2018 жылы барлық санаттағы азаматтар үшін арзан ипотека беріледі
«7-20-25» жаңа ипотекалық механизмдерге байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Сондай-ақ, тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында арзан құрылыс пен ипотекалық кредит беру мәселелері бойынша жұмыс жүргізіледі. 2030 жылға қарай тұрғын үй көрсеткішін бір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу жоспарлануда.
«Коммерциялық банктер биыл құрылыс салушыларға 70 млрд теңгеге субсидияланатын несие береді. Мемлекет басшысы жариялаған «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру аясында осы айда жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының нормаларын есепке ала отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізіледі. Бұл механизм арқылы әрбір жұмыс істейтін адам несиеге пәтер сатып ала алады. Қазақстандықтардың көбінің тиімді шарттар арқылы баспана сатып алуға мүмкіндігі болады. Биылғы жылдың екінші жартысында барлық санаттағы азаматтар үшін алғашқы арзан ипотека беріледі», — деді министр Жеңіс Қасымбек.
Қазіргі уақытта жаңа бағдарламаны неғұрлым тиімді іске асыру үшін талаптарын жеңілдету бойынша Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының заңнамасына бірқатар түзетулер дайындап жатыр.