27-29 маусымда жастарға арналған алғашқы бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесі өтеді
Қазақстанның ірі жұмыс берушілері жастарға арналған алғашқы бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесіне қатысады. 27-29 маусым күндері Электронды еңбек биржасында қазақстандық компаниялардың HR-менеджерлері өз мекемесін таныстырады. Олардан әр үміткер өзін қызықтырған ақпаратты сұрай алады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 18-35 жас аралығындағы әр Қазақстан азаматы қатысуға құқылы. Ол үшін Enbek.kz порталында тіркеуден өту қажет.
Тіркелу үшін порталдың басты бетіндегі жәрмеңке баннерін басып, өтінім беру керек. Онда жәрмеңкеге қатысу ережелерімен және бағдарламасымен танысуға болады.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жұмыс берушілер онлайн-таныстырылым өткізіп, өздерінің компаниясы, еңбек жағдайы, бос жұмыс орындары және өзге де ақпарат туралы айтып береді.
Жәрмеңкеде 1300-ден астам бос жұмыс орнын Еуразиялық топқа (ERG) және Республикалық тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының құрамындағы компаниялар, «Каспи Банк» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Ernst & Young Kazakhstan» ЖШС, «Евразия групп Қазақстан» ЖШС, «Magnum Cash & Carry» ЖШС, «Бірінші несие бюросы» ЖШС және басқа да компаниялар ұсынады.
Қатысушылар компаниялардағы бос орындарға қызығушылық танытқан жағдайда түйіндемесін жібере алады. Сондай-ақ, алдын ала өтінім бойынша қатысушылардың тізімі жасалады, олар компанияның HR-менеджерімен онлайн сұхбаттаса алады.
Электронды еңбек биржасындағы онлайн-жәрмеңкені ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ бірлесіп ұйымдастырды.
Жәрмеңке жұмыс іздеушіге жұмыс табуды жеңілдетеді. Ал жұмыс берушілерге бос жұмыс орнына лайықты қызметкер табуға мүмкіндік береді.
Қазақстандықтарды жәрмеңкеге белсене қатысуға шақырамыз.