ІЗГІЛІК БАСТАУЫ

Барша мұсылман асыға күткен Ораза айт мерекесі рухани тазаруға ұмтылатын Рамазан айының аяқталғанын білдіреді. Қайырымды істер атқарып, қамқорлыққа зәру жандарға қол ұшын созуға ниет қылып, ықылас білдіруге бастайтын ізгі мейрамның алғашқы күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров пен бір топ теологтарды қабылдады.

Аймақ басшысы басқосуға қатынасып отырған сала мамандары арқылы барша облыс жұртшылығын айт мерекесімен құттықтап, дін саласында атқарылған ауқымды істердің нәтижесінде оң өзгерістер орын алып отырғандығын айта келе, тура жолдан тайғандармен жұмысты жандандыра түсу керектігін де сөз қылды. «Өзге ағым жетегінде жүргендерді кері теппей, керісінше, бауырымызға тартып, оң бағыт сілтегеніміз жөн» деп атап өтті Бақтықожа Салахатдинұлы.

Өз кезегінде аймақ басшысына Бас мүфти Ержан Маямеровтың Құттықтау хатын табыстаған Бас имам Батыржан Берденұлы айт мерекесі күндері қауышып отырғандығына ризашылық сезімін білдірді. Бас имам Рамазан айы бойы мешіттің ұйымдастыруымен көптеген қайырымдылық шаралары өткізілгенін, бүгінгі айт намазынан соң, арнайы дастарқан жайылып, шаралар легі ұлттық спорт ойындарымен жалғасқандығын да атап өтті. 

Кездесу барысында сөз алған теолог Ерсін Әміре салаға қатысты біліктілігін молайтуға ниетті жандардың саны артып отырғандығын айта келе, бұқарамен байланыс артып келе жатқандығын атап өтті.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз