250 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтті
Atr. kz / 15 – ақпан. Кәсіби мемлекеттік жүйе, құзырлы органдармен қоғамның байланысы қандай деңгейде?
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті ұйымдастырған алқа мәжілісінде осы мәселелер қозғалды. Жаңаша форматта өткен жиынға мемлекеттік орган өкілдері ғана емес, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер де қатысып, көкейкесті сауалдарын жолдады. Ашық пікір алаңында ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Руслан Тұңғышбаевтың айтуынша, қуатты және тәуелсіз елді құруда мемлекеттік аппараттың кәсіби және тиімді жұмысының маңызы зор.
— Меритократия қағидатын сақтау принципі – мемлекеттік қызметтегі профессионалды қызмет бабында ілгерілету болып табылады. Мемлекеттік қызметшілер тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби біліктілігін арттырумен қатар тәжірибесін жоғарылату мақсатында тағылымдамадан өткізіледі.
Былтыр тағылымдама кестесіне сәйкес, 250 мемлекеттік қызметші Атырау облысы әкімдігіне қарасты функционалдық міндеттеріне байланысты тиісті саладағы басқармалардан тағылымдамадан өтті, — деді ол.
Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары туралы аталмыш департаменттің орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Мәлік Кариев баяндады. Жиын барысында қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Сергей Алпатанов, арнайы мониторингтік топтың төрағасы Амангелді Абдолов және тағы да қоғам белсенділері пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Айбөпе САБЫРОВА,
Фото Ерлан АЛТЫБАЕВ.