Каспий құбыр консорциумы 400 баланы қуантты

img 20221227 114833 249 Жаңалықтар

КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫ БҮЛДІРШІНДІРГЕ ЖАҢАЖЫЛДЫҚ КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАУДЫ БИЫЛ ДА ҰМЫТПАДЫ. КОМПАНИЯ ҰЖЫМЫ ҚҰРМАНҒАЗЫ, МАҚАТ, МАХАМБЕТ АУДАНДАРЫНДАҒЫ 400 КІШКЕНТАЙ БҮЛДІРШІНДЕРДІ ҚУАНТТЫ.

Құрманғазы ауданында өткен жаңажылдық мерекеге 50-ден астам бала қатысты. Олардың барлығы ата-аналарынан айырылған және мүгедектігі бар ерекше балалар. Ертеңгілікке қатысқан бүлдіршіндерді аудан әкімі Марат Мұрзиев құттықтады.

img 20221227 114839 284

– Сіздерді келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Жаңа жылда жаңа табыс, шат-шадыман өмір тілеймін. Ата-аналарыңызды сыйлап, мектепте жақсы оқуларыңызға тілекшімін. Дендеріңіз сау болып, еліміздің мақтан тұтар азаматы болыңыздар. Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында Каспий құбыр консорциумы балаларымызға мерекелік көңіл-күй мен керемет сыйлықтар сыйлайды. Бүгін балалар өздері қалаған сыйлықтарын алды. Кәсіпорын көмекке, қолдауға зәру балаларымызға көңіл бөліп, қамқорлық танытып, қуаныш сыйлағаны үшін алғыс білдіремін, – деді аудан әкімі.

Іс-шарада кішкентай бүлдіршіндер нағыз ғажайыптар еліне саяхат жасап, ертегі кейіпкерлерімен қол ұстасып, би билеп, ән айтты. Ұйымдастырушылар сыйлық алу кезінде балалардың қалауын ескеріпті. Өздері армандаған сыйлыққа қол жеткізген балаларға тәтті толтырылған себеттер мен консорциум басшылығының лебізге толы ашықхаттары табысталды. Сонымен қатар, жаңажылдық бағдарлама аясында Мақат ауданындағы балаларға күзгі және қысқы курткалар, етіктер табысталса, Махамбет ауданындағы балаларға төсек орын жиынтығы, спорттық костюмдер, кроссовкалар мен планшеттер тарту етілді.

img 20221227 114833 187

Облыстық балалар ауруханасындағы балаларға да тәттілер үлестірілмек. Ата-аналар да балаларына қуаныш сыйлаған консорциум ұжымына айрықша алғыстарын білдірді. Каспий құбыр консорциумы Атырау облысында жыл сайын жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған қайырымдылық көмектерін көрсетіп келеді. Ашылғанына жиырма жылдан асқан консорциум осы жылдар аралығында қайырымдылық мақсатында облыста мектеп, балабақша құрылыстары мен медициналық мекемелерге заманауи жабдықтарды сатып алу үшін 12 млрд. теңге жұмсаған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз