
2027 жылы су есептеу жүйесі толық цифрландырылады
Елімізде су тарифін есептеу жүйесін толық цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті, — деп хабарлайды kaz.inform.kz
–2027 жылға дейін су есептеу жүйесін толық цифрландыру, сондай-ақ автоматтандырылған гидрожапқыштарды енгізуді жоспарлап отырмыз. Айта кету керек, цифрландыру жобаларын әзірлеу барысында басым бағыт отандық өндірушілердің заманауи технологиялық шешімдері мен жабдықтарына беріледі. Аталған іс-шаралар аяқталған соң, су ресурстарына қатысты барлық мәлімет ақпараттық жүйеге толық енгізіледі. Бұл су алу мен бөлу үдерісін тиімді жоспарлауды, сондай-ақ оның ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді, — деді Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ министр бүгінде ақпараттық-талдау орталығы жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті.
–Жүйенің тиімді және үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы құрылды. Орталықтың негізгі міндеті – су қорына қатысты деректерді жинау, жүйелеу және талдау, ақпараттық жүйені сүйемелдеу және дамыту, — деп толықтырды ведомство басшысы.
Бұған дейін Нұржан Нұржігітов ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын хабарлаған еді.