Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

2017 жыл несімен есте қалды?

Өткен жыл несімен есте қалды? Күнтізбедегі жыл мерзімі ауысқан кезде былтырғы маңызды оқиғаларға шолу жасап, осы сұраққа жауап іздегенді жөн көрдік.

2017 жыл несімен есте қалды

Технологиялық жаңару бастауы

Тауық жылының басты табысы ретінде Қазақстанның халықаралық мамандандырылған ЕХРО-2017 көрмесін сәтті өткізуін атауға болады. Халықаралық деңгейдегі аталмыш шара арқылы Қазақстан тұңғыш рет әлемге технологиялық қырынан танылды.

Астана көрмесінің басты ерекшелігі – оның тақырыбы. «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдау арқылы Қазақстан әлемді қоршаған ортаны қорғау, дәстүрлі кен орындарымен бірге, табиғат тазалығын сақтай отырып, жаңа көздерден қуат өндіру идеясы жолында біріктіре алды.

«Жасыл экономика», яғни, жаңартылған энергия көздерін пайдалану – өркениетті елдерде бар құбылыс. Оның алғышарттары біздің елімізде де бар. Енді әлемнің 115 елі мен 22 халықаралық ұйымының басын қосқан ЕХРО көрмесінен кейінгі технологиялық жаңалықтар отандық экономикаға ене бастайды.

Жақында ғана өткен Үкімет сағатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев аталмыш ведомство құрған сараптамалық жұмыс тобының төрт бағыт бойынша 105 шетелдік және 28 отандық технологияны іріктегенін мәлімдеді. Мұнай және газ, көмір өнеркәсібі, электр энергетикасы, энергияны үнемдеу, экология, соның ішінде, қалдықтарды басқару, су тазалау, ауа сапасын бақылау бойынша озық жаңалықтардың елімізде 55 технологиясы енгізілетін болады. Осы бір деректің өзі елімізде қабылданған «Жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманың» әдемі утопия емес, нақты әрекеттер қадамы екендігін көрсетеді. Қалай десек те, Қазақстан халықаралық мамандандырылған ЕХРО көрмесін өткізу арқылы әлемдік кеңістік тарихына үшінші технологиялық жаңғырудың бастаушысы ретінде енді.

Ізгілік жолындағы бірігу

2017 жылы еліміз және бір үлкен саяси процесті бастан өткерді. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі жұмысына ресми түрде кірісті. Бұл міндет Қазақстанның үлкен саясаттағы бітімгершілік позициясын нығайта түсті.

Аталған Кеңес – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі жүктелген, тұрақты жұмыс жасайтын әлемдік деңгейдегі нөмірі бірінші орган. Бұл позиция біздің еліміздің ғана емес, сондай-ақ, бұған дейін ешқашан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін органда өкілеттілік етпеген Орталық Азия субөңірінің де мәртебесін биіктетті. Осы ретте Қазақстанның өзіне жүктелген жауапкершілігі жоғары міндетті абыроймен атқарып шыққанын атап өткен ләзім. Бұл сөзімізге бірнеше жылдан бері қантөгіс алаңына айналып келген Сириядағы ахуалды реттеу мәселесіне Қазақстанның тікелей араласуын айтуға болады. «Астана процесі» Сириядағы ахуалдың реттелуіне ғана емес, әлем қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жол ашып отыр. Опат болған адамдар саны бүгінге дейін нақтыланбай отырған Сирия соғысын реттеу мақсатында «Астана процесі» бірнеше раундқа созылды. Басты нәтиже сол, бұған дейін бір келісімге келе алмаған тараптар «Астана процесінде» өзара уағдаласып, нақты нәтижелерге қол жеткізді.

Айталық, 21-22 желтоқсан күндері Астанада өткен биылғы жылдың соңғы процесінде кепілгер мемлекеттердің, яғни, Түркия, Иран мен Ресейдің бірлескен мәлімдемесі жария етілді. Аталған мәлімдемеде ДАИШ лаңкестік ұйымының (Қазақстан аумағында тыйым салынған террористік құрылым) ойсырай жеңіліп, Сирия аумағының олардан біржола тазаланғандығы айтылады. Оның үстіне, әлемдік бірқатар ақпарат құралдарында ДАИШ лидерінің көзі жойылғандығы туралы да мәлімет тарады. Міне, біздіңше, «Астана процесінің» негізгі нәтижесі де осы. Қантөгістен көз ашпаған Сирия жерінде бүгінде жағдай едәуір тұрақтанды. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов атап өткендей, Сирия бүгінде қайта қалпына келтіру кезеңінің бастауында тұр. Түйіні шешілместей көрінген шиелініс кепілгер елдердің күш-жігері мен БҰҰ-ның тікелей қолдауымен реттеліп келеді. Сарапшылар кепілгер елдердің қатысуымен келер жылы Сочиде өтетін конгресске және әлем тағатсыздана күтіп отырған Женева келіссөздеріне «Астана процесінің» оң серпін береріне сенімді. Қалай десек те, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы базасындағы маңызды позициясын келер жылы да жалғастыратын болады.

2017 жыл несімен есте

Болашақтың инвестициясы

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру». Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған бағдарламалық мақаласы қоғамдық сананы өзгертуге бағытталған жылдың ең үлкен жаңалығы болды десек қателеспейміз. Сана жаңғырған жерде жаңалықтың да, өзгерістің де болатынын ескерсек, аталмыш мақаланы ұлт болашағына салынған инвестиция ретінде қарастыра аламыз.

«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» — деген Президент жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу екендігін айтады. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.

Президенттің пайымынша, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында аталады. Мақала аясында Қазақстан алғашқы ауқымды саяси, рухани жеңіске қол жеткізді. Қазақ графикасының латын әрпі үлгісіндегі әліпбиі қабылданды. Осылайша, жаһандық өркениетке жасалған тағы бір соны қадамды тарихи шешім деп бағаласақ та болады. Себебі, қазақ қарпін латын графикасына көшірудің астарында үлкен философиялық, стратегиялық маңыз жатыр.

Мәңгілік ел болуды, басты мұрат еткен еліміз осылайша әлемнің ең дамыған озық отыздығына ену жолында лайықты қадам жасап келеді. Өзі жас, өзі әлемдік аренаға бітімгер мемлекет ретінде танылған Қазақстанның толайым табыстарының бастауында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты тұрғаны сөзсіз.

Жолаушылармен бірге қарсы алдық

Айгүл ӘЛЕКЕШОВА, жолсерік: «Жол мұраты – жету» демекші, сапарға шыққан жолаушы алдымен діттеген жеріне асығатыны белгілі. Сондықтан, біз мереке күндері де демалмай, қызметімізді жалғастыра береміз. Кесте бойынша жұмыс істейтін болғандықтан, жаңа жылды жолда қарсы алған шақтарымыз көптеп кездесті. Өзім соңғы төрт жылда «Атырау – Маңғышлақ» немесе кері бағыттағы пойызда қарсыладым.

Әрине, жаңа жыл алдында жолаушылар легі көп болады деп айта алмаймын. Пойызда вахталық әдіспен қызмет ететіндер немесе шұғыл шаруамен жолсапарға шыққандар ғана кездеседі. Сағат тілі 12-ні соққанда жолаушылармен бірге Жаңа жылды қарсы аламыз. Бір-бірімізді құттықтап, бір дастарханда тілегімізді айтамыз. Стансаларға тоқтаған кезде басқа әріптестерімізге де лебізімізді білдіріп жатамыз. Бригадирлер Аяз ата болып киініп, біздің көңілімізді көтеріп, құттықтауларын жеткізеді.

Жолда қарсылаған қай жаңа жылда да ерекше көңіл-күйде боламыз. Теміржол саласында он жылдан астам уақыт еңбек етсем, соның жеті жылында жолсерік болып қызмет етіппін. Әрине, жаңа жыл отбасылық мереке болғаннан кейін әрбір жан үйінде қарсылағысы келеді ғой. Бірақ, балаларым жұмысыма түсіністікпен қарайды. Олардың қолдауы мені қанаттандыра түседі.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button