Егіндік жерді су басты
Ежелден егіншілікті кәсіп еткен өңірлердің бірі – Махамбет ауданы. Биыл мұндағы егістік жердің аумағы 2 мың гектарға жуықтайды. Әрине, бұл жоспарланғанның бір бөлігі ғана. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Ең бастысы, көктемгі су тасқыны. Екпіндеп келген өр суының салдарынан арнасынан асып, тасыған Жайық өзенінің суы бірқатар шаруашылық құрылымдарының шабындық, жайылымдық, егіндік жерлерінің біраз бөлігін басты. Сөйтіп, жарамсыз болып қалды.
Әңгімесін осыдан бастаған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаевтың айтуынша, биыл егін егілген алқаптың көлемі 1 898 гектарды құрап отыр. Оның 185 гетарына – картоп, 567 гектарына – көкөніс, 273 гектарына – бақша және 873 гектарына – малазықтық дақылдары отырғызылыпты. Мұнда 32 шаруашылық құрылымы мен жеке сектордың үлесі бар.
– Бүгінде ел ырысына айналған егіндіктен алғашқы өнімдер алынып, тұтынушыларға жөнелтіле бастады. Атап айтқанда, қияр, қарбыз, қауын, басқа да бақша дақылдарының алды аудан мен қаланың орталық базарларына шығарылып, қолжетімді бағамен сатылуда. Осылайша, науқан басталғалы бергі санаулы мерзімде 17 гектар көкөністен — 380 тонна өнім алынды, бақша 16 гектарбақшадан — 610 тонна (барлығы 33 гектардан 990 тонна) өнім жиналып, сапалы күйінде өткізілді. Кестеден кешіктірілгенімен көктемгі дала жұмыстарының тиянақты жүргізілуінің арқасында санаулы күндерде осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Әйтсе де, мұның өзі егінді ежелгі кәсібі санайтын махамбеттіктер үшін шекті меже емес, — деп сабақтады сөзін салалық бөлім басшысы.
Бір өкініштісі сол, Жайық өзенінің деңгейі көтеріліп,тасуының салдарынан егін егуге дайындалған 2800 гектар алқапты су басты. Сөйтіп, егістіктің көлемі жылдағыдан айтарлықтай кеміді. Тасқын судан егілген 610 гектардан астам көкөніс, бақша, картоп, малазықтық дақылдары, 170 гектарға жуық алқаптағы жеміс ағаштары зардап шекті. Бүгінгі таңда шаруашылығына залал келтірілген заңды және жеке тұлғалар шығындарын өтеу үшін аудан әкімдігі жанынан құрылған комиссияға өтініштерін жолдауда. Қазірге дейін комииссияның қарауына шаруа қожалықтары мен жеке шаруалардан 60 өтініш келіп түскен.
Дәулетқали АРУЕВ,
Махамбет ауданы
сурет интернет желісінен алынды