20 отбасына көмек көрсетті
Облыстың іскер әйелдері көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып, әрдайым алғысқа бөленіп жүр. Республика көлемінде жүріп жатқан «Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына – 25 ізгі іс» акциясына да белсене қатысқан олар қайырымдылыққа бей-жай қарамайтындарын тағы бір дәлелдеді. Игілікті шара аясында көп балалы 20 отбасына киім-кешек пен азық-түлік себеті тапсырылды.
Айта кеткен жөн, шараны Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен іскер әйелдер қауымдастығының Атырау филиалы бірлесе ұйымдастырды.
Жалғызбасты ана Сандуғаш Ізбасова алты бала тәрбиелеп отыр. Жұмыссыз. Айтуынша, жуырда «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының көмегімен екі баласы балабақшаға орналастырылыпты. Үлкені – студент.
— Кейде қалаішілік автобустарға кондуктор болып шығамын, балаларым жас болғандықтан, өздерін үйде қалдырып кету де қиын. Десек те, атымтай жомарт адамдар бар екен. Жуырда кәсіпкер азаматтар жалдап отырған үйімнің екі жылдық төлемақысын өтеп берді. Енді, бүгін облыстың іскер әйелдері балаларымды киім-кешекпен қамтып, тәтті тағамдарын да ұсынып отыр. Алғысым шексіз, — дейді ол. Бұл тілекке өзге де аналар қосылып, ризашылықтарын білдірді.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.