1 наурыз — алғыс айту күні
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурыз қазақ халқына өзге ұлттардың «Алғыс айту» күні ретінде белгіленді. Мұның мәні тарих қойнауынан бастау алады десек, асыра айтқанымыз емес. Сан мыңдаған ұлттарды ынтымақ бесігінде тербеткен Қазақ елінің феномендік сипатын әлем үлгі етуде. «Мінбер» сарапшылары осы тақырыпта ой өрбітті.
- Депортация кезеңіндегі қазақ халқының тарихи рөліне баға берілді ме?
- Алғыс айту күнінің мәні неде?
Ұдайы алғыс айтамын
Ольга ГАУН, неміс ұлтының қызы
Менің атам-әжем – де-портация құрбандары. Олар Қазақ топырағына 1942 жылы жер ауып келді. Неміс халқының тең жартысы Орал облысына жіберілсе, қалғаны сол кездегі Гурьевке қалдырылды. Туыстық қатынастарды біржола үзу мақсатында ол кезде бір отбасын жан-жаққа әдейі бөлген екен. Дегенмен, менің ата-әжем мен туыстарым (әкем мен оның бауырлары) бір-бірінен ажырамауға тырысыпты. Сондай қиын-қыстау кезеңде жер ауып келген жат жұрттықтарға жергілікті халық қана көмек қолын созып, бауырына тартты. Ұлтқа, ұлысқа бөлінбеді, адам деген ғана ұғым болды.
Заман қиын болғанымен, адамдардың ниеті таза еді. Ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи жағдай қазақ халқының өз жерiнде көптеген ұлт өкiлдерiн ашық-жарқын, құшақ жая қарсы алып, төзiмдiлiкпен бiр үзiм нанды бөлiсiп жеп, Отанынан жырақ келгендердiң көкейiнде келешекке деген сенiмді ұялатты. Қашан да қонағына төрiнен орын берген бабалардың қонақжайлылық дәстүрiнен таймағаны ХХI ғасырдағы Қазақстанның ұлтаралық келiсiм орнаған тұрақты қоғам орнатуына бiрден-бiр себеп екенi даусыз.
Күнтізбеге қосылған жаңа мерекені қазақ халқының қонақжайлылығына тағзым деп білген жөн. Мынадай адамгершілік құндылықтар азайып бара жатқан заманда бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алады.
Расымен, өткен тарихта тағдыр тауқыметінен ұлы даланың кең байтағына ауа көшіп, қазақтың кең қолтығын сауғалап, жан сақтаған өзге ұлттың ең бірінші кезекте қазаққа құрмет көрсетіп, алғыс айтуы заңдылық. Өйткені, сұрқия саясаттың құрбанына айнал-ғандарды ажал аузынан арашалаған да, өзінің жағдайы тартпаса да, өзгені демеген де қазақтың мейірімге толы қа-сиеті болатын.
Жүзі, діні мен тілі басқа өзге ұлттың өкіліне қолындағы бір үзім нанын бөліп берген қазаққа бір күн ғана емес, мәңгілік алғыс айтып өтеміз.
Ұлттың даналығына қайранмын
Николай КУСТАДИНЧЕВ, «Возрождение» болгар этно-мәдени бірлес-тігінің мүшесі
Менің әкем сонау Қырымнан 1944 жылы Гурьев қаласына жер аударылып келген. ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары мен 50-ші жылдарының басы КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер аударудың орын алған кезеңі еді. Тоталитарлық жүйенің миллиондаған азаматтардың тағдырын қиғаны тарихтан аян.
Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапа-йым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған елдің бірі де бірегейі – Қазақстан. Жергі-лікті халықтың қамқорлығымен жетілген Кустадинчевтер Жайық жағасында қалды. Бүгінде ұл-қыз, немерелері-міздің ортасында бақытты күн кешудеміз.
Сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қазақ жеріне қоныс аударды. Өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды қабақ шытпай қабылдады. Мұны ешбір ұлт өкілі ұмытпайды.
Отбасымызда тарих туралы әңгіме айтыла бастағанда балаларыма қазақтың қонақжайлылық қасиеті туралы сөз етіп отырамын. Ұлым Юрий «Возрождение» болгар этно-мәдени бірлестігіне жетекшілік етеді. Бұл – оның құтты қоныс бола білген елге деген құрметі, тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға қосқан үлесі.
Қазіргідей амандық, саулық сұрасуға да уақыт таппайтын кезеңде адамдардың бір-біріне алғысын білдіріп, өздеріне жасалған жақсылықтарды еске алуы – аса маңызды. Бұл жақсылықты бағалай білуге, оған жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды.
Бір күнмен шектелмейтін құрмет
Зураб БОБОХИДЗЕ, «Иверия» грузин этно-мәдени бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы
Мұнайлы өлкеге 1974 жылы келдім. Тарихи Отаным – Грузия, ал, Қазақстан – білім беріп, тәрбиелеген екінші Отаным. Мен үшін Қазақстанымның топырағы ыстық. Осы жерде орыс қызы Татьянамен отбасын құрып, балаларымды өсіріп, тамырым тереңге жайылды. Бүгінде жарым екеуміз екі қызым мен ұлымнан өрбіген немерелерімнің қызығына бөленіп отырмыз. Қызымыз Кристина қазақ жігітіне тұрмысқа шықты, қазақ ұлтымен құдамыз. Қазақтың ұлттық құндылықтарын білуімізге, салт-дәстүрлерімен тереңірек танысуымызға күйеу балам мен қызым дәнекер болып келеді.
Бұл – менің елім, мен – елімнің патриотымын. Барлық жеткен жетістігім, алдымен, еңбегімнің, екіншіден, қазақстандықтардың арқасында деп есептеймін. Сондықтан, депортация жылдарындағы қазақ халқының ерлігіне тарихи баға берілген деп ойлаймын. Өйткені, өзге елден жер ауып келгендер тарихи Отанынан айырылған қиын шақтарда жергілікті ұлттың демеу болғанын сол кездің өзінде айтып отыратын. Қазақ халқына алғыс айту тек бір күнмен шектелмеуі керек. Құрметті әр өзге ұлт өкілі, әр адам нақты ісімен көрсетуі тиіс.
Бұл – Қазақстанда тағдыр тоғыстырған көп этностың ортақ тарихын құрметтеу күні. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанға ұйғырлар мен дүнгендер, Столыпин реформасы кезінде орыс переселендері, отызыншы жылдары кәрістер, ал, Ұлы Отан соғысы жылдарында Солтүстік Кавказ халықтары, Ресей немістері мен қалмақтар қоныс тепті. Қазақ жерінде ортақ тарихи тағдыры тоқайласқан барлық этносты ынтымақ біріктірді. Бүгінгі күні Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Ең бастысы, бізде әр адамның еңбегіне қарай бақуатты өмір сүруіне, алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Бұл мереке адамдарды бір-біріне жақындастырып, бір-біріне деген құрметті арттырады. Ендеше, тағдыр тәлкегімен өзге елге жер аударылған халыққа құтты қоныс болған Қазақ жеріне, Қазақ еліне алғысым шексіз.
Азат елдің ажырамас бөлшегіміз
Александр Думлер, «Видергебурт» неміс этно-мәдени орталығының жетекшісі
Былтыр барлық қазақстандықтың тәу етіп отырған жалғыз киесі – Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойын атап өттік. Қазақтардың арасынан бақыт тапқан сан ұлт пен ұлыстың оларға айтар алғысы шексіз. Осындай ізгі ниетпен Елбасы өткен жылы 1 наурызды ел көлемінде «Алғыс айту» күні ретінде жариялағаны белгілі. Қашанда даналығымен дараланып, көрегенділігімен бағаланған Ұлт Көшбасшысының бұл игі бастамасын да бірауыздан қуана құптадық.
Еліміздегі неміс ұлты өкілдерінің қауымдастығы басшысының бірінші орынбасары ретінде мен мемлекетіміздің осыған дейінгі алған асулары мен бағындырған белестерін тікелей халық бірлігімен, оны көздің қарашығындай сақтап келе жатқан Президент Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен байланыстырамын. Өйткені, бүгінде азаматтық қоғамның үлгілі институтына айнала білген Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы Елбасымыз-ға тиесілі. Ел заңнамасы мен ортақ талапқа сүйене отырып қызмет ететін ұйым тек немістердің ғана емес, барша қазақстандықтың рухани-мәдени әлеуетін арттырып келеді. Жалпы, республика бойынша ең көп этно-мәдени бірлестік немістерден құрылған. Олардың саны – 49.
Ширек ғасырда біз көп іс тындырдық. Соның ең алғашқысы – елімізден өз тарихи Отанына оралғысы келген неміс ұлты өкілдерінің біразын райынан қайтара алдық. Олардың бәрі де Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатына сенім білдіріп, қолдау танытты. Біздің өңірде табысты еңбек етіп жүргендердің қатарында «Светланд Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Иосиф Шмаль, «Құрылыс консалтинг» мекемесінің басшысы Иосиф Цинк және басқаларын атауға болар еді. Мұнай өндірісі, сауда-саттық, қоғамдық тамақтану, тағы да басқа кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтындар да жетерлік.
Өзім Батыс Қазақстан аймағы бойынша 13 мың адамнан құ-ралған неміс диаспорасына жетекшілік етемін. Әсіресе, жас- тарға бәріміздің де біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бір бөлшегі екенімізді әркез мақтан тұтып, ешуақытта да естен шығармау керектігін айтып, саналарына сіңіріп отыруға тырысамыз. Қай кезде де барша ұлттың баласын кең құшағына сыйдырып, пейілімен аялаған, қамқорлығы мен жақсылығын аямаған қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз.
Рита Өтеуғали