдарының басты міндеттері. 2014 жылдың наурыз айынан бастап тексерулерге мораторий жарияланғаны белгілі. Жоспарлы тексерулер де өз күшін жойды. Қолданысқа енгізілген Кәсіпкерлік кодексінің негізінде біздің комитетке бақылау және қадағалау органдары тарапынан жүргізілетін тексерулерді реттеу функциясы берілген» деді.

ҚР «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», сондай-ақ,  ҚР «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңдары күшін жойып, осы кодекстің аясында жасақталды. Сондай-ақ, бұл кодексте тексерілетін су-бъектілерді (объектілерді) төрт топқа бөліп қарастырған.

Субъектілер мен объектілердің бірыңғай тізілімінің жобасы енгізілуде. Бұл жоба заң бұзушылықтарды азайтып, заңсыз және негізсіз тексерулердің алдын алады. Нәтижесінде «Тексерулер картасы» жүйесі қалыптасады. Бұл жүйеде кәсіпкерлерге жүр-гізілген тексерулер қорытындысы, орын алған заң бұзушылықтар туралы мәліметтер көрсетіледі. Бұл бір жағынан тұтынушылардың кәсіпкерлер жұмысына баға беріп, сапаны қамтамасыз етуге де септігін тигізеді.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз