11 градус аяз болады: Синоптиктер алдағы үш күнге ауа райы болжамын ұсынды
Синоптиктер болжамына сәйкес, 5-7 қазанда еліміздің басым бөлігі солтүстік-батыс антициклонның ықпалында болады.
Нәтижесінде күн райы жауын-шашынсыз болып, ауа температурасы одан әрі төмендей түседі. Ал Қазақстанның солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінің ауа райы циклонға байланысты құбылмалы болады — жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. 6 қазанда таулы аудандарда қатты жауын-шашын болып, тұман, көктайғақ, бұрқасын болуы ықтимал. Түнде еліміздің батысында 0 градустан минус бес градусқа дейін аяз болып, солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта ауа температурасы минус 5-10 градусқа дейін төмендейді. Ал шығыста минус 3-11 градус аяз күтіледі.
Оңтүстікте түнгі уақытта минус 1-6 градус аяз болады.
Нұр-Сұлтан қаласында 5-6 қазанда күндіз 1-3 градус жылы болса, түнде минус екі-төрт градусқа дейін күн суытады. Қар аралас жаңбыр күтіледі.
Ал Алматыда 5 қазан күні күндіз 13-15 градус жылы болса, түнде 3-5 градус жылы болады деп күтіледі. Ал алтыншы қазан күні ауа температурасы күндіз 4-6 градусты көрсетіп, түнде плюс екіден нөл градусқа дейін төмендемек.
Түркістан облысында 5-6 қазанда күндіз плюс 10 градустан плюс 20 градусқа дейін жылы болмақ. Түнде ауа температурасы +5 градустан 0 градусқа дейін төмендейді деп күтіледі.
Түркістанда 5-6 қазан күндіз +12 және +18 градус аралығында жылы болса, түнде +3 пен +7 аралығында жылы болмақ.