14 мың отбасы жаңа жәрдемақы алады
Биылғы жылдың бірінші шілдесінен бастап 14 мыңға жуық отбасы жаңа жәрдемақы алады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтты.
«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңға бірінші топтағы мүгедекке бала кезінен күтім жасайтын 18 жастан асқан адамдарға арналған жаңа жәрдемақыны енгізу нормалары бекітілді», — деді Әбілқасымова.
Бұл жәрдемақыны 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 14 мыңға жуық отбасы алады, ал оның көлемі биылғы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшерін немесе 29 699 теңгені құрайды. Мемлекеттік жәрдемақы оларға үнемі төленіп тұрады. Маңыздысы — әйелдің мүгедек баласына күтім жасаған жылдары зейнетке шыққанда еңбек өтіліне қосылады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,7 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Айта кетсек, бүгінгі таңда бала кезден бірінші топтағы мүгедек адамдарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері — 54 306 теңге.
Хорлан Смадияр