2400 сайт бұғауланды
Өткен жылы ел бойынша экстремистік сипаттағы 1500 сайт жабылды. Биылдың өзінде алты мыңнан астам сайт зерделеніп, оның ішінде 900 интернет-ресурстың заңға қайшы ақпарат таратумен айналысқаны анықталған. Бұл туралы халыққа есеп беру кезінде Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді.
Сараптама жұмыстары әлеуметтік желілерге, кітап, баспа өнімдеріне де жүргізілуде. «Ағымдағы жылы 1,5 мыңнан астам нысан сараптамадан өтті. Оның ішінде 54 материал құқыққа қайшы контенті бар деп танылды. Сонымен қатар, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің барлық кітапхана қорына сараптама жүргізілді. Нәтижесінде 13 кітап деструктивті маз-мұнда деп табылды» деді баяндамашы.
Министр жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелерімен де бөлісті. Мәселен, дін саласындағы мемлекеттік саясатты халықтың қолдау деңгейі 87%-ды құраған. Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасын жақсы бағалау – 60%, мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуына риза болғандар 75% -ды көрсетіп отыр.