2024 жылы Kaspi Gold-ты қалай қолдануға болады?
Биылдан бастап «мобильді аударымдарға» өзгеріс енгізілді. Бұл әдіс табысын жасырып, мемлекетке салығын төлемей жүрген жандарды анықтау мақсатында жасалып отыр. Десек те, 1 қаңтардан бастап көптеген шағын бизнес субъектілері қолма-қол ақшамен есеп айырысатындықтарын хабарлады. Осыған байланысты жұртшылық тарапынан онлайн аударымдарға қатысты сауалдар туындай бастаған болатын…
Иә, бұл әдістің біздің қоғамға енгені соншалық, соңғы кездері қағаз ақша қолдануды азайттық. Қазір қай төлемді де мобильді аударым арқылы жүзеге асыратын болдық. Әрине, заңды түрде карточкамен сауда жасауға шектеу жоқ. Бірақ, біз дағдыланып алған «мобильді аударымдар» енді тексеріледі. Осыған байланысты жұртшылық тарапынан сан түрлі сауалдар туындай бастады. Салық жүйесі бойынша сарапшы Дмитрий Казанцевтың айтуынша, тек кәсіпкерлік мақсаттағы аударымдар тексеріледі.
– Мәселен, сіз достарыңызбен мейрамханада отырдыңыз дейік. Сол жақын жандарыңызбен бір жыл бойы бір-біріңізге қаражат аударып жүрген болсаңыз, онда дүрбелең салудың қажеті жоқ. Өйткені, жақын жандарға бірнеше мәрте жасалғандарға салық салынбайды,-дейді Дмитрий Казанцев.
Онлайн аударымдарды тексеру «көлеңкелі экономиканың» жолын кесуге бағытталып отыр. Өйткені, нақты табысын жасырып, салық төлемеу үшін кейбір бизнес иелері осы тәсілге үйреніп алған. Сол себепті салық мамандары арнайы алгоритм ойлап тапқан.
– Айталық, жеке тұлға үш ай бойы күн сайын жүз адамнан аударым қабылдауы мүмкін емес. Сондықтан, арнайы критерийлер бойынша банктер мобильді аударымдар туралы мәлімет беріп отырады,-дейді Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Байтемірова.
Осы алгоритм бойынша қаржы ұйымдары салық комитетіне есеп береді. Оның қорытындысына сәйкес салық саласының мамандары талдау жасап, кейін шара қолданады. Шынайы табысын жасырған жандарға ескертпе хабарлама жіберіледі. «Ескертпе-хабарламалар салық төлеушіге қосымша декларация тапсыру арқылы өз бетінше заңбұзушылықты жоюға мүмкіндік береді. Ал, мүлдем жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген кәсіп иесі болса, ол уақытылы тіркеліп, табыс салығын төлейтін болады» дейді Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінде жеке тұлға өз табысынан 10 пайыз салық төлеп отырса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда оның көлемі 3 немесе 4 пайыз болуы мүмкін. Сондықтан, мамандар «мобильді аударымнан» қашып, қолма-қол ақшаға ұмтылғаннан гөрі жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге кеңес береді. Өйткені, «көк қағазбен» жұмыс істеп отырған бизнес иесі де қайтадан тауар алуға қомақты қаражат жұмсайды. Сол кезде бәрібір салық органдарында мұндай кірістің қайдан келгені туралы сауал туындайды. Сол себепті сарапшылар адал табысты ашық жариялауға шақырады.
Банктерден ақпарат кезең-кезеңімен:
1) 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша;
2) 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша;
3) 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша;
4) 2026 жылдан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша берілетін болады.
Осылайша, бүгінгі таңда ақпарат тек мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары, яғни жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің декларанттары бойынша алынды.
*Сіз не дейсіз?
Алмас АЛТАЙ, жеке кәсіпкер:
«Қаранал» қайта оралмайды
Біз қолданып жүрген «каспий голд» деген карточка. Карточкамен сауда жасалуы – міндет. Заңмен бекітілген. Ал, сіз үйреніп алған «мобильді аударым» деген әуел бастан саудаға арналмаған. Сауда жасап жүргендер, жолаушы тасып жүргендер осы кезге дейін салық төлемей, табысын жасырып, мемлекетке тиесілі үлесті төлемей келді.
Енді мемлекет «заңды салықты төлеу керек» деп, мобильді аударымдарды тексеретін болған кезде былай аунап, «қолма-қол ақшамен ғана есептесетін болып» шыға келді. Қолма-қол ақша үшін кассалық чек сұрасаңыз, азар да безер боп қашар еді дәл сол жерде.
Қысқасы, карточкамен сауда жасай беріңіздер, талап етіңіздер, бұл әбден заңды қадам. Карточка қабылдамаған нүктелерді заң органдарына ескертуге болады, солар айналысады. Айталық, мен жеке кәсіпкермін. Әр алты ай сайын тапқан табысымнан мемлекет бекіткен көлемде салық төлеймін. Мен төлеген салық өзім сияқты осы мемлекеттің азаматтарына – біз қызметтеріне жүгінетін бюджеттік сала қызметкерлеріне жалақы болып төленеді. Осыны ұмытпайық, ағайын.
Айбөпе Сабырова