«20 қыркүйектен бастап оқушылар мен студенттер қашықтан оқытуға көшіріледі»: қазақстандықтар ақпаратты қызу талқылауда
WhatsApp мессенджерінде қазақстандықтар жаңалықтар порталынан түсірілген скриншотты таратуда. Суретте 20 қыркүйектен бастап еліміздің барлық оқушылары мен студенттері онлайн режимде оқуға көшетіні туралы жаңалық көрсетілген. Ақпарат жайлы құзырлы органдар пікір білдірді.
Шын мәнінде, таратылған сурет графикалық редакторларда өңделген. Қашықтан оқыту форматына көшу туралы хабарламадағы қаріп жаңалықтар порталында қолданылатын қаріппен ерекшеленеді. Сонымен қатар хабарламада стилистикалық қателер бар. Tengrinews порталында жарияланған түпнұсқа ақпаратта ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіндегі валюта бағамының өзгеруі туралы ғана айтылады. Мақалада оқушылар мен студенттерді оқыту форматының өзгеруі туралы ескертулер жоқ.
Онлайн оқыту форматына көшу туралы ақпаратты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті де жоққа шығарды.
“Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Балалар офлайн режимде оқуда және оқуын жалғастырады. Егер сыныпта коронавирустық инфекция жұқтырған оқушы анықталса, онда тек осы сынып қана екі апталық карантинге жіберіледі. Мектептегі қалған барлық оқушылар оқуын дәстүрлі форматта жалғастырады”, – деп түсіндірді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Демек, қашықтан оқытуға көшу туралы хабарламалар фейк, ал скриншот қолдан жасалған.
Stan.kz